«Қытай Иранға қару жеткізуден бас тартты» — Трамптың мәлімдемесі
Дональд Трамп Қытайдың Иранға қару жеткізбеуге уәде бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ақ үй басшысының айтуынша, Қытай Ормуз бұғазының ашық болуына мүдделі. Сондай-ақ Бейжіңнің Иран билігіне қару жеткізбеуге келіскені айтылған. Алайда Қытай тарапы бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Бұған дейін америкалық БАҚ-та Си Цзиньпин Иранға қару жеткізуді жоспарлауы мүмкін деген мәліметтер тараған еді. Атап айтқанда, зениттік зымыран кешендерін жөнелту ықтималдығы сөз болған. Кейбір деректерде бұл жеткізілімдерді жасыру үшін үшінші елдер пайдаланылуы мүмкін екені де айтылды.
Трамп мұндай әрекеттер дәлелденсе, Қытайды «айтарлықтай қиындықтар» күтіп тұрғанын ескерткен.
Сондай-ақ ол 14–15 мамыр күндері ұлымен бірге Қытайға баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.