Live

Қазақстан «Газпром» мен «Нафтогаз» дауына қатысты соттың шешімін орындамайды

Қазақстан әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының «Газпром» мен «Нафтогаз» арасындағы дауға қатысты шешімі Қазақстан аумағында орындалмайтынын мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

Әңгіме АХҚО сотының бұған дейін Швейцарияда қабылданған арбитраж шешімін тану туралы сот бұйрығы жөнінде болып отыр.

Министрдің айтуынша, АХҚО сотының бұйрығы жауапкердің қатысуынсыз, біржақты тәртіпте шығарылған. Сондықтан ол түпкілікті шешім болып саналмайды және заңды күшіне енбеген.

Сәрсембаевтың сөзінше, жауапкер белгіленген мерзім ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы өтініш бере алады. Одан кейін іс екі тараптың қатысуымен толық қаралуы тиіс.

«Қазіргі кезеңде қандай да бір орындау туралы айту ерте», – деді министр.

Сонымен қатар ол Қазақстан құқықтық байланысы жоқ шешімдерді орындауға арналған транзиттік алаңға айналмайтынын атап өтті.

Министрдің айтуынша, бұл дауда АХҚО-мен байланысты негізгі юрисдикциялық негіздер жоқ. Атап айтқанда:

  • «Газпром» АХҚО қатысушысы емес;

  • даулы мәміле АХҚО аясында жасалмаған;

  • дау АХҚО құқығымен реттелмейді;

  • тараптар дауды АХҚО сотында қарау туралы келісім жасамаған.

Сәрсембаев «Астана халықаралық қаржы орталығы туралы» конституциялық заң АХҚО сотының юрисдикциясын нақты даулармен шектейтінін еске салды.

Министр сондай-ақ Қазақстан 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына қатысушы болғанымен, шетелдік арбитраж шешімдерін орындау мемлекет ішіндегі процессуалдық нормалар бойынша жүзеге асатынын айтты.

Қазақстанда бұл мәселелер Азаматтық процестік кодекспен реттеледі. Кодекстің 503-бабына сәйкес, мәжбүрлеп орындату туралы өтініш:

  • дауды қараған жердегі сотқа;

  • заңды тұлға орналасқан жерге;

  • немесе борышкер мүлкі орналасқан жердегі сотқа беріледі.

Министр «Газпромның» орналасқан жері белгілі екенін және бұл процессуалдық талапты елемеуге болмайтынын айтты.

Сондай-ақ Сәрсембаев АХҚО сотына жүгіну автоматты түрде оның юрисдикциясы бар дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, процесс әлі аяқталған жоқ және сот екі тараптың да ұстанымын тыңдауы керек.

Әділет министрлігі қазіргі кезде Қазақстан заңнамасына шетелдік арбитраж шешімдерін тану және орындау мәселесіне қатысты өзгерістер әзірленіп жатқанын хабарлады.

Еске салсақ, «Газпром» мен «Нафтогаз» арасындағы дау 2019 жылғы Ресей газын Украина арқылы транзиттеу туралы келісімге байланысты туындаған.

2022 жылы соғыс басталғаннан кейін «Сохрановка» газ тарату станциясы арқылы транзит тоқтағанымен, жеткізу «Суджа» пункті арқылы жалғасқан.

«Нафтогаз» осыдан кейін «Газпром» келісім бойынша қызмет ақысын толық төлемеді деп мәлімдеген.

2022 жылдың қыркүйегінде украиналық компания Швейцарияда арбитраждық процесс бастаған.

2025 жылдың маусымында швейцариялық арбитраж «Газпромды» «Нафтогазға» газ тасымалдау қызметі үшін 1,4 млрд доллар қарыз төлеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттеген еді.

Сайт Әкімшілігі