Қоғам

Кәсіпкерлерге салынатын салық өңірлерге байланысты өзгермеуі керек

"Ақ жол" фракциясы оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша Қазақстанның барлық өңіріне ортақ мөлшерлеме белгілеуді ұсынды.

Pixabay

Бұл мәселені Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа тәртіп бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінің базалық мөлшерлемесі 4 пайыз болып белгіленген. Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мөлшерлемені қызмет түрі мен нысан орналасқан жерге қарай 50 пайызға дейін төмендетуге немесе көтеруге мүмкіндік берілген.

Осының салдарынан бір өңірдегі кәсіпкер 2 пайыз салық төлесе, басқа аймақтағы дәл сондай кәсіп иесіне 6 пайыздық мөлшерлеме қолданылуы мүмкін.

"Ақ жол" фракциясы мұндай айырмашылық шағын және орта бизнеске қосымша салмақ түсіретінін алға тартып отыр. Салық көлемі артқан сайын кәсіпкердің таза табысы азайып, бизнесті кеңейтуге жұмсайтын мүмкіндігі де төмендейді.

Бұдан бөлек, бірнеше өңірде жұмыс істейтін кәсіпкерлер әр аймақтың мөлшерлемесіне қарай салық есебін бөлек жүргізуге мәжбүр болуы мүмкін. Депутат бұл жағдай бизнестің әкімшілік шығынын көбейтетінін атап өтті.

Ахметжаевтың пікірінше, салық мөлшерлемесіндегі айырмашылық кәсіпкерлердің орналасуына да әсер етуі ықтимал. Мәселен, салық төмен өңірге көшкен кәсіпкер жергілікті сұраныс пен инфрақұрылымнан бұрын салықтық жүктемеге басымдық беруі мүмкін. Бұл ауылдар мен шағын қалалардағы кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне және жергілікті бюджетке түсетін түсімнің азаюына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы оңайлатылған декларация режимі бойынша бүкіл елге 2–3 пайыз аралығында бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді және мәслихаттардың оны өзгерту құқығын алып тастауды ұсынды.

Сонымен бірге депутаттар өңірлердегі салық мөлшерлемелерінің бизнес орналасуына ықпалын зерттеуді сұрады. Талдауда кәсіпкерлердің бір өңірден екіншісіне көшуі, әсіресе ауылдар мен шағын қалалардан облыс орталықтарына қоныс аударуы ескерілуі тиіс.

Фракция шағын және орта бизнес үшін елдің барлық аумағында бірдей негізгі салық шарттарын қалыптастыру мақсатында Салық кодексіне қажетті өзгерістер енгізу мәселесін де қарастыруды ұсынды.

Сайт Әкімшілігі