Қайыршақтыдағы «клондайк»: Түркістан облысының әкімі «әлдекімдер» іргесінен алтын қазып жатқанын біле ме?
Бұған дейін «Жас Алаш» Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Қайыршақты өзенінің маңында жүргізіліп жатқан алтын барлау жұмыстарына қатысты ауыл тұрғындарының шағымын жариялаған еді.
Тұрғындар қазба жұмыстары басталғалы өзен суының лайланғанын, арнаның өзгертілгенін, ауыл малы жайылатын жерлердің терең орға айналғанын айтып мәселе көтеріп, мемлекет басшысынан араша сұраған.
Редакция тілшісі даулы аумаққа арнайы барып, жердің бейберекет қазылғанына, өзен суының басқа арнаға бағытталғанына куә болған. Арыс ауылдық округінің ресми хатында да Қайыршақты өзені бойындағы 400-500 метр аумақтың канал тәрізді қазылғаны көрсетілген. Ал Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай Aurum Mining және «Кен Өзен» компанияларына алты жылға барлау лицензиясы берілгенін айтқан. Сонымен қатар ол Қайыршақты тұрғындарының қатысуымен дәл осы жобаға қатысты қоғамдық тыңдау өтпегенін де растаған.
Ал ауыл адамдарының басты талабы анық – қазба жұмыстарын заң тұрғысынан тексеру, өзен арнасын, жайылымды бұрынғы қалпына келтіру және компания құжаттарын халыққа ашық көрсету. Алайда тұрғындары мәселеге қатысты тиісті органдар тарапынан нақты шешім қабылданбай отырғанына наразы.

Осы жолы біз Керейіт ауылының тұрғыны Мағжан БЕКТАСОВПЕН сөйлестік. Ол даудың бізге бұған дейін беймәлім болған экологиялық, тарихи және әлеуметтік қырларын айтып берді.

Дау қашан басталды?
«Бұл мәселе 2021 жылы басталды. Сол кезде көрші Балықты ауылдық округінің жерінен «алтын барлау мақсатында» деп жерлерін қаза бастады. Арада бір жыл өткен соң біздің ауыл – Керейітке Қайыршақты өзені лайланып келе бастады. Соның кесірінен бау-бақша еге алмай қалдық, малымыз су іше алмайтын дәрежеге жетті. 2023 жылы бұл жағдай тағы қайталана берген соң ауыл адамдары жиналып әкімдікке барды. Шенділерге арыз-шағымын айтты. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бір-екі күн суымыз тазарып қалады да, тағы да лайланып аға бастайды. Себебін сұрасақ, «дамбамыз жарылды» деген сияқты әртүрлі сылтау айтады. Міне, содан бері ауыл адамдарының бақшасына еккен өнімін жинап алуы мұңға айналды. Ауылда қазір үш жүзден аса шаңырақ бар. Оның барлығы егінмен айналысады. Ауыл кейінгі жылдары егін шаруашылығына да қоя бастаған еді, бірақ қазір одан пайда жоқ, бақшалары балшыққа айналып жатыр, еккені өспейді. Қазір өзенге бұлақтардан келетін су да азайған. Себебі бұлақ арналарын да қазып тастаған. Алтын барлау мақсатында деп қазған жерлерінің тереңдігі кей жерлерде 10-12 метрге жетеді. Ол жерге мал жайылмақ түгілі, адам түссе шыға алмайды», – дейді ауыл тұрғыны.
«Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен балықтар жойылып барады»
«Қарабастауда – Қайыршақты өзенінде Қызыл кітапқа енген «Маринка» (қарабалық) деген балық бар. Қазір ол балық азайып кетті. Бұрын өзенді кешіп өткенде байқайтын едік. Қазір мүлдем көрмейтін болдық. Бұдан бөлек, аталған компанияның шетелдік азаматтары қазған жерге жиналған судан балықты сүзіп алып, шелекке салып жатқаны туралы бізде видео-дәлел бар. Оны аудандық экология мамандарына апарып көрсеттік. Айыппұл салуын сұрадық. Ал олар «Тағы қандай дәлелдеріңіз бар?» деп, нақты дәлелді көре тұра, заңға сай әрекет еткен жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, алтын іздеушілер көрші округтің жерін қазып болған соң Керейіт ауылының аумағына ауыз сала бастады. 2022 жылдан бастап «халық рұқсат берсін» деген себеппен жиналыстар өткізген. Бұған тұрғындар жер қазуға қарсы болды. Содан 2026 жылы біздің елде «КЕН ӨЗЕН» деген компания пайда болды. Сол компания иелері ауыл тұрғындарының жерін сатып ала бастады. Алайда ол жерлердің нысаналық мақсаты мүлде бөлек еді. Ол – мал бағуға, егін егуге арналған жайылымдық жерлер. Бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізуге мүлдем келмейді. Өйткені біздің ауыл «Ақсу-Жабағалы» қорығымен жалғасып жатыр. Ол жерде сирек кездесетін әртүрлі өсімдіктер бар. Мысалы, долана деген ағаш бар. Ол ағаштың жеміс беруіне 10-15 жылдай уақыт кетеді. Ал барлау мақсатында деп жерді қазып тастаған компанияның жұмысына қарасақ, біраз долана ағашының орны жоқ. Тегістеліп кеткен. Одан бөлек қызыл кітапқа енген «грейг қызғалдағы» да бізде өседі. Оны жұлған адамға, білесіздер, 12 млн теңге айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Алтын барлау мақсатында» деп қазылып жатқан жерлерде қызғалдақтың трактордың табанына тапталып жатқанын, жойылу қаупі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды».
Қытайлар қайдан жүр?
«Өздеріңіз де келіп, көріп кеттіңіздер, бұлар Қайыршақты өзенінің арнасын халықпен ақылдаспай бұрып алған. Бұл сол жердің фаунасына орасан әсер етеді. Дәл сол қазылып жатқан жер атам заманнан ауылдың малы жайылып, су ішіп жататын жері еді. Қазір төрт түлігімізді ол жерге жібере алмай қалдық. Елді әбігерге салып қойды. Арызымызды әкімдікке айтамыз, ал олар қолымызда құзырет жоқ деп шығарып салады. Тек облыстық өндірістік басқарма ғана тексере алады екен. Осы төрт жыл ішінде олардың өздері түгілі, көлеңкесін де көргеніміз жоқ», – дейді тұрғын.
Ауыл азаматтарының байқауынша, бұл жерде қытай азаматтары жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, алтын қазу жұмыстарын солар жүргізетін көрінеді.
«Жас Алаш» газетінің редакциясы құзырлы органдарға ресми сауал жолдаған. Түлкібас ауданының әкімдігі «алтын қазғыштарға» тек облыс әкімдігінің құзыреті жүреді деп, облысқа сілтеді. Бірақ одан бері екі аптадан аса уақыт өтсе де, Түркістан облысы әкімдігінен жауап келген жоқ. Сол себепті де «Жас Алаштың» Түркістан облысының әкімі Нұралхан КӨШЕРОВКЕ қабырғадан қояр нақты сауалдары бар: Түлкібас ауданының аумағында «клондайк» ұйымдастырған компанияның артында қандай күш тұр? Өзен арнасын бұрып алуға кім рұқсат берді? Олар не себепті халықпен санаспайды? Бұлар неге жергілікті билікпен санаспайды? Әлде облыс басшылығы халықтың наразылығына ұшыраған компанияның әрекетінен хабардарсыз ба? Сіз неге нақты сұрақтарға нақты жауап бермейсіз? Жағдайдан хабардарсыз ба?
«Жас Алаш» газетінің редакциясы облыс әкімінен осы сұрақтарға жауап күтеді және жауап кешікпейді деп сенеді.

Кәсіпкерге ауыл адамдары неге сенбейді?
Тағы бір айта кетерлігі, ауыл әкімі кәсіпкерге халықтың наразылығын білдіруге барса, «жерді сатып алғам, қазам ба, басқа қылам ба, қандай мақсатта қолдануды өзім білем, сендерден сұрамаймын» деген көрінеді. «КЕН ӨЗЕН» компаниясының иесі «ауылға қайырылымдық жасаймыз, көмек қолын созамыз» депті. Бірақ ауыл тұрғындарының наразылығына қарамай, табиғатымызды бүлдіріп отырған адамдардан қайырымдылық болады дегенге тұрғындар сенбейді. Өйткені көрші «Балықшы» ауылдық округінің жерін қазып тастаған екен. Бастапқыдағы уәде бойынша ол жерлерді қайта тегістеп, ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмысын жүргізу керек болған. Бірақ, ауыл тұрғындарының айтуынша, жер қазылған күйі қалған. Содан кейін де ауыл адамдары оларға сенбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЛТЫН ӨНДІРГЕН ҮШ УЧАСКЕ АНЫҚТАЛДЫ
«Алтын қазу жұмыстары бізден 7-8 шақырым жерде жүріп жатыр. Енді тағы бері қарай жылжыса, дәл ауылымыздың дәл іргесінен шыға ма деген қорқыныш бар. Сондықтан қазір біреуге сенуден қалдық. Негізінде, компания хат жіберіп, әкімдікпен келісіп, қоғамдық тыңдау өткізіп, ісін келісімді жүргізу керек. Халық наразылығын білдіріп жатыр, бірақ алпауыт компания ауыл азаматтарының пікіріне пысқырмай отыр.
Тағы бір айтатыны, қазып жатқан жайылымға тек Керейіт ауылының малы жайылмайды. Көрші Көкбұлақ ауылының малы да сол жерде. Балықты ауылының малшылары да сол жерге малын жаяды. «Көлденең көк атты» келді де, бәрін ала тайдай бүлдірді», – дейді ол.
«Одан бөлек, осы қазу кезінде мен білетін бірнеше бұлақтың көзі бітелді. Бала кезімізден су ішіп жүретін бұлақтар еді. Арнасын білеміз. Тура сол қазып жатқан жерде менің атам қырық жыл қой баққан. Бір сөзбен айтқанда, атамекеніміз. Қазған тастарын жоғарыға тасып жатқан жерде төмпешік обалар бар. Аталарымыздың айтуынша, бұлар көне молалар. Ол жерде аталарымыздың сүйегі жатыр, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Тура соның жанында «Қыз әулие» дейтін жер бар. Қасиетті жер. Алайда олардың халық құндылығына пысқырғаны бар сияқты. Қысқасы, жермен бірге тарих та жойылып барады. Жермен бірге халықтың бақша егуге деген үміті де үзілді. Егер осылай жердің астан-кестенін шығара берсе, мал ұстаудан қаламыз. Өзеннің жағасы қазылған, оған адам түгілі мал түсе алмайды.
Бір ашынатынымыз, облыс әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Журналистер келді, естімеуі мүмкін емес. Аудан басшылығы да біледі. Құзырлы органдар неге үнсіз? Бұл «бармақ басты, көз қысты» емес пе?».
Біздің түсінуімізше, бұл – ауыл тұрғындарының көпшілігінің пайымы. Ауыл халқы облыс әкімдігінің үнсіздігіне наразы. Және бұл мәселенің түйіні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласпаса, шешілмейтініне сенімді. Өйткені облыс әкімдігі әрекетсіз.
Редакциядан: «Жас Алаш» таразының басын тең ұстайды және екі тарапқа да тең мінбер береді. Бірақ «КЕН ӨЗЕН» ЖШС-ның басшысы Сержан Қонысбаев бұған дейін тілшімізбен кездесуден жалтарғанын ескертеміз. Алайда мақала жарияланған соң, 20 шілде күні «Кен Өзен» басшысы С.М.Қонысбаевтың атынан редакцияға «Сотқа дейінгі талап» деп аталатын хат келіп түсті. Хат иесінің талабы бойынша, «Жас Алаш» редакциясы бұған дейінгі жарияланған деректерді, яғни халық талабын жоққа шығарып, терістеме беруі керек екен.
Өз тарапымыздан айтарымыз мынау: «Жас Алаш» халықтың талабын жоққа шығара алмайды және әрдайым халықтың жағында болады. Егер қарсы тараптың халыққа қарсы айтар уәжі болса, «Жас Алаштың» мінбері дайын екенін де еске саламыз.
Айтпақшы, Қайыршақты мәселесіне қатысты Түркістан облысының әкімдігіне және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетіне де ресми сауал жолданды. Сауалда лицензиялардың заңдылығы, барлау аумағының координаттары, компаниялардың жұмыс бағдарламасы, жердің нысаналы мақсаты, өзен мен бұлақтарға ықтимал зияны сияқты мәселелер көтерілді. Сауал жолданғалы он күннен аса уақыт өтсе де, редакцияға нақты жауап келген жоқ...
Тұрсынбек БАШАР