Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы басталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуын елдің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды қадамы деп атады. Оның айтуынша, бұл орган конституциялық мәртебесі бар бірегей институт ретінде мемлекет өмірінде ерекше орын алады.
«Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен аяқталды деп айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, саяси жаңғыру үдерісі осыдан бір жыл бұрын басталған. Былтырғы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерген. Бұл ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтардан мыңдаған пікір мен ұсыныс түскен.
Президенттің сөзінше, қоғамдық талқылаулар нәтижесінде кейінгі 30 жылдағы ең ауқымды конституциялық реформалардың бірі жүзеге асты.
Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Тоқаев бұл оқиғаның халықаралық қауымдастықтың да назарын аударғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі тұрақсыздық жағдайында жаңа Конституцияның қабылдануын сирек кездесетін тарихи оқиға ретінде сипаттады. Оның айтуынша, бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстандағы өзгерістерді маңызды саяси қадам ретінде бағалаған.
Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту бағытындағы жұмыстардың жалғасы екенін атап өтті.