ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» ӨМІРІ
Осы жылдың 26 ақпанында «Қайым Мұхамедханов – 110 жыл: ұлт руханияты, ғылым және Абайтану мәселелері» атты халықаралық симпозиум мен «Қайым Мұхамедханов дәрісханасының» салтанатты ашылуы» Абай атындағы ҚазҰПУ-де аталып өтті. Осы шараға орай тың мақала туды.
Абайдың ақындық мектебі мен Абай текстологиясының негізін қалаған, М.Әуезов, Шәкәрім және Алаш арыстарын зерттеген көрнекті ғалым, ақын, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері, Семей, Аягөз қалалары мен Жаңасемей және Абай аудандарының құрметті азаматы Қайым Мұхамедханов (1916-2004) 1951 жылы М.Әуезовтің жетекшілігімен «Абайдың ақындық мектебі» («Поэтическая школа Абая») деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Орысшасын беріп отырған себебіміз тәуелсіздік алғанға дейін ғылыми атақ-дәреже алу үшін жазылған қорғау жұмысы Мәскеудің Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен бекітілетіндіктен, диссертациялық жұмыс пен стенограммасы міндетті түрде орысшаға аударылатын.
1947-1951 жылдар арасындағы Кеңестік идеологияның саяси жазалау науқанына «Абайдың ақындық мектебі» алдыңғы шепке ілінеді. Себебі мұнда басқасын айтпағанда жала жабушылардың пікірі бойынша «ірі феодал Құнанбайдың тұқымы, атақты халық жауы Шәкәрім Құдайбердіұлы» да бар болатын. Негізінде М.Әуезовтің «Абайдың әдеби мектебі», «Абай шәкірттері» деген атауды тұңғыш енгізуі 1930-шы жылдардан басталған-ды. Ол 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналына «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында: «Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы – Абай дүние салған жылы қайтыс болған. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері» деген сөзін желеу етіп, Қ.Мұхамедхановқа «М.Әуезовтің ғылымдағы көлеңкесі» деген айып тағылып, 25 жылға сотталады. Бұл кезде М.Әуезовтің Мәскеуді паналағанын жақсы білесіздер. 25 жылға сотталғандар қатарында тарихшы Ермұхан Бекмаханов, әдебиетші Есмағамбет Ысмайыловтармен бірге Абай атындағы ҚазҰПУ-де өмір бақи ұстаздық еткен менің кандидаттық жұмысымның объектісі академик Қажым Жұмалиев те болды. Жазушы Ғабиден Мұстафин атамыз «Біз ұлтшылдықпен күрестік, сендер ұлтсыздықпен күресіңдер» деген сөзді сол кезде қалай дәл айтқан десеңізші!
Негізі Қ.Мұхамедханов студент күнінен қуғын көрген адам. Себебі әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесіледі. «Халық жауы» болатын себебі – М.Әуезов қана емес, Семейдегі Алаш арыстары түгелге жуық Мұхамедхан үйінде басқосады екен. Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі Қайым дәрісханасында Ахмет Байтұрсынұлының «Бұл бала біздің есімімізді жаңғыртады» деген сөзінің қабырғада жазылып тұруы – осы сөзіміздің айғағы.
1917 жылы Алаш зиялылары Семейдегі «Заречная слободканы» (қазіргі Жаңасемей) «Алаш» қаласы деп жариялап, Мұхамедханның үйін кездесу орны ретінде таңдаған. 1917 жылдардағы Жалпықазақ құрылтайын өткізу, Думаға депутаттар сайлау осы Алаш қаласында талқыланған. Оның сөзге келмей, бірден ату жазасына кесілуінің бір себебі осында. ХХ ғасыр басында М.Дулатов пен Шәкәрім түрмеге түскенде кепілдік беріп шығарып алғандығы туралы да мәлімет бар.
Бай кітапханасы бар орыс, араб, татар тілдерін жетік меңгерген ауқатты адам әлем классикасы ғана емес, сол кездегі газет-журналдарды түгелге жуық алдырып, оқып отырады. 1918 жылы Семейде шыққан «Абай журналы» мен «Сарыарқа» газетін де қаржыландырып тұрған. Халық жауының баласы ретінде Қайым аға Семей педагогикалық институтынан қуылады. Міне, осы кезде әкесінің жақсы досы болған М.Әуезов көмекке келеді. Семей пединститутын экстерн бітіртеді. Оған жай ғана көмек беріп қоймайды, Абайдың өлкелік музейге өткізген заттарына ие болуды тапсырады. Міне, Семейде 1940 жылы осылайша құрылған Абай музейінде Қайым аға ғылыми қызметкер болып жұмысын бастайды. Сол кезде музейге 500-ден аса мұрағат жиналған екен. 1947 жылы мұражай Қ.Сәтбаевтың бұйрығымен қазіргі Қазақ ұлттық академиясының құрамына өткізіледі де Қ.Мұхамедханов директор болып сайланады. 1951 жылы жала жабылған бір мақалада «Музейдегі жәдігерлердің бәрі ескі-құсқы» деп танылады. (Очистить музей от хлама). Бұдан кейінгі жұмысы жоғары оқу орнында сабақ берумен аяқталады.
Құдай оңдап, 1953 жылы И.Сталин (1878-1953) қайтыс болғаннан кейін «Хрущевтің жылымық кезеңі» (хрущевский оттепель, 1953-1964) орнап, бұлардың аман қалуына себеп болады. Соның өзінде тек 1956 жылы 14 ақпанда ССРО-ның ХХ съезінде Сталиннің жеке басына табынушылық айыпталып, Н.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелегеннен кейін ғана бұларға жол ашылады. Қ.Мұхамедханов «ғылым кандидаты» деген атағын бес жылдан кейін, яғни 1956 жылы ресми түрде қайтарып алғанмен, қуғын-сүргінге аямай ұшыраған ғалымның еңбегі тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толықтай жариялана бастады
Атап айтқанда, 1993-1997 жылдары «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 кітаптан тұратын зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл басылымға Абай мектебінің талантты шәкірттері Алаш арыстарынан бастап, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай, Көкбай, Әубәкір, Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Тайыр, Ыдырыс және т.б. ақындар туралы Қ.Мұхамедхановтың көлемді зерттеулері жарияланды. Ал Қ.Мұхамедхановтың 1959 жылы «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» туралы жазған ғылыми еңбегі Абайтануға қосылған зор үлес болды. Мұнда ғалым Мүрсейіт қолжазбасымен әр жылдары шыққан Абай жинақтарын салыстыру арқылы Абайтануға зор жаңалық әкелді. Қ.Мұхамедхановтан кейін бұл мәселе жүйелі түрде зерттелді деп айту өте қиын. Себебі бұл – инемен құдық қазғандай, шұқшия оқуды талап ететін өте ауыр шаруа.
Қ.Мұхамедхановтың Мүрсейіт қолжазбасына енбей қалған Абай өлеңдерін тауып, жинаққа енгізудегі еңбегі де зор. Мәселен, Абайдың «Түбінде баянды еңбек егін салған» деген бір шумақ өлеңін Семейде тұратын Ташмұхамбет Бәшібаев деген қарияның өз аузынан жазып алған. Абай елінен Белағашқа (Семей облысына қарасты басқа ауданның аты) көшіп келіп, егін салумен айналысқан Ташмұхамбеттің осы кәсіппен аты шыға бастағанын естіген Абай онымен бір кездескенде «Түбінде баянды еңбек егін салған» деген бір ауыз ризашылық сөзін арнапты.
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, –
деп Абай билік, мансапты ғана армандамай, адал еңбекке ұмтылуға үндейтін бұл өлеңі алғаш рет С.Мұқанов құрастырып, алғы сөз жазған 1945 жылғы жинақта жарияланған.
Қ.Мұхамедханов «Абай төңірегіндегі ақындар» деген мақаласында: «Халықтың әдемі ән, әсерлі күй, асыл сөзінің терең сырына қанып, жоғары бағалаушы Абайдың алдына келіп ақыл алып қайтуды, үлгі-өнеге үйренуді әрбір өнер иелері аңсаған. Толып жатқан ақындар Абайды алыстан іздеп келіп, айлап жатып, өз өнерлері жөнінде сын естіп, насихат, ақыл алып кетіп жүрген. Осы ретпен Біржан сал айлап Абай ауылында жатып ән салған. Әсет, Мұқалар, Әлмағамбеттер Абай ауылының адамы болып кеткен. Ақын әйел Қуандық өмір бойы Абаймен қарым-қатынасын үзбей кеткен... Абай төңірегіндегі ақындар Абай дәстүріне кір жұқтырмай, Абайдың асыл мұрасын мәдениетіміздің алтын қорына әкеліп қосты», – деп жазады. Ғалым Ш.Құдайберді туралы зерттеуінде «Шәкәрімнің өмірі – өлеңінде» деп «Мұтылғанның өмірі» шығармасын ғұмырбаяндық дастан тұрғысында талдайды.
М.Әуезовтің тапсырмасымен 1940 жылдары жазған Қабанбай батыр туралы жазған зерттеуі де 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихы» жинағына енбей, архивте 46 жыл жатады. Бұл туралы ғалымның өзі былай деп жазады: «1945 жылы ол кездегі КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томын даярлау жұмысын қолға алған болатын. Сол жылы Мұхаңның шақыртуымен Алматыға келіп, әдебиет тарихының бірінші кітабын жазу жұмысына мен де қатысатын болдым. Кітаптың «Тарихи жырлар» атты бірінші бөліміне кіретін Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырларға арналған халық жырлары туралы жазу маған тапсырылды... Содан үш жылдан кейін 1948 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы, І том» басылып шықты, бірақ «Қаракерей Қабанбай батыр да», «Қанжығалы Бөгенбай батыр да» кітапқа кіргізілмепті. Кейінірек «Бұл қалай?» деп Мұхаңнан сұрап едім, «Қайтесің. Қалай дерің бар ма, жоғарғы орындағылар сенің Қабанбайыңды да, Бөгенбайыңды да тарихқа кіргізіп, дәріптеу керек емес деп тапты. Болды» деп қысқасынан қайырды да қойды. Сонан кейінгі қилы-қилы заманда «байтал түгіл бас қайғы» болды. 1948 жылы шыққан, редакциясын Мұхтар Әуезов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихының» өзі де «зиянды кітап» деп таңбаланды… Сөйтіп, Б.Абылқасымовтың мақаласынан өзімнің 1945 жылы жазған мақалам Қазақстан Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы екендігін білдім», – дейді. Кейінірек, нақтылай айтсақ, 1991 жылы бұл зерттеудің көшірмесін Қайрат Раев авторға арнайы апарып береді.
Негізі бұл Қабанбай батыр туралы жазылған алғашқы зерттеу болатын. Қабанбай батыр зерттеуімен қайта қауышқан Қайым Мұхамедханов 1991 жылы «Қаракерей Қабанбай» деген еңбегінде «тарихтық қағида сақталмаса, аңыздан аңыз туындап, шындықтың шырқы бұзылады» деп шеттегі қандас бауырларымыздың «Қабанбай туралы алғашқы зерттеу» деп танылып жүрген еңбектерінде шындыққа қайшы келетін өрескел қателіктерді атап көрсетеді. 2005 жылы «Қабанбай батыр» кітабында Болатжан Абылқасымов та Қайым пікірінің дұрыстығын растайды. Ал Қытайдағы Қабанбай батырдың зерттелуіне келсек, ондағы оқтын-оқтын жүргізілген мәдени реформалардан көз ашпаған қазақ зиялыларының Мао өлгеннен кейін ғана, дәлірек айтқанда, 1980 жылдардан бастап еңсесін тіктей бастағанын еске саламыз. Қазақстанда да қабанбайтану жұмысы тек тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романы шыққаннан бастап түбегейлі зерттеле бастады.
Қайым Мұхамедхановтың тағы бір қыры, 1883 жылы негізі қаланған Семейдің қазіргі облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі қоғамдық мұралар туралы 1940 жылдардан бастап мәселе көтеріп, дабыл қағуы дейміз.
Патша өкіметі саяси қуғын-сүргінмен жер аударылған интеллигент эмигранттарды жергілікті халықтың мәдени әлеуетін жете білу үшін кезінде өз мақсаттарына жіті пайдалана білген. Өйткені басшы қызметкерлер өздері «жабайы» санаған шалғайда жатқан халықтың арасына айлап баруға құлқы болмаған. Сондықтан өлсе сұрауы жоқ айыпты эмигранттарды өз жұмыстарына пайдаланған. Бұл тұрғыда поляк эмигранты Адольф Янушкевичтің «Барлық байлардан Құнанбайға жан жетпейді. Үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» деп баға берген «Күнделіктер мен хаттар» кітабын еске түсірейік. Негізі бұлар өкімет тапсырмасымен барса да, қазақ туралы сол кездегі шын, шынайы пікірді айтып кете алған, елінен амалсыз қуылған қасіретті оқымысты азамат тұлғалар еді...
Тақырыпқа орай сол кезеңнің нақты бір мысалы – 1869 жылдан бастап Семейдегі статистика комитетінде көмекші боп жұмыс істеген Евгений Михаэлисті (1841-1913) 1878 жылы Семей қаласында құрылған облыстық статистика комитетінің төрағасы етіп сайлауы. Оның комитет құрамын жинаған кезде өзінің досы Абайды да мүшелікке тартқаны тарихтан белгілі. Патша өкіметі музей қорының жиналуына, экспедициялық сапарға шығуына арнайы ақша бөлмеген. Сондықтан оқымысты физик-математик, өлкетанушы Михаэлистің – Абай сияқты комитет жарнасын қиналмай төлей алатын көзі ашық байларды спонсор ретінде жұмысқа тартуы заңды құбылыс. Осының нәтижесінде облыстың тарихи-әлеуметтік жағдайына байланысты музейге негіз болған ғылыми мағлұматтар, заттық мұралар, баспасөз материалдары жинақтала бастайды. Қайым Мұхамедханов музейдің этнографиялық бөліміне жауапты болған дәрігер-хирург Нифонт Долгополовтың (1857-1922) Абай арқылы музейге 50-ден астам этнографиялық заттар өткізгенін атап көрсетеді. «Абай жолы» романында Долгополовтың Абай ауылында бірнеше айлап жататын себебінің бір жағында осындай тарихи негіз бар.
Ғалым 1941-45 жылғы орыс-герман соғысына дейін музей экспонаттары жақсы сақталғанмен, бұдан кейінгі жылдары заттардың музей экспозициясында жүйесіз, әр жерде тұрғандығын, көпшілігі тозғындағанын, кейбірінің жоғалып кеткенін ашына жазады. Сол тұста музейдің этнографиялық бөлімі жойылып кеткен мұраларға іздеу салу керек деген баспасөзде мәселе көтереді.
Нақтылы бір мысал келтірейік: Абайдың бір-ақ рет емес, әр кезде әртүрлі зат әкеліп, музей қорын байытып отырғандығын айта келіп: «1893 жылы 15 ноябрьде музейге табыс еткен бір нәрсесі – күміс шабылып, әшекейленген жақсы айбалта. Ол қолды болған. Сол айбалтаның бір жақ бетінде қару иесі Оралбаев Барлыбай, екінші жағында ұстаның аты аталған: «Қорғанбай соққан» деген жазулары бар болған. Бұл із-түзсіз жойылып кететін нәрсе емес. Бір кезде көрсеқызарлық жасаған, жеңіл ойлы біреудің қолына түсіп кеткен болса, бұл экспонат музейге қайтарылуы керек. Абай ауылынан музейге түскен заттардың ішінен, қазір экспозицияда тұрған, оюлы сүйек қақталған әдемі кішкене кебеже ХХ жылдардың аяғында Қазақстан астанасында көрмеде көрсетіліп, қайтадан Семей музейіне әкелінген. Сол жылы астана шеберлері, XIX ғасырдың аяғында Абай ауылынан келген кебежені өздерінің қолөнерінен шыққан деп, көзбояушылық жасаған. Кебеженің іші-тысын қызыл жібекпен, барқытпен сәндеп, сыртына Алматы шеберлерінің қолынан шыққан деген жалған үғым беретін сөз жазған», – дейді. (Ертіс өңірі, 2005. 11 тамыз. 12 б.).
Әлбетте бұл нәрсе билік қолында тұрған адамдарға жақпайды. Десе де, қаламгер өз алған бағытынан жаңылмады, себебі не десек? Қайым аға, өмірде адамзатқа қажет нәрсемен күресудің ғажайып дүние екенін түсіне білгендігінде екен ғой...
Музей экспонаттарымен ес білгеннен бері жақсы таныс болған Қайым Мұхамедхановтың 1940 жылы Семейдегі Абай музейінің де ұйымдастырылуына ұйытқы болып, қасиетті мұралардың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ақын, сазгер, сатирик Қажытай Ілиясұлының көзі тірісінде мен Қайым ағамен бірнеше рет дастарқандас болдым. 1991-92 жылдары Жарбұлақтағы Алакөлге демалуға бардық. Қайым аға қайтуға жиналған екен. Жарбұлақ ауылындағы бір ақынның үйінде қонақта болғанымызда Қайым аға Қажытайға қарап: «Мен жастайымнан өлең жазуға өте құмар болдым. М.Әуезов Семейге келген сайын біздің үйге соқпай өтпейді. Өлеңдерімді оқып берем. Үндемейді. Содан тағы бірде жатып кеп ұрысты: «Сен не Мағжаннан асам деп отырсың ба, көп сөзді қой да ғылыммен айналыс» деді. «Содан ғылыммен түбегейлі айналысып кетсем де, өлең жазатынымды қоя алмадым ғой» деп күлген еді.
Қ.Мұхамедханов 1943 жылы «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын Мемлекеттік гимннің сөзін жазып, жеңімпаз атанады. Гимн сөзіне Ғ.Мүсірепов пен Ә.Тәжібаев та араласқан. 1945 жылдан ресми орындала бастаған бұл әнұран тәуелсіздік алғанға дейін айтылды.
Ғалым Рахманқұл Бердібаев: «Қайымның көпқырлы, жан-жақты талантын әр қырынан жеке-жеке зерттеу қажет» деген сөзді тегін айтпаса керек. «Алдымда ақын Абай – темірқазық» ғалымның өзі айтқандай, Ақылбек Манабаев «Жан аға» деген өлеңінде:
Арманы болған талайдың,
Шалқыған шалқар ақ айдын.
Тағылым алған ұстазсың,
Сөзінен ұлы Абайдың, –
деп ғалым келбетін дәл көрсетеді. Төрт шумақтан тұратын бұл өлеңге композитор Теміржан Базарбаев ән шығарыпты.
1951-1955 жылдары «Карлаг» лагерінде ауыр азап шексе де ғалым Н.Карамзиннің «Бедная Лиза» повесін өлеңмен тәржімалап, «Сормаңдай Лиза» деген эпикалық көлемді поэма жазады. Бұл Абайдың:
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді тағдыр жоқ қайта келмек», –
деген тәлімін берік ұстанып, уақытты қадірлей білгендігінің белгісі.
Қазақ әдебиеті тарихында Абай Лермонтовтың «Вадим» повесін, Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» романын «Дубровский әңгімесі» деген атпен өлеңмен аударғаны жұртқа белгілі. Бұл тұрғыда Қ.Мұхамедхановтың «Сормаңдай Лизасы» – бұл салаға қосылған үшінші үлес.
Өкініш, өксуменен өткен өмір,
Енді айналып келмеске кеткен өмір.
Ауыр жүгін арқалап кәріліктің,
Сексеннің төртеуіне жеткен өмір, –
деп абайтанушы ғалым өзі айтқандай, 88 жыл саналы ғұмыр кешкен «Алаштың көзі, Алаштың соңғы тұяғы» (Герольд Бельгер) Қайым Мұхамедхановтың есімі ардақтала беретініне сенім – кәміл.
Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы