Қарағандыда Үндістаннан келген студент қаза тапты
Қарағандыда медициналық жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 21 жастағы студент көз жұмды.
«Патриот» басылымының мәліметінше, марқұм Үндістан азаматы болған және медицина университетінің халықаралық медицина факультетінің соңғы курсында оқыған.
Қайғылы оқиға 17 наурыз күні болған. Алайда бұл туралы енді ғана белгілі болып отыр. Басылымға студенттің достары мен курстастары хабарласып, оның қаза тапқанын айтқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, студент өзі тұрған жатақхананың бесінші қабатындағы бөлменің терезесінен құлап кеткен. Ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Ресми түрде марқұмның азаматтығын университет те, полиция да атамады. Бірақ басылым дереккөздері оның Үндістан азаматы екенін хабарлаған. Студенттің денесі туған еліне жіберілген.
Қарағанды облыстық полиция департаменті өлім фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі жетекшісі Бақытжан Құдияровтың айтуынша, іс аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалар өткізілген.
«Жиналған материалдар мен сараптама қорытындылары негізінде қылмыстық іс тоқтатылды», – деді ол.
«Патриот» басылымының жазуынша, полиция оқиғаны жазатайым жағдай деп таныған. Алайда мұндай қорытындының нақты қандай деректерге сүйеніп жасалғаны айтылмады.
Халықаралық медицина факультетінің деканы Қасым Сәрсенбаев наурыз айында мұндай оқиға болғанын растады. Оның айтуынша, студент жатақхананың бесінші қабатынан құлап, биіктен алған жарақаттан қайтыс болған.
Сонымен қатар декан университетте буллинг фактілері жоқ екенін және моральдық-психологиялық ахуал қалыпты екенін мәлімдеді.