Live

Қазақстан мен Ресей шекарасында 160-қа жуық жүк көлігі тұрып қалды

Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» автомобиль өткізу бекетінде Қазақстаннан Ресейге бағыт алған 160-қа жуық жүк көлігі кезекте тұр.

Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, көліктердің жиналуына Ресей жағындағы «Сагарчин» өткізу бекетінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған. Жол жабыны ауыстырылып жатқандықтан, көлік қозғалысы бір жолақпен кезек-кезек ұйымдастырылған. Соның салдарынан бекеттің өткізу мүмкіндігі төмендеп, шекарадан өту уақыты ұзарған.

«Жайсаң» өткізу бекеті жұмысын жалғастырып жатыр. Қазақстанның мемлекеттік органдары көлік ағынын реттеп, жүк көліктерінің бір бөлігін көршілес өткізу бекеттеріне бағыттауда. Электронды кезектегі қолжетімді орын саны Ресей тарапының өткізу мүмкіндігіне қарай реттеліп отыр.

Жүргізушілерге шекарадағы кідірістер туралы ескертіліп, сапар бағытын жоспарлау кезінде қазіргі жағдайды ескеру ұсынылды.

Ресейдің «Росгранстрой» мекемесінің ресми мәліметінше, «Сагарчин» өткізу бекетіндегі асфальт  пен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары 1 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

Осы уақыт аралығында көлік қозғалысы бір жолақпен кезек-кезек жүзеге асатындықтан, шекарадан өтудегі қиындықтар ай соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ресей шекара