Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы медаль тағайындалады
Ақордада Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда армияны заман талабына сай нығайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Президент сөзінде елдің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» идеологиясын орнықтыру аса маңызды міндеттер екені ерекше атап өтілді. Оның айтуынша, бұл жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз байланысты.
Мемлекет басшысы қоғамда құқықтық нигилизмге орын болмауы керегін, шынайы батырларды қадірлеу маңызды екенін айтты.
«Жастар үшін барлық салада ел мен халыққа қызмет етуді өмірлік мұрат еткен ар-намыс пен парыз иелері өнеге болуы керек. Олардың қатарында ерлігі мен батырлығы үшін қаза тапқаннан кейін медальдармен және ордендермен марапатталған әскери қызметкерлер, полицейлер, құтқарушылар мен арнайы орган қызметкерлері аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Бұл тәсіл ведомстволық марапаттарға да қолданылатын болады. Соның алғашқыларының бірі – 15 жыл бұрын жанкешті террористі ұстау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль болады. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау, олардың жарқын бейнесін халық жадында сақтау және жастарды шынайы ерлік, қайсарлық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу», – деді Президент.
7 мамыр күні Қазақстан Отан қорғаушылар күнін атап өтеді. Бұл – мемлекеттік мереке әрі ресми демалыс күні. 2026 жылы Қазақстан Қарулы күштері құрылғанына 34 жыл толып отыр.
Отан қорғаушылар күніне мемлекеттік мереке мәртебесі 2012 жылы берілген. Сол кезде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, 7 мамыр ресми мереке күні ретінде бекітілген.