Қоғам

Қазақстанда адамдарды жұмыс ұсынамыз деп есірткі бизнесіне тартқан халықаралық желі әшкереленді

Қазақстан Ішкі істер министрлігі бірнеше елді қамтыған арнайы операция барысында адамдарды жалған жұмыс арқылы есірткі бизнесіне тартқан халықаралық қылмыстық желіні анықтады.

Фото: полиция

Бір жылдан астам уақытқа созылған операция Украина және Албанияның құқық қорғау органдарымен, Қазақстан мен Украинаның прокуратураларымен, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілген.

Қылмыстық топ азаматтарға жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынған. Осылайша call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер, есірткі жасырушылар, логистер мен қойма қызметкерлері тартылған. Алайда жұмысқа орналасқан адамдардың бір бөлігі халықаралық есірткі саудасына араластырылған.

Тергеу кезінде Украинадағы call-орталықтарда 26 тінту жүргізіліп, шамамен 4 мың цифрлық дәлелдеме алынған. Оларды зерттеу нәтижесінде Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені мен қылмыстық схемаға қатысы бар жүздеген адам анықталды.

Кейін Киев пен Киев облысында тағы 70 тінту жүргізіліп, қылмыстық топтың 27 белсенді мүшесі анықталған. Қазақстан аумағында да 15 тінту өтіп, есірткі таратуға қатысы бар адамдар ұсталды.

Операцияның соңғы кезеңінде Украина аумағында тағы 35 тінту жүргізілді. Нәтижесінде құрамында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және екі мыңға жуық дайын пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, тағы тоғыз адамға айып тағылды.

ІІМ жалған жұмыс ұсыныстарына сақ болуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, интернеттегі оңай әрі жоғары табыс туралы хабарландырулардың артында қылмыстық бизнес тұруы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі