Қазақстанның жас шахматшылары әлем құрамасын ұтты
Алматыда өткен FIDE студенттік командалық әлем чемпионаты аясында Қазақстан мен Әлем құрамалары арасында жасөспірімдер матчы ұйымдастырылды. Жарыс ұлдар және қыздар құрамалары арасында рапид (15+10) және блиц (5+3) форматында өтті.
Қазақстанның ұлдар құрамасы екі форматта да әлем құрамасынан басым түссе, қыздар арасындағы кездесулерде Әлем құрамасы жеңіске жетті. Матчтың жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады.
Әр командаға 6 шахматшыдан енді. Олар U8, U10, U12, U14, U16 және U18 жас санаттары бойынша өнер көрсетті.
Қазақстан шахмат федерациясы бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасовтың айтуынша, соңғы екі жылда қазақстандық жасөспірімдер құрамасы әлемдегі ең мықты командалардың біріне айналғандықтан, федерация әлем құрамасына қарсы матч өткізуді ұйғарған.
– Бұл – батыл қадам болды. Бірақ біз өз күшімізге сендік. Нәтижесінде ұлдар құрамасы жеңіске жетті. FIDE студенттік әлем чемпионатымен қатар өткен бұл матч турнирдің ең жарқын оқиғаларының біріне айналды, – деді ол.
Қазақстан құрамасының капитаны – халықаралық гроссмейстер, жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Борис Грачев болды.
Ал Әлем құрамасын FIDE арнайы тапсырмалар жөніндегі директоры әрі Грузия шахмат федерациясының президенті Акаки Иашвили басқарды.
Иашвили Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуына жоғары баға берді.
– Мұндай кездесуді өткізу Қазақстандағы шахматтың қаншалықты қарқынды дамып жатқанын көрсетті. Әлемнің бірде-бір федерациясы әзірге өз ұлттық құрамасын әлем құрамасына қарсы шығарған емес. Себебі мұндай деңгейдегі жасөспірімдер командасы өте аз елде ғана бар. Қазақстан ұлдарының жеңісі – үлкен жетістік. Қыздар да лайықты өнер көрсетті, алайда қарсылас сапында 2026 жылғы әлем чемпиондары болды. Соған қарамастан матч соңына дейін тартысты өтті. Ақырында жеңімпаз – достық болды деп есептеймін, – деді ол.
Рапид нәтижелері
4 тамыз күні өткен төрт турлық рапидте Қазақстанның ұлдар құрамасы Әлем құрамасын 14,5:9,5 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасы сапында:
Эдгар Мамедов (U18) – 3,5 ұпай;
Сауат Нұрғалиев (U16) – 3,5;
Марк Смирнов (U14) – 2;
Әлімжан Жауынбай (U12) – 3;
Ризат Ұлан (U10) – 1;
Аслан Ендібаев (U8) – 1,5 ұпай жинады.
Қыздар арасында Әлем құрамасы Қазақстанды 18:6 есебімен жеңді.
Блиц нәтижелері
5 тамызда өткен сегіз турлық блицте Қазақстанның ұлдар құрамасы жеңісті жалғастырып, қарсыласын 27,5:20,5 есебімен ұтты.
Қазақстан құрамасы сапында:
Эдгар Мамедов – 6 ұпай;
Сауат Нұрғалиев – 4,5;
Марк Смирнов – 4;
Әлімжан Жауынбай – 5;
Ризат Ұлан – 3,5;
Аслан Ендібаев – 2,5 ұпай жинады.
Қосалқы құрамда ойнаған Дәнис Қуандықұлы команда қоржынына тағы 2 ұпай қосты.
Қыздар арасындағы блицте Әлем құрамасы Қазақстанды 27:21 есебімен жеңді.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жас спортшылар мен бапкерлер құрамына алғыс айтып, федерация президенті Тимур Турловтың балалар шахматын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– 2023 жылдан бері Тимур Турловтың бастамасымен 34 жас шахматшы Gold және Silver гранттары арқылы жыл сайын қолдау алып келеді. Федерация мен бапкерлердің жүйелі жұмысының арқасында жас спортшылар өздерінің үздік нәтижелеріне қол жеткізді, – деді ол.
Айта кетейік, жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.