Қыжыртпа. ХАКІМНІҢ КЕЗДЕСУІ
Өзге әкімдердің іштері күйсе, тұз жаласын, біз Нұралхан Көшеровті басқалардан биік көреміз. Сондықтан оқырмандар оңай ажыратсын деген ниетпен әкімді хакім қылып «ұзарттық».
Білесіз ғой, адамзатта хакімдікке жеткен кісі көп емес. Соның бірі – Абай. Ал Абайды өмірге әкелген қазақ әкімдер арасынан да бір хакімді тудыруы керек еді. Түсініп тұрсыз ба, үзілмейтін сабақтастықтың жөні саясатқа келіп тірелді, ақыры. Демек, көрсету – бізден, тану – Сізден болсын.
Хакім деген кім? Уикипедия бүй дейді: «Хакім (араб.: حكيم) – әртүрлі ғылымды меңгерген, сол ілімімен адамға ізгі қызмет қылуды мақсат еткен ғұлама».
Көрдіңіз бе, демек, хакім – бөлекше жаратылған кісі. Дегенмен «Хакімдік деңгейді әкімге телу артықтау емес пе?» дейтін жандар да кездесуі мүмкін. Бізше болса, артық түгі жоқ. Әсіресе «адамға ізгі қызмет қылу» дейтін тұсы – Көшеровтің кейінгі тірліктеріне көбірек жақын. Оның үстіне, әкімдердің іліп алар дүниелерін алаулатып-жалаулатып, жақсылығын өзіміз асырмасақ, ешкім бізге екі аяғын салбыратып, хакімді аспаннан түсірмейтінін түсінуіңіз керек. Егер Сіз осыған келіссеңіз, біз кейіпкеріміздің «хакімдік қырларына» аздаған шолу жасаймыз.
Байқадыңыз ба, соңғы кездері әлеуметтік желі Нұралхан Көшеров туралы көп айтты. Соның басым бөлігі таңданыс пен таңырқаудан тұрады. Ал жұрт неге таңырқайды? Себебі сол, кейіпкеріміз халықтың «жүрек тұсына» мейлінше жақын келді. «Әкім бол, әкім болсаң, халқыңа жақын бол!» деген тіркесті естіген ел көп болса да, халқына жақын келген әкімді ешкім көрмеген. Сол кемшіліктің «орнын толтырған» Көшеров бір-ақ күнде халқына жақын әкім болып шыға келді.
Әлеуметтік желіге тарап, біреуден біреу көшіріп жариялаған сол видеоға қарасаңыз, көзіңізге «мөлтілдеп жас» келеді. Өйткені әкім Сауран ауданы тұрғындарымен кездесуінде сықиып киініп келген шенді-шекпенділерді орнынан тұрғызып жіберді. «Жиынды бастамас бұрын тағы да айтайын, сыртта адамдар қалып кетпесін. Орын жетпесе, мемлекеттік қызметкерлер халыққа орын берсін», – деді әкім. Сол сол-ақ екен, залдың алдыңғы бөлігі түгел қотарылып, есіктің көзіне барып сап түзеді. Расымен де, алдыңғы төрт-бес қатарға кілең «шөпкетышарлар» отырып алған ба, әйтеуір әп-сәтте залдың алдыңғы бөлігі босады да қалды. Мұны көрген халық аң-таң болып аз тұрды да, сосын дуылдата қол соқты.
Былай қарасаңыз, дұрыс қой, халық кіре алмай сыртта тұрса, өңкей ақ жағалылар не жиын өткізіп, не мәселе шешеді? Әрбірден соң, билік дегеніңіз – халықтың қызметшісі. Тек соны қолына тізгін тигендер ұмытып кетіп жатады. Ал Көшеров ұмытқан жоқ. Өзінің атқосшы, «итқосшыларының» бәрін тікесінен тік тұрғызды да, өзі халық жағына шықты. Халық жағына шыққанын қалай білеміз? Оны білетін несі бар, ығай мен сығайдың бәрін тік тұрғызған әкім «шалқайып», жиынның төрінде отырды ғой. Міне, осыны қызық көрген біреулер «Қол астындағыларды түгел тұрғызған соң, өзі де неге тұра салмады екен?» дейді. Ал неге тұра салуы керек? Әкім жақсы көретін халық отыр ма, отыр! Ендеше, халық жақсы көретін әкім неге түрегеп тұруы керек?! Көрдіңіз бе, мәселе қайда?! Сондықтан біз Көшеровтің Саурандағы кездесуінен ешқандай өрескелдік көріп тұрғанымыз жоқ.
Кейіпкерімізді «хакімдік өреге» көтеретін тағы бір оқиғаның нақты қай жерде болғаны белгісіз. Бірақ санаулы секундтық қана бейнебаян мәнді де мазмұнды болып шыққан. Видеодан ақсақалмен әңгімелесіп келе жатқан Көшеровті байқайсыз. Олардың артын ала қатарласып келе жатқан тағы екі кісінің бірі – Түркістан қаласының әкімі. Ақсақал екі қолын кезек сермеп, кейіпкерімізге әлдене айтып келе жатыр. Кенет Көшеровтің көзі қоқыс жәшігінің үстінде жатқан қағазға түседі. Сосын сол жағында қатарласып келе жатқан ақсақалдың алдын орап барып, қағазды алады да, екі қолымен жақсылап бүктеп, қоқыс жәшігіне тастап кеп жібереді...
Мұны көрген жұртшылықтың «Пах шіркін, әкім болсаң, осындай бол!» деп айызы қанды. Бірақ елдің бәрі осылай ойлайды деуге тағы болмайды. «Алдын кесіп өткен әкім қоқыстың шаруасын бітіргенше, ақсақал не айтып келе жатқанын ұмытып қалған шығар?» деп қыжыртып жатқандар да бар. Енді біреулер «Бұларға не көрінген, өткенде ғана Түркістан қаласының әкімі саябақтан қалбыр жинап, көзге түсіп еді, соны Көшеров дүрдей басымен қайталап жүр» деп налиды. Шындығына келсек, осы да сөз бе енді?! Біріншіден, ақсақал айтарын ұмытып қалса, оқа емес. Есіне түскенде, кейін тағы бір келіп, «айтып» бере салады.
Екіншіден, Әзімбек Пазылбекұлының қалбыр жинағаны «жанпидалыққа» жатпайды. Өйткені бос «баклашканы» бір теуіп, аунатып түсірсең, сыртында қолға жағылатын нәрсе болса, көрінеді. Болмаса, іліп ал да, дорбаға ұра бер! Ал қоқыс жәшігінің үстіндегі қағаз ше? Бұл өте қауіпті. Өйткені «дені сау қағаз» қоқыста жата ма? Жәшік үстіндегі «алақандай бәленің» біреудің «қажетінен қалған» қағаз емес екенін Сіз қайдан білесіз? Тіпті қоқыс жәшігінің үстінде жатқанда, жүргіншілер қақырып-түкіріп кетуі де мүмкін ғой.
Көрдіңіз бе, хакімдіктің жөніне жататын «адамға ізгі қызмет» деген – осы. Ізгі көңіл, шынайы пейілмен жасалған шаруа кезінде адам өзіне келер қауіпті елемейді. Сондықтан мұны әкімнің ізгі ниетіне әрі өзгелерге көрсеткен «хакіми үлгісіне» жатқызамыз.
Тек біз аса түсінбейтін бір нәрсе, Нұралхан Көшеров қоқыстың көкесі қайда екенін білмейтін сияқты. Олай дейтініміз, Түлкібастың жұрты телефонымызға тыныштық бермей, өткенде бізді әбден «әбігерге» салған. Қайыршақты өзенінің бойынан алтын қазған қытайлық азаматтар туралы шағымын жергілікті билік шешпеген соң, тұрғындар бар үмітті «Жас Алаштан» күтті. Түлкібасқа іссапармен тілшіміз барып, алтын іздеп, жер қопарғандардың тұрғанын тұрғандай, жүргенін жүргендей камераға түсіріп, материал әзірледі. Сол мақаланың бірі: «Қайыршақтыдағы «клондайк»: Түркістан облысының әкімі «әлдекімдер» іргесінен алтын қазып жатқанын біле ме?» деген тақырыппен берілді.
Бірақ біздің кейіпкеріміз «білем», «білмеймін» деген сөзді айтпай қойды. Нақтысы, «Жас Алаштың» сериялы мақалаларынан кейін экскаватор мен жүк көлігін пайдаланып, заңсыз жер қопарған 12 шетел азаматы ұсталды. Заңсыз жұмыс тоқтады. Бірақ келген залал қанша? Залал орасан. Қазба жұмыстары басталғалы өзен суы лайланған. Кей тұста өзен арнасы ауысқан. Оңды-солды жер қазғандар мал жайылымын бүлдірген. Табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келген. Басқаша айтқанда, астында алтыны бар қазыналы жеріңнің үстін әлдекімдер қоқысқа айналдырған.
Негізі бұл мәселе «Жас Алаштың» емес, облыс әкімінің шаруасы болуға тиіс еді. Көшеровтің көз-құлағы «бітеу» болған соң, «Жас Алаш» амалсыз «жасын ойнатуға» кірісті. Нәтижесіне ауыл тұрғындарының көңілі толатын секілді. Бірақ табиғатқа келген залалы өтеле ме? Өтетсе, оны кім өтеттіреді?
Біздіңше, Көшеровтің күш шығаратын уақыты енді келген сияқты. Хакімдік қырын көрсетемін десе, тақырып та, мәселе де дайын. Ол үшін өзінен төменгілерді сапқа тұрғызудың да, қоқыс жәшігін «аңдудың» да қажеті жоқ. Тек өзі қимылдап, өзі жүгіруі керек. Әйтпесе, жәшіктің бетіндегі қағазды умаждап, тесігіне салғаннан түркістандықтардың дүниесі түгенделеді дейсіз бе?..
Сансызбай НҰРБАБА