Әлеумет

Киев Ресейдегі сайлаудан кейін мобилизация болады деп болжады

Украина Президенті Владимир Зеленский ел барлауының мәліметтеріне сүйене отырып, Ресей Мемлекеттік думасына сайлау өткеннен кейін жүздеген мың адамды қосымша жұмылдыруды (мобилизация) жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

 Оның айтуынша, 2027 жылы да тағы осындай мөлшердегі халық әскери қызметке тартылуы мүмкін.

Украина Ресейдегі парламенттік сайлаудан кейін мобилизацияның екі жаңа толқыны өтуі мүмкін деген болжамға дайындалуда. Бұл туралы Владимир Зеленский 11 тамыз күні азаматтарға арнаған кезекті кешкі бейнеүндеуінде мәлімдеді.

Зеленский өз мәлімдемесінде Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының бастығы Олег Иващенконың баяндамасына сілтеме жасады.

Украина президентінің сөзінше, Киевтің қолындағы барлау мәліметтері Ресейде сайлаудан кейін кең ауқымды мобилизация жүргізу жоспары бар екенін көрсетеді. Ол бұл ақпараттың «Ресейдің ішкі құжаттарымен» де расталғанын алға тартты. 

Дегенмен, Зеленский нақты қандай құжаттар туралы сөз болып жатқанын және онда қандай деректер келтірілгенін ашып айтпады. 

Мобилизация екі кезеңде өтуі мүмкін

Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей басшылығы Мемлекеттік дума сайлауынан кейін жыл соңына дейін қосымша бірнеше жүз мың адамды жедел түрде жұмылдыруды жоспарлап отыр.
Украина президенті атап өткендей, тура осындай көлемдегі кезекті жұмылдыру толқыны 2027 жылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Оның айтуынша, бұл жоспар Ресейде қазіргі уақытта келісімшарт негізінде азаматтарды әскери қызметке тарту бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қосымша болады.

Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің жоспары «аса күрделі емес» екенін айтып, Москва әуелі сайлау арқылы халық соғысты қолдап жатқандай елес тудыруға, ал содан кейін қосымша мобилизация жүргізуге тырысып жатқанын алға тартты.

Украина арнайы қызметтеріне тапсырма берілді

Украина басшысы Киев Ресейдің ықтимал мобилизациялық жоспарларына қарсы шаралар қабылдауға дайындалып жатқанын да хабарлады.

Оның айтуынша, Украина басшылығы Ресей үшін мұндай жоспарларды жүзеге асыруды «мүмкіндігінше қиындату» мақсатында әрекет етеді. 

Осыған байланысты Зеленский Украина барлау органдары мен арнайы қызметтеріне тиісті тапсырмалар берілгенін білдірді. Бірақ бұл тапсырмалардың нақты неден тұратыны ашып айтылмады. 

Ресей Мемлекеттік думасына кезекті сайлау 2026 жылдың 18-20 қыркүйек күндеріне жоспарланған. 

Сонымен бірге, Зеленский келтірген мобилизация жоспарлары Украина барлауының мәліметтеріне негізделген мәлімдеме болып табылады, бұл ақпаратқа Ресей тарапының реакциясы келтірілмеген. 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: мобилизация