Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуі мүмкін
Қазақстан Ресейге 50 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин жеткізуге дайын. Бұл туралы саладағы төрт дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, жанармай Павлодар мұнай-химия зауыты мен Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі мүмкін. Алайда бұл өнім қазақстандық зауыттарда Ресейдің «Татнефть» компаниясы жеткізетін шикізаттан өндірілмек.
Егер келісім жүзеге асса, жеткізілімдер шілде–тамыз айларына жоспарланған. Бұған Ресейде украиналық дрондардың шабуылынан кейін бірқатар ірі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтап, жанармай тапшылығының туындауы себеп болған. Соның салдарынан Ресейде жанармай бағасы өсіп, кейбір өңірлерде тапшылық пен жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды.
Осы жағдайды еңсеру үшін Ресей билігі ішкі нарыққа арналған бензин мен дизельдің сапа талаптарын уақытша төмендетуге рұқсат беріп, теңіз арқылы бензин импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Reuters мәліметінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы жеткізілімдер бойынша келіссөздер шілде айында басталған. Қазақстанның Энергетика министрлігі бұған дейін Ресейден ресми өтініш түссе және ішкі нарық толық қамтамасыз етілсе, бензин экспорттау мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеген болатын.
Сонымен бірге агенттік дереккөздері Ресеймен есеп айырысу кезінде санкциялық тәуекелдер туындауы мүмкін екенін айтады. Жеткізілімдердің жалпы шарттары келісілгенімен, тараптар әлі де техникалық және қаржылық тетіктерді пысықтап жатыр.
Жанармай тапшылығы тек Ресейде ғана емес, Ресейден импортқа тәуелді Орталық Азия елдерінде де байқалып отыр. Мәселен, Өзбекстанда тауар биржасында АИ-92 бензинінің бағасы тарихи максимумға жетіп, бір тоннасы 14 млн сумға (шамамен 558 мың теңге) дейін қымбаттады. Баға маусымның екінші жартысында төрт күн ішінде 10,5 пайызға өскен.
Ал Қырғызстан билігі Қазақстаннан жанармай жеткізілімін тұрақтандыруға көмек сұраған. Сонымен қатар ресми өтініш тағы бес мемлекетке жолданған.
Бұған дейін Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін беруді сұрағаны хабарланған еді. Есесіне Ресей Қазақстанға тапшы болып отырған авиациялық отын жеткізуді ұсынуы мүмкін екені айтылған.
Алайда Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов соңғы күндері екі рет журналистерге Ресей тарапы министрлікке жанар-жағармай жеткізу туралы ресми өтініш жасамағанын мәлімдеді.