Қазақстан Ресей мен Қырғызстанға бензин жеткізе ме: Энергетика министрлігі жауап берді
Қазақстан Энергетика министрлігі елдің жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) Ресей мен Қырғызстанға жеткізуі мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, қазір еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Министрлік жанармай өндірісі, қорлары және жеткізілім көлемін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сондықтан ықтимал экспортқа қатысты барлық шешімдер алдымен ішкі нарықтың қажеттілігі ескеріліп барып қабылданады.
«Экспортқа қатысты барлық шешімдер өндіріс пен тұтыну теңгеріміне, сондай-ақ ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға қарай қабылданады», – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Ресейге бензин жіберу мәселесі
Министрлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуді жоспарлап отыр деген ақпаратты да жоққа шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, үкіметаралық келісімдер аясында мұндай шешім қабылданған жоқ.
Сонымен қатар министрлік шетелдік мемлекеттерден немесе компаниялардан ресми өтініш түскен жағдайда оны қарастыру мүмкін екенін, алайда кез келген шешім Қазақстанның ішкі нарығы толық қамтамасыз етілгеннен кейін ғана қабылданатынын атап өтті.
Осыған байланысты Павлодар мұнай-химия зауыты мен «Конденсат» зауыты арасында ықтимал экспорт көлемін бөлу мәселесі әзірге күн тәртібінде жоқ.
Қырғызстанға жеткізу мәселесі
Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізуге қатысты министрлік нақты жауап берді.
«Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік алдағы уақытта да мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды қатаң бақылауды жалғастырып, ең алдымен Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге басымдық берілетінін атап өтті.