Қазақстанда астықтан өндірілген жаңа БИ-95 бензині пайда болды
Қазақстанда астықтан алынған биоэтанол негізінде өндірілетін БИ-95 автокөлік отынының өнеркәсіптік өндірісі басталды.
Жаңа өнімді нарыққа KazFoodProducts холдингі шығарған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жоба елімізде алғаш рет аграрлық шикізаттың толық терең өңдеуден өтіп, соңғы өнім ретінде мотор отынына айналуының нақты үлгісі болып отыр.
Биоэтанол BioOperations кәсіпорнында (Солтүстік Қазақстан облысы) өндіріледі. Бұл – республикадағы бидайды терең өңдейтін жалғыз кешен. Ал соңғы өнім BioPetrolCompany базасында дайындалып, қазірдің өзінде нарыққа шығарыла бастады.
БИ-95 – құрамында 5-10 пайыз биоэтанол бар бензин. Өндірушілердің айтуынша, бұл қоспа отынның негізгі қасиеттерін, соның ішінде октан санын сақтай отырып, экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді.
Компания дерегіне сәйкес, биоэтанол қолдану зиянды шығарындыларды айтарлықтай азайтады. Атап айтқанда, ұсақ бөлшектердің шығарындылары 70 пайыздан астамға, азот оксидтері 25 пайызға қысқарады. Ал парниктік газдар көлемі дәстүрлі АИ-92 бензинімен салыстырғанда 60-70 пайызға дейін төмендейді.
Сонымен қатар, БИ-95 отынын пайдалану үшін көлік паркін жаңарту талап етілмейді. Яғни оны қазіргі бензин қозғалтқыштарына ешқандай қосымша өзгеріссіз құюға болады. Жүргізілген сынақтар қозғалтқыш қуаты мен айналу моменті дәстүрлі бензин деңгейінде сақталатынын көрсеткен.
Жоба жетекшісі Лаура Бергибаева БИ-95 өндірісін іске қосу тек жаңа өнімнің нарыққа шығуы ғана емес, сонымен бірге маңызды экологиялық қадам екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жоба әсіресе ауа сапасы өзекті мәселеге айналған Алматы қаласы үшін маңызды. Сондықтан жаңа отынның сатылымы дәл осы нарыққа басымдық бере отырып басталған.
Компания өкілдері бұл бастаманың стратегиялық мәні бар екенін де атап өтеді. Себебі жоба ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және энергетика салаларын бір өндірістік тізбекке біріктіріп, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда БИ-95 сатылып жатыр.