Live

Қазақстанда діни-экстремистік идеяны жамылған 22 қылмыстық топ анықталды

Қазақстанда жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылып қылмыстық әрекет жасаған 22 топтың қызметі тоқтатылды. Олардың құрамындағы 64 адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Фото: полиция

Тергеу деректеріне сәйкес, аталған топтар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан. Кейбірі қылмыс жасау үшін атыс қаруын заңсыз сақтаған.Қылмыстық топтар Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін ұрлаған. Сот оларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды.Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйелдің алаяқтыққа қатысты төрт эпизодқа қатысы анықталған. Оның әрекетінен келген шығын 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Ал Павлодарда радикалды діни көзқарастағы тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан. Ол 5 жылға сотталды.

Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеологиясын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты анықтаған.

Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1,6 мыңнан астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Полиция интернеттегі радикалды идеологияның таралуына қатысты қылмыстардың да жолын кесіп жатыр. Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы өзге дін өкілдеріне қатысты діни араздық қоздырған тұрғын 3 жыл 6 айға сотталды.

Тағы бір жағдайда Ақтөбеде зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлады деген радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталған. Сот оны терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Түркістан облысында халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеяларын интернетте белсенді таратқан адам 7 жылға сотталды.

ІІМ діни сенім қылмысты, зорлық-зомбылықты немесе діни араздықты ақтауға негіз бола алмайтынын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі