Live

Қазақстанда әзірге «шетел агенттері» туралы жаңа шектеулер енгізілмейді

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шетелден қаржы немесе мүлік алатын тұлғалар мен ұйымдарды бақылауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді.

Фото: Sputnik / Санат Имангалиев

Қазіргі таңда жекелеген санаттағы азаматтар шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан қаржы алған жағдайда бұл туралы салық органдарына хабарлауға міндетті. Осы мәліметтердің негізінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік қаржыландыру алушылардың ашық тізілімін жүргізеді.

Алайда Балаева бұл талаптарды күрт кеңейту шетелден ақша аударымын алатын азаматтардың барлығын дерлік есеп беруге міндеттеуі мүмкін екенін айтты.

Министрдің сөзінше, мұндай өзгеріс есеп беруге міндетті адамдардың санын едәуір арттырып, деректерді жинау мен әкімшілендіруді қиындатады. Сонымен қатар мұндай есептілік негізінен ақпараттық сипатқа ие және бюджетті толықтыруды көздемейді.

Үкімет сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) бақылау және қадағалау өкілеттігін Мәдениет және ақпарат министрлігіне беруді дұрыс деп санамайды.

Жауапта министрліктің негізгі міндеті үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимылды дамыту және азаматтық қоғамды қолдау екені айтылған. Егер министрлікке бақылау функциялары берілсе, ол ҮЕҰ-ларды қолдайтын органнан мемлекеттік қадағалау органына айналып кетуі мүмкін.

«Мұндай тәсіл мемлекеттің серіктестік және бақылау функцияларын араластырып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы сенім деңгейі мен өзара іс-қимылдың тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін», – делінген жауапта.

Сонымен бірге Балаева салық органдарында шетелдік қаржыландыру алып, бірақ бұл туралы мәлімет ұсынбағандарды анықтайтын тиімді тетік әзірге жоқ екенін мойындады. Өйткені банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы ақпарат салық органдарына берілмейді.

Дегенмен, жыл соңына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылына арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды жоспарлап отыр. Онда ұйымдардың қызметі, жұмыс бағыттары және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы туралы өзекті мәліметтер жинақталмақ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: шетел агенті