Live

Қазақстанда өрт сөндірушілерге жолды бөгеген көліктерді соғуға рұқсат берілмейді

Қазақстан билігі төтенше жағдай орнына жетуге кедергі келтірген көліктерді өрт сөндірушілердің арнайы түрде соғып өтуіне (таран жасауына) рұқсат бермейді.

Фото: скриншот

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Мәселе Астанадағы көпқабатты тұрғын үйдегі өрттен кейін көтерілген болатын. Сол кезде аулаға қойылған көліктердің кесірінен өрт сөндіру техникасы оқиға орнына дер кезінде жете алмаған.

Депутат Олжас Құспеков төтенше қызметтерге жолды бөгеп тұрған көліктерді, шлагбаумдарды және басқа да кедергілерді бұзып өту құқығын беруді ұсынған еді. Өз кезегінде сенатор Марат Қожаев қалаларда арнайы техникаларға арналған орындардың жетіспейтінін айтқан.

Премьер-министрдің түсіндіруінше, қолданыстағы заң бойынша өрт сөндірушілер өртті сөндіру кезінде есіктерді, терезелерді, шатырларды, қоршаулар мен шлагбаумдарды ашуға немесе бұзуға құқылы. Мұндай жағдайда келтірілген шығын үшін олар жауапкершілікке тартылмайды.

Алайда көліктерді әдейі соғып өту мәселесі орынсыз деп танылған.

– Көлік құралдарын зақымдау немесе соғу арқылы жол ашуға рұқсат беру тиімсіз. Өртті шектеулі жағдайда сөндірудің басқа да тәсілдері бар. Мұндай жағдайларда өрт сөндірушілермен бірге полиция қызметкерлері де шығып, жолға кедергі келтірген көліктерді мәжбүрлі түрде эвакуациялайды, – делінген Үкімет жауабында.

Сондай-ақ полиция көлік қою ережелерін бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды.

Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар министрлігі құрылыс нормаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Соған сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің жанында өрт техникасын орналастыруға арналған арнайы алаңдар салу міндеттелмек.

Үкіметтің мәліметінше, мұндай алаңдардың көлемі кемінде 15×6 метр болуы керек және арнайы жол белгілері мен түрлі-түсті таңбалармен белгіленеді.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шығып, үш бала қаза тапқан болатын. Құтқарушылардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабылып, аула көліктерге толып тұрған. Осы жағдай арнайы техниканың қозғалысын қиындатқан.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: өрт