Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарында 32 алтын медальға қол жеткізді
Қазақстан құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алтын медаль саны 32-ге жетті.
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы қоржынын кезекті жүлделермен толықтырып, алтын медаль санын 32-ге жеткізді», – делінген хабарламада.
Алтыншы жарыс күнінде спортшылар көкпар, көк бөрү, тоғызқұмалақ, мангала және овари бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Зияткерлік спорт түрлерінен жарыстар Ойындардың алғашқы күнінен басталған. Тоғызқұмалақтың шешуші кезеңдерінде Қазақстан өкілдері төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
Мангала сайысында қазақстандық спортшылар екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.
Қазақстан құрамасы Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны – овариден де бір жүлдеге қол жеткізді.
Бұған дейін көк бөрү мен көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан жеңілген еді.