Live

Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу қойылуы мүмкін

Евгений Кочетовтің айтуынша, Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр.

Фото: Getty images

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі парламент кулуарында журналистер сұрағына жауап беру кезінде айтты.

Оның сөзінше, министрлік заңнамаға енгізілетін арнайы түзетулер пакетін дайындаған.

«Онда балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеу туралы норма бар. Яғни 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу енгізіледі. Бірақ механизмдері әзірге нақты жазылған жоқ. Қазір бұл мәселе мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр», - деді Евгений Кочетов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл заң жобасы парламентке әлі түспеген. Құжатта онлайн-коучтар мен психологтардың қызметіне қатысты нормалар да қамтылған.

Оның пікірінше, балалардың әлеуметтік желіге қолжетімділігін шектеу мәселесі қазір әлемдік трендке айналып барады.

«Біз алғаш бұл туралы айта бастағанда тек Аустралия ғана осындай шараны қолданған еді. Қазір Еуропаның бес елі осындай заңнаманы қарастырып жатыр. Тіпті Еуропарламент те мұндай нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге кеңес берген», - деді ол.

Әзірге министрлік 16 жас шегін сақтап отыр.

Кочетовтың айтуынша, кейбір әлеуметтік желілердің өзінде балалар контентіне қатысты ішкі шектеулер бар. Мысалы, TikTok балалар контентін анықтаса, белгілі бір шектеулер енгізеді.

Сонымен қатар вице-министр сөз болып отырған мәселе жаңа аккаунттарды тіркеуге қатысты екенін нақтылады.

Қазір билік әртүрлі елдердің тәжірибесін зерттеп жатыр. Оның ішінде Аустралия тәжірибесі де қарастырылған.

Алайда Кочетовтың айтуынша, Аустралиядағы жүйе толық нәтиже бермеген. Себебі балалар ата-анасының аккаунттарын пайдалана бастаған.

Қазақстан қандай модельді таңдайтыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе алдағы уақытта Құрылтай алаңында талқыланбақ.

Сайт Әкімшілігі