Live

Қазақстан бала құқығы бойынша әлемнің үздік 25 елі қатарына енді

Қазақстан бала құқықтары жөніндегі KidsRights 2026 жаһандық индексінде 24-орынға ие болды. Елдің көрсеткіші – 0,797 балл. Осылайша Қазақстан балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету деңгейі ең жоғары әлемнің үздік 25 мемлекетінің қатарына енді.

Фото: из открытых источников

KidsRights 2026 индексін KidsRights Foundation мен Erasmus University Rotterdam бірлесіп әзірледі. Зерттеу БҰҰ-ның Балалар құқықтары туралы конвенциясына қатысушы 194 мемлекетті қамтыды.

Индекс балалардың жағдайын бес негізгі бағыт бойынша бағалайды: өмір сүру деңгейі, денсаулық сақтау, білім беру, құқықтарын қорғау және қолайлы өмір сүру ортасы.

Рейтингте Нидерланд 0,871 баллмен тағы да көш бастады. Қазақстан 24-орынға тұрақтап, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азиядағы бірқатар елдерді басып озды.

Посткеңестік мемлекеттер арасында Молдова – 32-орында, Украина – 36-орында, Грузия – 51-орында, Әзербайжан – 60-орында, Армения – 70-орында тұр. Қырғызстан 82-орынға, Тәжікстан 92-орынға, ал Өзбекстан 96-орынға жайғасты.

Зерттеу авторларының айтуынша, KidsRights индексі балалар құқықтарының сақталу деңгейін бағалайтын негізгі халықаралық құралдардың бірі саналады. Ол мемлекеттердің осы саладағы саясатының тиімділігін талдауға және қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, KidsRights индексі алғаш рет 2013 жылы жарияланған. Содан бері ол үкіметтер мен халықаралық ұйымдар үшін балалардың жағдайын бағалау және әлеуметтік саясатты жетілдіруде маңызды бағдарға айналды.

Қазақстанның рейтингтегі жоғары орны елдегі балалардың құқықтарын қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстың тұрақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: бала құқығы