Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында атыс болды
Қырғызстанның Баткен облысындағы Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Кадамжай-автожол» және «Чечме-автожол» өткізу бекеттерінде 5 шілде кешке атыс болды.
24.kg дереккөздерінің мәліметінше, шамамен сағат 19:00-де Қырғызстан ҰҚМК-ның Баткен облысы бойынша басқармасы «Альфа» арнайы жасағымен бірге шекара, кеден және ветеринария қызметкерлерін ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.
Дереккөздердің айтуынша, арнайы қызмет өкілдері «Кадамжай-автожол» бекетіне кірген кезде шлагбаумда тұрған прапорщик төрт рет оқ атқан. Сондай-ақ сержанттың ауаға бір рет ескерту оғын атқаны айтылады. Қазір қару қолданудың мән-жайы мен заңдылығы тексеріліп жатыр.
Тінту кезінде шекарашылардан 38,5 мың қырғыз сомы, 5 млн 484 мың өзбек сумы, сондай-ақ қызметтік көліктің қобдишасынан тағы 200 мың өзбек сумы табылған. Кеден қызметкерлерінен де ақша мен доллар тәркіленген, нақты сомасы анықталып жатыр.
Дереккөздер «Чечме-автожол» бекетінің екі қызметкері заңсыз ақша алу кезінде бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын хабарлады.
Жалпы ҰҚМК-ның Баткен облыстық басқармасына екі бекеттен 27 әскери қызметкер жеткізілген. Сонымен қатар екі АК-74 автоматы, екі оқшантай және 60 патрон тәркіленген.
Тергеу амалдары кезінде екі өткізу бекетінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Кейін «Кадамжай-автожол» бекеті арқылы қозғалыс қайта қалпына келтірілді.