2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні
Әлеумет

Каспийде қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек жинау үшін арнайы есепшот ашылды

Маңғыстау облысында Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек жинау үшін бірыңғай ресми есепшот ашылды.

Фото: ҚМ

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, кәсіпкерлер мен ұйымдардан көптеген өтініш түскен. Осыған байланысты көмек жинау мен оны отбасыларға жеткізудің бірыңғай тетігі енгізілді.

Қаражат жинау операторы ретінде «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі белгіленген.

Әкімдік қорға түскен барлық қаражат тек қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жұмсалатынын мәлімдеді. Қаражаттың қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Қазірдің өзінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек жинаған.

Әкімдік тұрғындарды жеке тұлғалардың банк карталарына немесе тексерілмеген есепшоттарға ақша аудармауға шақырды.

Ресми реквизиттер:

«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі

БСН: 090140013447

Банк: «Alatau City Bank» АҚ

БСК: TSESKZKA

ЖСК: KZ03998PTB0000488655

Валюта: KZT

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылды. 14 әскери қызметші қаза тапты. 25 қыркүйек таңертең із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.

Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Сайт Әкімшілігі