Live

Қазақстанда самокат мінушілерге жазда қатаң шектеулер енгізіледі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарын пайдалану ережелері өзгереді.

Фото: sxodim.com

Алматы қалалық Полиция департаменті жаңа талаптар кімдерге қатысты болатынын және қай жерде жүруге тыйым салынатынын түсіндірді.

2026 жылдың көктемінде ережелер бұрынғыдай қалады. Қолданыстағы талаптар:

  • веложолдар мен веложолақтар – басым бағыт;

  • олар болмаған жағдайда – жолдың оң жақ жиегімен немесе автобус жолағымен (тек 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болғанда);

  • жол жиегімен;

  • тротуарда немесе жаяу жүргінші жолында – сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен және жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей.

1 шілдеден не өзгереді?

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Жол жүрісі туралы» заңның 28-бабы 3-тармағы күшіне енеді. Бұл жалға берілетін (кикшеринг) самокаттарға қатысты талаптарды күшейтеді.

Кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар:

  • Техникалық бақылау: самокаттардың жарамдылығын тұрақты тексеру.

  • Пайдаланушыларды тексеру: жүргізуші куәлігі міндетті.

  • Цифрлық бақылау: жылдамдық пен орналасуды қадағалау.

  • Міндетті сақтандыру және тіркеу нөмірі.

Жалға беруге тыйым салынады:

  • 18 жасқа толмағандарға;

  • жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға;

  • көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғаларға.

Тротуарларға тыйым

1 шілдеден бастап электр самокаттарының тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ерекше жағдай – арнайы белгіленген «ортақ қозғалыс аймақтары» (6 км/сағ, жаяу жүргінші басымдығы).

Қайда жүруге болады?

  • веложолдарда;

  • жолдың оң жақ жиегімен;

  • жол жиегімен.

Қараңғы уақытта жарық құралдары міндетті.

2025 жылы Алматыда самокаттар қатысқан 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен, бір адам қаза тапқан. 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған.

Сайт Әкімшілігі