KazTAG ісі бойынша бірнеше адвокаттың WhatsApp аккаунты бұзылды
KazTAG агенттігінің журналистеріне қатысты іс бойынша жұмыс істеп жүрген бірнеше адвокат өздерінің WhatsApp аккаунттары бұзылғанын мәлімдеді.
Адвокат Рена Керімованың айтуынша, оның және әріптестерінің мессенджердегі аккаунттарына бөгде адамдар қол жеткізген.
«Қазір WhatsApp-ты қалпына келтіруге тырысып жатырмын. Маған әзірге Signal, Telegram немесе Zangi арқылы хабарласыңыздар. Ең ыңғайлысы – Signal», – деді ол видеоүндеуінде.
WhatsApp аккаунты бұзылғанын KazTAG бас редакторы Әмір Қасеновтің мүддесін қорғайтын адвокат Юлия Малюкова мен адвокат Елена Жигаленок та хабарлады.
Елена Жигаленок бұл жағдайдың кездейсоқтық емес екенін айтып, шабуылға KazTAG ісі бойынша жұмыс істейтін бірнеше адвокаттың бір мезгілде ұшырағанына назар аударды.
Ал Юлия Малюкова өзінің телефон нөмірі де бұзылғанын мәлімдеп, ескі нөмірден келетін хабарламаларға жауап бермеуді сұрады және байланыс үшін жаңа нөмірін жариялады.
Еске салайық, KazTAG бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бұған дейін ол бұлтартпау шарасының өзгертілуіне наразылық ретінде аштық жариялаған болатын. Кейін адвокаттарының мәліметінше, денсаулығын қалпына келтіру үшін 12-күні құрғақ аштықты тоқтатқан.