Live

Қазақстандағы АЭС туралы ақпарат құпия болуы мүмкін

Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жобасына қатысты ақпарат мемлекеттік құпия санатына енгізілуі ықтимал.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы 5 мамыр күні Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Бұған дейін Мәжіліс арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қабылдаған болатын. Құжатта мемлекеттік құпияларға қатысты нормалар қарастырылған.

Есімхановтың айтуынша, Энергетика министрлігі бұған дейін энергетикалық жобалар бойынша ақпаратты жасырмаған.

«Энергетикалық жобалар бойынша біз ешқашан ақпаратты құпия ұстаған емеспіз. Ал атом станциясына қатысты мұндай ықтималдық бар. Себебі бұл – ауқымды жоба, оған байланысты үкіметаралық келісім жасалуы мүмкін. Дегенмен бұл мәселеге Атом энергетикасы агенттігіндегі әріптестер нақтырақ жауап береді», – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр министрлік құзырындағы жобалар бойынша ақпарат ашық күйінде қала беретінін атап өтті.

«Біздің жобалар бойынша ештеңе жасырылған жоқ, бәрі ашық түрде, аукциондар арқылы жүргізіледі. Қазіргі кезеңде бұл саясаттан бас тарту жоспарда жоқ», – деп қосты Есімханов.

 2026 жылғы 29 сәуірде Мәжіліс арнайы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Онда мемлекеттік құпияларға қатысты нормалар енгізілген.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.

Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.

Сайт Әкімшілігі