Қоғам

Азия ойындарына Қазақстаннан 558 спортшы қатысады

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына 45 елден шамамен 15 мың спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасы құрлық додасында спорттың 35 түрінен сынға түседі. Ел намысын барлығы 558 спортшы қорғайды.

Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарына 1994 жылы Хиросимада алғаш рет дербес делегация ретінде қатысты. Содан бері отандық спортшылар құрлықтың басты додасына тұрақты түрде қатысып келеді. Олар жеңіл атлетика, бокс, жүзу, ауыр атлетика, күрес, дзюдо, ескек есу және басқа да спорт түрлерінен жүлде иеленіп жүр.

Қазақстан үшін Азия ойындарындағы медаль саны бойынша ең жоғары көрсеткіш 2006 жылы Дохада тіркелген. Сол кезде спортшылар 23 алтын, 19 күміс және 43 қола медаль жеңіп алып, жалпы 85 жүлде еншіледі. 2014 жылы Инчхонда Қазақстан қоржынына 84 медаль түсті. Ал 2022 жылы Ханчжоуда өткен ойындарда ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 11-орын алды.

Биылғы додаға дайындық жыл басынан бері кезең-кезеңімен жүргізілді. Спортты дамыту дирекциясының ұйымдастыруымен 226 оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар 68 спорт түрінен 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде әлем чемпионаттары, Әлем кубогының кезеңдері, Азия чемпионаттары және халықаралық турнирлер бар.Құрама дайындығын күшейту үшін 11 елден 24 шетелдік маман 13 спорт түріне тартылды. Олар отандық жаттықтырушылармен бірге жұмыс істеп, спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға атсалысты.Жоғары жетістіктер спортын ғылыми тұрғыда сүйемелдеу үшін Performance Hub платформасы да пайдаланылуда. Мұнда спортшылардың физикалық және функционалдық жағдайы кешенді бағаланып, жаттығу циклдері ғылыми деректер негізінде жоспарланады. Бұл тәсіл жаттығу тиімділігін арттырып, жарақаттың алдын алуға бағытталған.

Биыл спорттық білім беру жүйесінде де жаңа бағыттар енгізілді. Бұған дейін мамандар негізінен «Дене шынықтыру» бағыты бойынша даярланса, енді жаттықтырушылық қызмет, әдістеме, оңалту, инклюзивті және цифрлық спорт бойынша арнайы бағдарламалар іске асырылып жатыр.

Қазақстан құрамасының биылғы дайындығындағы ерекшеліктің бірі – қорытынды оқу-жаттығу кезеңінің бір бөлігінің жарыс өтетін елде ұйымдастырылуы. Қазіргі таңда спортшылардың шамамен 80 пайызы Жапонияда жаттығып жатыр. Бұл оларға уақыт белдеуі мен климатқа алдын ала бейімделуге мүмкіндік береді.

Азия ойындарына арналған спорттық киімді жапондық Mizuno компаниясы әзірледі. Дизайн жарыстың жалпы стилистикасы мен логотипіне сәйкес таңдалған. Экипировканы таңдау бойынша министрлік, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, спорт федерациялары мен танымал спортшылардың қатысуымен арнайы жиын 1 шілдеде өткен.

Сонымен қатар биыл Қазақстанда халықаралық жарыстарға баратын спорттық делегацияларды қалыптастырудың бірыңғай нормалары алғаш рет бекітілді. Енді делегация құрамы спортшылар санына қарай жасақталып, негізгі басымдық жаттықтырушыларға, дәрігерлерге, массажистерге және спортшылардың дайындығы мен қалпына келуіне тікелей жауапты мамандарға беріледі.

Қазақстан Азия ойындарына дайындық барысында халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты да күшейтіп келеді. Өткен жылы елге 19 халықаралық федерация мен ұлттық олимпиада комитетінің басшысы келген. Қазіргі таңда 38 қазақстандық маман тек олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық ұйымдардың мүшесі болып отыр.

Сайт Әкімшілігі