Қоғам

Қарағандыда екі әйел 94 жастағы әжейді алдап, 1 млн теңгесін жымқырып кеткен

Қарағандыда 94 жастағы кейуананың үйіне әлеуметтік қызметкер болып кіріп, 1 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен екі әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: полиция

Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды қолға түсірді. Оқиға маусым айының соңында болған.

Полицияға жүгінген 94 жастағы қала тұрғынының айтуынша, пәтеріне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келген. Олар қарт әжейдің сеніміне кіріп, ескі үлгідегі ақшаларды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған қаражаттың қайда тұрғанын сұраған. Еш күмәнданбаған кейуана жинаған ақшасының орнын көрсеткен. Арада көп уақыт өтпей, бейтаныс әйелдер үйден шығып кеткен соң зейнеткер өзіне тиесілі 1 миллион теңгенің жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият зерделеп, күдіктілердің жүрген бағытын анықтады.

Нәтижесінде олардың жеке басы анықталып, күдіктілер ұсталды. Олар Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктілердің Қарағанды облысы мен еліміздің басқа өңірлерінде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Сайт Әкімшілігі