Live

Кеш үйлену. Талғам ба, тренд пе?

Былтыр елімізде 40 жастан асқан 4,9 мың әйел алғаш рет тұрмыс құрған. Мұны Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Фото ЖИ / JasAlash

 Олардың дерегінше, соңғы төрт жылда 40 жастан асқан әйелдердің алғаш некеге тұруы 5,7%-ға артқан. 2021 жылы алғаш рет тұрмыс құрған әр 100 әйелдің төртеуінің жасы 40-тан асқан болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,5 әйелге дейін өскен. Олардың арасында 3,6 мың әйелдің жасы 40-49. Ал 1,1 мың әйел 50 жастан асқанда алғаш тұрмыс құрған. Оған қоса елімізде жыл сайын зейнет жасындағы 200-300 әйел алғаш рет некеге тұрады екен. 2025 жылы 40 жастан асқан 5,3 мың ер адам алғаш рет үйленген. 2021 жылы олардың саны 5,7 мың болған. Дегенмен алғаш күйеужігіт атанғандардың ішінде 40 жастан асқандардың үлесі артқан. 2021 жылы олардың үлесі 5% болса, 2025 жылы 5,9%-ға жеткен. Демек, алғаш рет үйленетін ер адамдардың жалпы саны азайғанымен, олардың арасында 40 жастан асқандардың үлесі көбейген.

2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркелді. Бұл он жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 22%-ға аз. Соған қарамастан, соңғы жылдары қайта некеге тұратындардың үлесі өсіп келеді. Қазір тіркелетін әр бесінші неке – бұрын ажырасып, қайта отбасын құрған адамдардың некесі. Қоғамдық даму институт сарапшыларының пікірінше, адамдар некеге бұрынғыдай өмірдің міндетті кезеңі деп қарамайды,керісінше, отбасын құруды маңызды шешім деп қабылдап, оған алдын ала дайындалуға мән беретіндер көбейген. Бұл дайындық тек материалдық жағдаймен шектелмейді. Адамдар өзін және болашақ жарын жете түсінуге, өмірлік тәжірибе жинауға, жеке дамуға көбірек көңіл бөледі. Сонда "кеш отбасы құрудың" себебі неде? "Кеш" пен "ерте" деп қай кезеңді айтамыз? Бүгін осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. "Жас Алаштың" сауалына психолог Назгүл Жанболатқызы, дәрігер Елжас Мұхамеджан және әлеуметтанушы Сабина Аман қатысты.

– Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, отбасын құрудың орташа жасы жыл санап өсіп келеді. Бүгінде елдегі алғаш некеге тұру жасы ерлерде 28 жас болса, әйелдерде 25,3 көрінеді.Осыдан 10 әлде 20 жыл бұрынғы деректермен салыстырсақ, некеге тұрудың орташа жасы ұлғайғаны, әрине, түсінікті. Жалпы мұндай құбылыстың қандай негізгі себептері бар?

Н.Жанболатқызы: Психологиялық тұрғыдан мұның ең маңызды себебі – некенің адам өміріндегі функциясы өзгерді. Бұрын неке ересек өмірге кірудің бастапқы нүктесі болатын. Адам үйленеді, содан кейін бөлек шығады, шаруашылық жүргізуді үйренеді, жұмыс істейді, бала тәрбиелейді, бір сөзбен айтқанда, некенің ішінде есейеді. Қазір керісінше талап қалыптасып, алдымен есеюің, білім алуың, белгілі бір табысқа жетуің, психологиялық және материалдық тұрғыдан дербестенуің керек, содан кейін ғана отбасы құруға "дайынмын" деп есептейсің. Мұның жақсы жағы да бар. Адамдар жұбай таңдауға бұрынғыдан саналырақ қарай бастады. Яғни болашақ жарына қойылатын талап артқан сайын таңдау да күрделене береді. Бұл тұрғыда әйелдердің өмірлік сценарийі қатты өзгерді. Әйел үшін неке бұрын әлеуметтік мәртебе мен экономикалық қауіпсіздікке жетудің негізгі жолдарының бірі болса, қазір білім алу, мамандық игеру, табыс табу, жеке баспанаға ұмтылу сияқты балама жолдар бар. 2024 жылы некеге тұрған әйелдердің 41 пайызының білімі жоғары болуы да осы әлеуметтік өзгерістің бір көрінісі.  Сондықтан әйел адам үшін "тұрмысқа шықпасаң, өмірің қалыптаспайды" деген ескі модельдің психологиялық күші біртіндеп азайып келеді. Ал адамның таңдау мүмкіндігі көбейген сайын асығу қажеттілігі төмендейді. Екінші үлкен мәселе – сепарацияның кеш жүруі. Психоаналитикалық тұрғыдан ересек болу тек белгілі бір жасқа толу емес. Ол – ата-анадан психологиялық тұрғыда бөлініп, өз өміріңнің жауапкершілігін өзіңе алу. Қазіргі жастар білім алу мерзімінің ұзаруына, баспана құнына, еңбек нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты ата-анасына материалдық жағынан бұрынғыдан ұзақ тәуелді болуы мүмкін. Тағы бір маңызды фактор – қазіргі буынның ажырасуды көріп өсуі. Ата-анасының, туыстарының, достарының сәтсіз некесін көрген адам үшін неке автоматты түрде "бақытты өмірдің бастауы" болып қабылданбайды. Ол оның тәуекелін де біледі. Оның үстіне 2025 жылғы статистикаға сүйенсек ажырасулардың ең үлкен бөлігі – 35 пайызы некенің алғашқы 1-4 жылына тиесілі. Мұндай әлеуметтік тәжірибе адамның ішкі қорқынышын күшейтпей қоймасы анық.

Е.Мұхамеджан: Қазіргі жастар үшін неке мен бала сүю бұрынғыдай міндетті түрде қатар жүретін егіз құбылыс емес. Контрацепция туралы ақпараттың қолжетімді болуы, отбасын жоспарлау мәдениетінің біртіндеп қалыптасуы адамның қашан ата-ана болатынын белгілі дәрежеде өзі таңдауына мүмкіндік берді. Әйелдер де білім алып, еңбек нарығына белсенді араласқандықтан, олардың өмірлік жоспары тек тұрмыс құру мен ана болудың айналасында құрылмайды. Бұл жерде әйелдердің некеге тұру жасының өсуін "отбасы құндылығы әлсіреді" деп бағалау қате. Дәрігер ретінде мен бұл үрдістің оң жағын да ескерген жөн дер едім. 25-30 жас шамасында отбасын құратын адамның өз денсаулығын, мінезін, серіктестен не күтетінін түсінуі 18-20 жастағы кезеңмен салыстырғанда көбірек болуы мүмкін. Жоспарланған жүктіліктің де артықшылықтары бар. Болашақ ата-ана жүктілікке дейін тексеріліп, созылмалы ауруларын бақылауға алып, темекі мен алкогольден бас тартып, дұрыс тамақтануға көшіп, әйел фолий қышқылын алдын ала қабылдай алады. Мұның бәрі ана мен болашақ баланың денсаулығына пайдалы. Сондықтан некенің сәл кейінге шегерілуінің өзін медициналық проблема ретінде қарастыруға негіз жоқ. Дегенмен әйел ағзасындағы ең маңызды ерекшелік – жұмыртқа жасушаларының қоры өмір бойы жаңарып отырмайды. Қыз бала белгілі бір аналық без қорымен дүниеге келеді, ол жас ұлғайған сайын табиғи түрде азая береді. Сонымен бірге жұмыртқа жасушаларының сапасы да төмендейді. Бұл үдеріс 30 жастан кейін біртіндеп байқалып, 35 жастан кейін айқындала түседі, ал 40 жастан кейін табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігі едәуір төмендейді. Сондықтан бала сүюді ұзақ уақыт кейінге қалдырған жұптарда бедеулік мәселесімен бетпе-бет келу ықтималдығы артады.

С.Аман: Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жастардың өмірлік басымдықтары өзгерді. Бұрын мектеп немесе жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін үйлену, тұрмысқа шығу адамның ересек өмірге өтуінің негізгі кезеңдерінің бірі саналса, қазір оған дейін білім алу, мамандық игеру, тұрақты жұмыс табу, белгілі бір табыс деңгейіне жету сияқты міндеттер алға шықты. Әсіресе жоғары білім алу мерзімінің ұзаруы адамның экономикалық дербестікке жету уақытын да кейінге ысырады. Соның нәтижесінде отбасы құру да кешірек кезеңге ауысады. Екіншіден, экономикалық фактордың ықпалы күшейді. Қазіргі жастар үшін некеге тұру тек екі адамның бірге өмір сүруі емес, баспана, тұрақты табыс, той шығыны, онан кейін баланың дүниеге келуі мен оны қамтамасыз ету сияқты үлкен қаржылық жауапкершілікпен байланысты. Сондықтан "алдымен тұрмысымды түзеп алайын, содан кейін отбасы құрамын" деген ұстаным кең таралып келеді. Бұл әсіресе үлкен қалаларда анық байқалатын құбылыс. Үшіншіден, әйелдердің қоғамдағы рөлі өзгерді. Қыздардың жоғары білім алуы, еңбек нарығына белсенді араласуы, кәсіби мансап құруы олардың өмірлік таңдау мүмкіндігін кеңейтті. Бұрын әйел үшін тұрмыс құру әлеуметтік тұрғыдан міндетті әрі ертерек жүзеге асуы тиіс қадам ретінде қабылданса, қазір білім, жұмыс, қаржылық тәуелсіздік те маңызды құндылықтарға айналды. Сондықтан некеге тұру әйел өміріндегі жалғыз немесе ең басты әлеуметтік мақсат ретінде қарастырылмайды. Төртіншіден, некеге деген талаптың өзі өзгерді. Қазіргі жастардың бір бөлігі "уақыты келді", "жұрттың бәрі үйленіп жатыр" деген себеппен отбасы құрудан гөрі, өзіне сәйкес адамды табуға көбірек мән береді. Жұбайынан тек отбасылық міндеттерді атқарудан бөлек эмоционалдық жақындықты, түсіністікті, ортақ құндылық пен психологиялық үйлесімділікті күтеді. Талап артқан сайын таңдау процесі де ұзарады. Сондықтан некеге тұру жасының өсуін отбасы институтының әлсіреуінің тікелей белгісі деп айту дұрыс емес. Отбасы институты жойылып жатқан жоқ, бар болғаны оның құрылу шарттары өзгеріп жатыр.

– Біздің қоғамда отбасы құрудың жас мөлшері жиі талқыға түседі ғой. Бұл туралы пікір де әр алуан. Сіздердің ойларыңызша, 25 жастан асқан соң отбасы құруды шын мәнінде некенің кешігуі деп бағалауға бола ма?

Н.Жанболатқызы: Ерте үйлену мен некеге дайын болу – бір нәрсе емес. 21 жаста эмоционалдық жағынан өте жетілген адам болуы мүмкін, ал 35 жаста жауапкершіліктен қашатын адам кездеседі. Паспорттағы жас психологиялық ересектіктің дәл өлшемі емес. Психоаналитикалық тұрғыдан қарасақ, отбасы құруға дайындықтың маңызды белгілерінің бірі – адамның ата-анасынан эмоционалдық тұрғыдан бөлініп, өз шешімінің салдарын өзі көтере алуы. Егер 28 жастағы ер адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бәрін әлі анасы қабылдайтын болса немесе 27 жастағы әйел өзінің жұбайын ең алдымен ата-анасының мақұлдауына қарап таңдайтын болса, олардың күнтізбелік жасы үлкен болғанымен, психологиялық сепарациясы толық аяқталмаған болуы мүмкін. Сонымен бірге "саналы түрде кеш үйленемін" деген ұстанымды да абсолюттендірмеуіміз керек. Кейде оның артында перфекционизм тұрады. Адам "алдымен үй алайын, көлік алайын, мансабымды қалыптастырайын, толық психологиялық тұрғыдан дайын болайын, содан кейін мінсіз адамды кездестіремін" деп ойлайды. Бірақ өмірде абсолютті дайындық деген жоқ. Үй алғаннан кейін жақсырақ үй керек болады, бір қызметке жеткеннен кейін келесі саты пайда болады. Сөйтіп неке үнемі келесі межеден кейінге шегеріле береді. Бұл жағдайда адам саналы түрде күтіп жүрген жоқ, кейде ол өмірді бақылауда ұстауға тырысып, белгісіздіктен қорғанып жүреді. Ал отбасы дегеніміздің өзі белгілі бір деңгейде белгісіздікке келісу.

Е.Мұхамеджан: Жас ұлғайған сайын жүктіліктің өзіне байланысты кейбір қауіптер де жоғарылайды. Мысалы, түсік тастау ықтималдығы артады, өйткені эмбриондағы хромосомалық өзгерістер жиірек кездеседі. Даун синдромы секілді хромосомалық ауытқулардың қаупі де ананың жасымен бірге өседі. Бұған қоса жүктілік кезінде артериялық қысымның жоғарылауы, преэклампсия, гестациялық қант диабеті сияқты асқынулардың жиілігі артуы мүмкін. Кесарь тілігімен босану ықтималдығы да жас ұлғайған топтарда жоғарырақ болады. Бірақ бұл деректерді әйелдерді қорқыту үшін емес, жүктілікті саналы жоспарлаудың маңызын көрсету үшін айту керек. 35-40 жаста да дені сау баланы ешқандай күрделі асқынусыз дүниеге әкелетін әйелдер өте көп. Екінші мәселе – біз репродуктивті тәуекелді көбіне әйелге ғана артып қоямыз. Шын мәнінде ер адамның жасы да маңызды. Ерлерде сперматозоид түзілуі өмір бойы жалғасқанымен, жас ұлғайған сайын олардың қозғалысы, саны немесе ДНҚ сапасына қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Әсіресе әке жасы 40-45-тен асқанда жаңа генетикалық мутациялардың жиілігі біртіндеп көбейетіні белгілі. Кейбір зерттеулер үлкен әкелік жасты жүктіліктің қиындауы және ұрпақтағы кейбір аурулардың тәуекелінің аздап жоғарылауымен байланыстырады. Мәселен, әйел бірінші баласын 36-37 жасында дүниеге әкелсе және екі-үш балалы болғысы келсе, әр жүктіліктің арасында ағзаның қалпына келуіне қажетті уақытты да есептеу керек. Екінші баланы жоспарлаған кезде жас факторы тағы бірнеше жылға ілгерілейді. Ал кейде алғашқы жүктілік бірден бола қоймайды: жұп бір жыл табиғи жолмен күтуі, содан кейін тексерілуі, ем қабылдауы немесе қосалқы репродуктивті технологияларға жүгінуі мүмкін.

С.Аман: "Ерте" немесе "кеш" деген өлшемнің өзі қоғамға, тарихи кезеңге, өмір сүру ұзақтығына, білім алу мерзіміне және экономикалық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Осыдан біраз уақыт бұрын 22-23 жаста тұрмысқа шықпаған қызға немесе 25-26 жасқа дейін үйленбеген жігітке "кешігіп жүр" деген көзқарас болуы мүмкін еді. Ал қазіргі әлеуметтік жағдайда бұл жастар адамның білім алып, мамандық игеріп, еңбек нарығына енді ғана орныға бастайтын кезеңіне сәйкес келеді.

– Біз көбіне-көп кеш үйленудің кемшіліктерін айтамыз. Ал оның артықшылықтары қандай? Бізде ғана емес, кеш үйлену күллі әлемге ортақ мәселе сияқты. Шет елдердегі некеге тұрудың ортақ жасы қандай? Оларда бұл мәселе қалай шешіледі?

Н.Жанболатқызы: Психоаналитикалық тұрғыдан мұның тағы бір үлкен артықшылығы – адамның ата-анадан сепарацияланып үлгеруі. Ерте некеде кейде екі дербес ересек адам емес, екі отбасының "балалары" қосылады. Жас жұбайлар арасындағы әрбір конфликтке ата-аналар араласып, ер адам шешім қабылдағанда анасының пікіріне, әйел өз отбасына тәуелді болып қалуы мүмкін. Ал адам біраз уақыт дербес өмір сүріп, ақша тауып, тұрмыстық мәселелерін өзі шешіп көрсе, некеге "маған біреу қамқорлық жасасын" деген қажеттілікпен емес, басқа ересек адаммен серіктестік құру үшін келеді. Бұл өте маңызды айырмашылық. Кеш некенің тағы бір артықшылығы – серіктесті идеализациялаудың азаю мүмкіндігі. Жастық шақта махаббаттың алғашқы кезеңіндегі күшті эмоцияны "біз өмір бойы бір-бірімізге арналғанбыз" деп қабылдау оңай. Уақыт өте адам махаббаттың өзі ұзақ некеге жеткіліксіз екенін түсінеді. Мінез, ақшаға көзқарас, бала мәселесі, тұрмыс, туыстармен шекара, мансап, өмір салты сияқты мәселелердің маңызы артады. Материалдық жағынан да белгілі бір артықшылық бар. 30 жасқа жақындаған адамда 20 жастағы өзіне қарағанда мамандығы, еңбек тәжірибесі, жинағы немесе кем дегенде тұрақты табыс табу дағдысы қалыптасуы ықтимал. Соның арқасында жас отбасының алғашқы жылдарындағы ең үлкен стресс факторларының бірі – қаржы мәселесі – біршама жеңілдеуі мүмкін. Әрине, жас ұлғайған сайын бәрі автоматты түрде байып кетпейді ғой. Бірақ адамның экономикалық мінез-құлқы, ақшаны жоспарлау тәжірибесі қалыптасады. Алайда мұны "неғұрлым кеш үйленсең, соғұрлым жақсы" деген қағидаға айналдыруға болмайды. Кеш некенің өзінің психологиялық қиындығы бар. Адам ұзақ уақыт жалғыз өмір сүрген сайын оның күнделікті тәртібі, әдеттері, жеке кеңістігі қалыптасып қалады. 21 жаста екі адам бір-біріне бейімделіп өссе, 35 жаста екі дайын өмір салтын біріктіруге тура келеді. Одан бөлек, некені кейінге қалдыру мен балалы болуды кейінге қалдыру бір нәрсе емес екенін ажырату қажет. Әсіресе әйелдердің репродуктивтік мүмкіндігі жасқа тәуелді болғандықтан, "некеге асықпау керек" деген әлеуметтік идеяны "балалы болуды кейінге қалдыруға болады" деген түсінікпен шатастыруға болмайды.

С.Аман: Соңғы бірнеше онжылдықта дамыған елдердің басым бөлігінде алғашқы неке жасы жоғарылап келеді. OECD дерегіне қарасақ, 1990 жылдан бері ұйымға кіретін елдерде ерлер мен әйелдердің алғаш некеге тұруының орташа жасы шамамен 6 жылға өскен.  Шетелдік статистика біздің "25-тен асса – кеш" деген түсінігіміздің салыстырмалы екенін көрсетеді. Мысалы, Еуростаттың 2024 жылғы деректерінде ЕО елдерінің ішінде алғаш некеге тұратын әйелдердің орташа жасы Румынияда 28,4 жас, ал Испания мен Швецияда 35,2 жасқа жеткен. Ерлер арасында ең төмен көрсеткіш Румынияда – 31,5 жас, ал Швецияда – 37,4 жас. Оның үстіне 2004-2024 жылдар аралығында дерегі салыстыруға келетін ЕО елдерінің барлығында алғашқы неке жасы өскен.  Оңтүстік Кореяда да 2024 жылы алғаш үйленген ерлердің орташа жасы 33,9, әйелдердікі 31,6 жас болған.  Демек, Қазақстандағы әйелдер үшін шамамен 25, ерлер үшін 28 жас әлемдік өлшеммен қарағанда аса жоғары көрсеткіш емес. Ал "шетелдер бұл мәселені қалай шешті?" деген сұраққа келгенде бір маңызды нәрсені ажыратып алған жөн. Олар жастарды ертерек үйлендіруге тырысып отырған жоқ. Көптеген елдерде мемлекеттік саясат адам отбасы құруды шешкен кезде оның алдындағы әлеуметтік және экономикалық кедергілерді азайтуға тырысады. Мәселен, Скандинавия елдері мен Францияда ақылы ата-ана демалысы, балабақша мен ерте жастағы бала күтімінің қолжетімділігі, отбасына берілетін әлеуметтік төлемдер бір-бірімен байланыстырылған. OECD мәліметінше, Франция, Дания, Норвегия, Швеция секілді бірқатар мемлекеттер отбасылық қолдау жүйесіне ЖІӨ-нің шамамен 3 пайызын немесе одан да көп жұмсайды. Баспана мәселесіне де барған сайын көбірек көңіл бөлініп отыр. Себебі OECD зерттеулері тұрғын үй құнының жоғары болуы мен бала туу көрсеткішінің арасында теріс байланыс бар екенін көрсетеді. Бірақ мұнда өте қызық парадокс бар. Тіпті осындай мықты әлеуметтік саясат жүргізетін мемлекеттердің өзі некені бұрынғы жасына қайтара алған жоқ. OECD-дің өзі отбасылық қолдау шаралары маңызды болғанымен, олардың жалғыз өзі демографиялық үрдісті кері бұруға жеткіліксіз екенін айтады. Яғни Швеция немесе Франция жастарды қайтадан 21-22 жаста үйленетін қоғамға айналдыруды мақсат етіп отырған жоқ. Олар кешірек құрылатын отбасыға бейімделіп жатыр.

Дайындаған: Ақгүлім Ерболқызы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Кеш үйлену