Live

«Қазақмыс» кенішінде жеті адамның қаза табуына қатысты іс сотқа жолданды

Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде жеті кеншінің қаза табуына байланысты қозғалған резонансты қылмыстық іс сотта қаралады.

Фото: из открытых источников

Сот алдында кәсіпорынның үш қызметкері жауап береді. Олар Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша айыпталуда.

Істі Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық сотының судьясы Назарбек Күзенбаев қарайды. Негізгі сот отырысы 3 шілдеге белгіленген.

Еске салсақ, бұған дейін Үкімет «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деген қорытынды жасаған еді.

Үкіметтің мәліметінше, апатқа жарылыстан қорғалмаған электр жабдығынан шыққан ұшқынның газ-ауа қоспасын тұтандыруы себеп болған. Ал метанның қауіпті мөлшерде жиналуы тау-кен қазбасындағы тектоникалық бұзылыстың салдарынан жарықтар арқылы газдың бөлінуінен туындаған.

Сонымен қатар, апатқа:

  • желдету жүйесінің тиімсіздігі;

  • шахтадағы метан мөлшерін дер кезінде бақыламау;

  • қауіпсіздік талаптарының сақталуын өндірістік деңгейде тиісті бақылаудың болмауы да әсер еткені айтылды.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдары тергеу жүргізді.

Еске салайық, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде опырылудан кейін жұмысшылармен байланыс үзілген болатын. Кейін «жедел желі» іске қосылды. 18 ақпанда барлық жеті кеншінің мәйіті табылды.

«Қазақмыс» корпорациясы бастапқыда қайғылы оқиғаның себебі табиғи газдың жарылысы болуы мүмкін деген болжам айтып, кеніштің опырылуы нұсқасын жоққа шығарған еді.

Оқиға орнына Үкімет комиссиясы мен Төтенше жағдайлар министрі барды. 19 ақпанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев апаттың нақты себебі 10 күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтып, 20 ақпанда өндірістік қауіпсіздік мәселесін қатаң сынға алды.

Ал 21 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің сынынан кейін өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

5 наурызда Үкімет комиссиясы апаттың негізгі себебі ретінде тау-кен қазбасында метанның жиналып, электр жабдығынан шыққан ұшқынның әсерінен жарылғанын атады.

Ал 21 наурызда Премьер-министрдің депутаттық сауалға берген жауабында «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екені ресми түрде расталды.

Сайт Әкімшілігі