Қазақстан тарихында қос палаталы парламенттің бірлескен соңғы отырысы өтті
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі.
«Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді», - деді президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламентінің қалыптасуы мен ел дамуындағы рөліне тоқталып, соңғы отыз жылда заң шығару жүйесінің мемлекет дамуына елеулі үлес қосқанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, тәуелсіздік жылдарында елімізде 3,5 мыңға жуық заң қабылданған, оның әрбір оныншысы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Президент алғашқы кәсіби Парламенттің құрылуы Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттілікті нығайтуға және нарықтық экономиканы дамытуға маңызды серпін бергенін атап өтті.
Сондай-ақ ол заң шығару жүйесінің қалыптасуына танымал саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері зор үлес қосқанын айтып, олардың еңбегі ел тарихында ерекше орын алатынын жеткізді.
Тоқаевтың айтуынша, Парламент уақыт талабына бейімделіп, қоғам сұранысына жедел жауап бере алатын институт ретінде қалыптасты. Оның пікірінше, заң шығарушы орган түрлі саладағы кәсіби мамандарды біріктіріп, Қазақстанда сапалы парламенттік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.