«Қайрат» футбол клубы Канье Уэстің Алматыдағы концертіне қатысты мәлімдеме жасады
Алматының «Қайрат» футбол клубы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэстің концерті өтетіні туралы тараған ақпаратқа байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Клубтың хабарлауынша, 14 тамызға жоспарланған концертті өткізу күні әзірге «Қайратпен» келісілмеген. Себебі осы кезеңде команда Қазақстан Премьер-лигасы мен еурокубок аясындағы маңызды кездесулерін дәл осы стадионда өткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан чемпионатының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері өз алаңындағы матчтарын өткізеді. Сондай-ақ 11–13 тамыз аралығында еурокубоктағы ықтимал үй ойыны да жоспарланған.Клуб өкілдері мұндай ауқымды концертті ұйымдастыру сахна мен техникалық жабдықтарды бірнеше күн бойы орнатып, кейін бөлшектеуді қажет ететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде футбол алаңының сапасына, стадион инфрақұрылымына және ресми матчтарды өткізуге дайындыққа кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты «Қайрат» футбол клубы Орталық стадионда кез келген ірі мәдени іс-шара бекітілген футбол күнтізбесі ескеріліп, барлық мүдделі тараптардың келісімінен кейін ғана ұйымдастырылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Сондықтан клубтың айтуынша, барлық келісу рәсімдері аяқталмайынша, 14 тамызда Канье Уэстің концерті дәл Орталық стадионда өтеді деп жариялау әзірге ерте.