Live

Қазақстаннан Қытайға 2,6 мың литрден астам дизельді заңсыз шығармақ болғандардың жолы кесілді

Шығыс Қазақстан облысындағы «Майқапшағай» кеден бекетінде Қытайға дизель отынын заңсыз алып өтпек болған әрекеттің жолы кесілді.

Фото: ашық дереккөз

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, заң бұзушылық Қазақстаннан Қытайға бағыт алған бос жүк көліктерін тексеру кезінде анықталған.

2026 жылғы 10 шілдеде ведомство қызметкерлері Қытай азаматтары басқарған төрт жүк көлігіне бірлескен тексеру жүргізген.

Тексеру барысында көліктерден зауыттық құрылымда қарастырылмаған, арнайы жасырын орнатылған қосымша жанармай бактары табылған. Олар жанар-жағармай материалдарын жасырын тасымалдауға пайдаланылған.

Заңсыз шығарылмақ болған дизель отынының жалпы көлемі 2 640 литрді, яғни 2 тоннадан астамды құраған.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жанармай гуманитарлық көмекке, ғылыми зерттеуге арналған сертификатталған үлгілерге немесе көліктің штаттық жанармай багындағы отын көлеміне жатпайды. Сондықтан ол қолданыстағы шектеулерден босатылмайды.

Мемлекеттік кірістер департаменті Қытай азаматтарының әрекетінен мұнай өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды бұзу белгілері анықталғанын хабарлады.

Төрт жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 32 437,5 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Оқиғаға қатысты тексеру материалдары, оның ішінде қарау хаттамалары, түсініктемелер мен фотоматериалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

Еске салайық, Қазақстанда 2026 жылғы 21 мамыр мен 21 қараша аралығында автокөлікпен бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін елден шығаруға уақытша тыйым салынған.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға да тыйым енгізілген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жанармай