Live

Қазақстанның оңтүстігінде өзенге батып кеткен баланы іздеу жұмыстары тоқтатылды

Қазақстанның оңтүстігіндегі Келес өзеніне батып кеткен 8 жасар баланы іздеу-құтқару жұмыстары бір айдан кейін ресми түрде аяқталды. Бұл туралы Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Оқиға 2026 жылдың 23 наурызында болған. Баланың анасының айтуынша, жазатайым оқиға салдарынан Келес өзеніне 2018 жылы туған Тұрсынбек Жаннұр батып кеткен. Хабарлама түскен сәттен бастап құтқарушылардың, полиция қызметкерлерінің, әкімдік пен еріктілердің қатысуымен ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Операция барысында мамандар өзен арнасы мен жағалау маңын бірнеше рет тексеріп шықты. Жұмысқа қайықтар, арнайы техникалар мен дрон жұмылдырылды. Өзен ағысы, ауа райы және басқа да факторлар ескеріліп, іздеу шаралары тәулік бойы жүргізілді. Әрбір түскен ақпарат тексеріліп, болжамды учаскелер қайта-қайта қаралды.

Кешенді іс-шаралар жүргізіліп, барлық қажетті күш пен құралдар жұмылдырылғанына қарамастан, баланы табу мүмкін болмады.

2026 жылдың 23 сәуірінен бастап іздестіру жұмыстары ресми түрде аяқталды. Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер бір ай ішінде іздеу жұмыстары нәтиже бермесе, судағы жазатайым оқиға қылмыстық іс болып қайта сараланады және одан арғы процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.

ТЖД іздеу барысында барлық қолжетімді ресурстар мен техникалық мүмкіндіктердің пайдаланылғанын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Түркістан