Әлеумет

Каспийдегі сарбаздар қазасы: желідегі сын жазбаларды өшіру туралы хабарламалар тарады

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуынан кейін әлеуметтік желіде Қорғаныс министрлігін сынаған жазбалар мен видеоларды өшіру туралы талапта

Фото: ЖИ / JasAlash

Кейбір қолданушылар өздеріне полиция өкілі ретінде таныстырған адамдар хабарласқанын мәлімдесе, Qumash парақшасында әскери құрылымдардағы қызметкерлерге видеоларды өшіру жөнінде тапсырма берілгені айтылатын хат алмасудың скриншоттары жарияланды.

"Азаттық" радиосының жазуынша,Темірлан есімді қолданушы өзіне Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласқанын айтқан. Ол бұған дейін Threads желісінде Қорғаныс министрі мен Әскери-теңіз күштері басшылығын сынаған жазба жариялаған.

Жарияланған аудиожазбада қоңырау шалған адам автордың жазбасындағы "трибунал", "ату" секілді сөздерге назар аударып, материалды өшіруді сұрайды. Қолданушы бұған келіспеген. Бұл адамның шынымен полиция қызметкері болған-болмағаны әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Осыған ұқсас тағы бір ақпаратты Qumash Instagram-парақшасы таратқан. Онда мессенджердегі хат алмасуға ұқсайтын бірнеше скриншот жарияланған. Скриншоттардағы хабарламалардың бірінде:

"Жігіттер, Қорғаныс министрлігінің беделіне кері әсер ететін бейнероликтерді өшіру керек", – деп жазылған.

Тағы бір хабарламада басқарма және бөлім басшыларының орынбасарларына осындай видеоларды анықтап, өшіру қажеттігі айтылады. Сондай-ақ "25 қазан – Республика күніне орай Қорғаныс министрі тарапынан көтермелеу болады" деген сөздер кездеседі.

Фото скриншот/1
Фото скриншот/1

Басқа скриншоттарда атқарылған жұмыс бойынша "дейінгі және кейінгі" суреттерді жіберу, кешке дейін нәтиже көрсету талап етілген. Хабарламалардың бірінде "Мен 6 видео, 25 комментарий өшірдім" деген жауап бар.

Алайда бұл хат алмасудың түпнұсқалығы әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ. Скриншоттардағы адамдардың аты-жөні жасырылған.

Фото скриншот/1

Кейін Threads қолданушылары Qumash-тағы осы жарияланымның өшірілгенін жазып, оның скриншоттарын қайта тарата бастады. Желі қолданушылары материалдың не себепті өшірілгенін сұрап жатыр.

Әзірге Қорғаныс министрлігі де, Ішкі істер министрлігі де әлеуметтік желідегі материалдарды өшіру жөніндегі осы мәлімдемелерге ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және "кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. 

25 қыркүйекте ІІМ Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирі ұсталғанын хабарлады.

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бұған дейін қоғамға үндеу жасап, ведомство "жауапкершіліктен жалтармайтынын" және кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын мәлімдеген. 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сарбаз өлімі