Live

Қазақстанда мұнай өндіру күрт төмендеді

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі айтарлықтай қысқарды. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

Оның айтуынша, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің нақты өсімі 3 пайызды құраған. Алайда мұнай секторының экономикадағы үлесі екі есеге азайған.

 «Биыл экономикалық өсім мұнай секторының оң үлесінсіз қамтамасыз етіледі. Қаңтар–наурыз айларында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 11,4 пайызға төмендеді. Бұған мұнай өндірудің 19,8 пайызға, табиғи газдың 15,1 пайызға қысқаруы әсер етті», – деді вице-министр.

Төмендеу себептері қандай?

Өз кезегінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласындағы төмендеу Каспий құбыр консорциумы мен Теңіз кен орны жағдайымен байланысты екенін айтты.

Министрдің мәліметінше:

Есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тоннаны құраған;

Қарашығанақ кен орнында алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасуда;

Бұл жоба жылына 10–11 млн тонна деңгейінде мұнай өндіруді ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндірісті арттыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Экспорт та төмендеді

Алғашқы үш айда мұнай экспорты 15,3 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78,5 пайыз деңгейінде болған.

Жылдық экспорт болжамы – 76 млн тонна.

Әлемдік нарықтағы жағдай

Сонымен бірге әлемдік мұнай нарығында керісінше өсім байқалуда. АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын бұғаттау мүмкіндігі туралы мәлімдегеннен кейін баға көтерілді.

Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері 7,27% өсіп, барреліне 102 доллардан асты.

WTI маркалы мұнайдың мамырлық фьючерстері 8,55% өсіп, 104,83 долларға жетті.

Сайт Әкімшілігі