спорт

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарын сегіз медальмен аяқтады

Қазақстан құрамасы Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарын аяқтады, деп хабарлайды ҰОК.

Никита Басов, ҰОК

Ұлттық құраманың еншісінде сегіз медаль бар. Оның біреуі – алтын жүлде.

Алтын медальді 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбеков жеңіп алды.

Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел намысын Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай қорғады.

Джиу-джитсу құрамасы алтыннан бөлек, тағы үш қола медаль еншіледі. Батыр Теңізбай (62 келіге дейін), Әлинұр Қуатұлы (69 келіге дейін) және Сейілхан Болатбек (77 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді.

Қазақстан су добынан ерлер арасында өткен бәсекеде қоржынға тағы бір қола жүлдені салды. Жүлдегерлер қатарында Темірлан Балфанбаев, Сұлтан Шонжігітов, Мұрат Шәкенов, Эдуард Цой, Руслан Ахметов, Александр Еремин және Алдияр Әкімбай бар.

Спорттық құзға өрмелеу шеберлері Азия ойындарын екі медальмен түйіндеді. Ришат Хайбуллин жекелей сында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Ришат пен Рашид Хайбуллиндер эстафетада да үшінші орынға жайғасты.

Сондай-ақ Қазақстан бұл додада ашық суда жүзу және акватлоннан аралас командалық сайыста, сондай-ақ, жағажай күресінен Ермахан Көшкінбаев (80 келіге дейін), Бейбіт Сейдуәлі (70 келіге дейін) және Алина Ертөстік (70 келіден жоғары) төртінші орын алды. Бесінші орынға Дарын Қонысбаев (акватлон), джиу-джитсу шеберлері Мансұр Хабибулла (62 келіге дейін), Жібек Құлымбетова (52 келіге дейін) және Ажар Салықова (63 келіге дейін) тұрақтады. Жалпы Қазақстан спортшылары тоғыз спорт түрінде бақ сынады.

Айта кетейік, жағажайдағы Азия ойындары 30 сәуірде аяқталады. Соңғы жүлделер гандболдан әйелдер арасындағы бәсекеде сарапқа салынады.

Сайт Әкімшілігі