Live

Қазақстанда бірыңғай QR комиссиясына қарсы петиция жарияланды

Қазақстанда банктердің бірыңғай QR-код арқылы төлем қабылдау кезінде алатын комиссиясын төмендетуді талап еткен жаңа петиция жарияланды.

Фото:Qazaq Expert Club

Құжат авторы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) жұмысын сынға алып, ведомство басшылығын қызметтен босатуды талап етті.

Петицияны GosRating.com платформасында қазақстандық Жандос Маратұлы жариялаған. Оның пікірінше, қаржы реттеушісі қарапайым азаматтар мен шағын бизнестің мүддесін тиісті деңгейде қорғай алмай отыр.

Автордың айтуынша, агенттік мынадай негізгі мәселелерді шеше алмады:

  • қаржылық алаяқтықтың күрт көбеюі, салдарынан көптеген азамат бөтен несиелердің құрбанына айналуы;

  • халықтың шамадан тыс несиеге тәуелділігі;

  • банктер несие бермегендіктен, азаматтардың микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр болуы.

Осыған байланысты петиция авторы ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымованы қызметінен босатуды ұсынады.

Бірыңғай QR комиссиясын төмендету ұсынылды

Петицияда жаңадан іске қосылған Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне де ерекше назар аударылған.

Автордың айтуынша, банкаралық эквайринг үшін алынатын 1,5 пайыздық комиссия шағын және орта бизнеске ауыр салмақ түсіріп, мемлекеттік реформаның тиімділігін төмендетеді.

Петиция авторларының талаптары:

  • бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау кезіндегі жалпы комиссияны 0,5 пайыздан асырмау;

  • микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейтіп, микронесиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету;

  • кибералаяқтыққа қарсы нақты шараларды күшейту;

  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығын ауыстыру.

Материал жарияланған сәтте петицияны 45 адам қолдаған.

Еске салайық, Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі Қазақстанда 2026 жылғы 19 шілдеде ресми түрде іске қосылды. Жаңа жүйе қазақстандықтарға банкке қарамастан телефон нөмірі арқылы лезде ақша аударуға және бірыңғай QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Бұл жоба Ұлттық банктің ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының бір бөлігі болып саналады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: бірыңғай QR