Қазақстан Азия чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды
13 маусымда Қытайдың Сюйчжоу қаласында триатлоннан 2026 жылғы Asia Triathlon Super Sprint Elite, Youth & U15 Championship Азия чемпионаты өтті.
Құрлықтық біріншілікке Азияның ең мықты спортшылары Elite, Youth және U15 санаттары бойынша қатысты.
Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды.
Астана қаласының өкілі Рамазан Айнегов U17 санатында Азия чемпионы атанды. Ол суперспринт қашықтығын 25 минут 49 секундта бағындырды. Қазақстандық спортшы алтын медаль үшін тартыста жапониялық Канта Инены небәрі бір секундқа озып кетті (25:50). Қола жүлдені қытайлық Динхань Чжоу иеленді (26:11).
Қазақстан құрамасының табысын Ақмола облысының спортшысы Ясмина Бузуртанова жалғастырды. Ол U15 жас санатында Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Қазақстандық спортшы мәреге 30 минут 56 секундта жетіп, күміс жүлдегер қытайлық Цзыхань Яннан үш секунд бұрын келді. Үшінші орынды тайландтық Питчанарт Срипиром иеленді (31:01).
Жарыстың екінші күні, 14 маусымда Қазақстан құрамасы аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алды.
Құрама сапында Алуа Нұрмұхамет (Астана), Гор Депершмидт (Ақмола облысы), Калерия Шнейдер (Шымкент) және Әлхам Мұрат (Түркістан облысы) өнер көрсетті.
Бұл нәтиженің маңыздылығы – команданың Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген спортшылардан жасақталуында. Астана, Ақмола және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының өкілдері бір команда болып жарысып, ұйымшылдық пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетті.
Қазақстан триатлон федерациясының мәліметінше, мұндай тәсіл отандық триатлонды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі саналады және ұлттық құраманы қалыптастырудағы ұзақмерзімді стратегияның нәтижесін көрсетеді.
Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жас спортшылардың жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп, Азиядағы позициясын нығайтты.
Қазақстан триатлон федерациясы Рамазан Айнеговті, Ясмина Бузуртанованы, Алуа Нұрмұхаметті, Гор Депершмидтті, Калерия Шнейдерді, Әлхам Мұратты және олардың бапкерлерін Азия чемпионатындағы жоғары нәтижелерімен құттықтады.