ЖИ істейтін жұмыстар: қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?
Еңбек нарығы алдағы жылдарда ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басқалы тұр. Дүниежүзілік экономикалық форумда айтылған болжамға көз жүгіртсек, 2030 жылға қарай әлемде 85 миллионға жуық жұмыс орны қысқарады екен. Әрине, бұл өзгерістер автоматтандыру, жасанды интеллект пен роботтандыру үдерісімен тікелей қатысты.
Кеше ғана болашақтың технологиясы саналған жүйелер қазірдің өзінде негізгі салалардың жұмыс тәртібін өзгертіп жатыр. Алдағы он жылда әр бесінші қызметкер кәсібіне қатысты жаңа талаптарға бейімделуге немесе мүлдем мамандығын өзгертуге мәжбүр болады.
Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы Қазақстанның еңбек нарығын да айналып өтпесі анық. Қазірдің өзінде біршама өзгерістердің болып жатқанын көріп отырмыз. Өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев алдағы жылдары кейбір кәсіптерге сұраныс мүлдем жоғалуы мүмкін екенін айтып қалды. Министрдің сөзінше, мамандықтардың басым бөлігі біржола жойылып кетпейді. Дегенмен технологияның дамуына қарай олардың мазмұны мен жұмыс істеу тәсілі өзгереді. Сонымен қатар бүгінде еңбек нарығында жоқ жаңа кәсіптер пайда болуы мүмкін.
«Кейбір мамандықтар жойылады. Олар: мәтінді өңдеушілер мен терушілер, деректерді енгізу жөніндегі қызметкерлер, корректорлар. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады», – деді ведомство басшысы.
2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн қызметкер қажет болады. Бұл көрсеткіш кадрлардың орнын толтырумен қатар, жаңадан ашылатын жұмыс орындарын да қамтиды. Болжам бойынша, олардың 1,8 миллионы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. Кадрларға деген қажеттілік әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында жоғары болады. Осыған байланысты сұранысқа ие мамандықтар тізімін қазіргі 51 кәсіптен 174-ке дейін кеңейту жоспарланып отыр. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және атом энергетикасы бағыттары енгізілмек. Еңбек нарығындағы бұл өзгерістер білім беру жүйесіне де әсер етпек. Осыған орай мамандарды даярлау бағдарламалары мен олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды жаңарту көзделіп отыр.

Әлеуметтану ғылымдарының докторы Айжан Шабденованың пікірінше, болашақта барлық мамандық түбегейлі жойылып кетеді деу дұрыс емес. Керісінше, олардың мазмұны мен міндеттері өзгереді. Сондықтан «қандай мамандықтар жойылады?» дегеннен гөрі, «жасанды интеллект пен жаңа технологиялар мамандықтардың сипатын қалай өзгертеді?» деген сұраққа жауап іздеген жөн.
«Қазір жасанды интеллект күнделікті тұрмысымызға жылдам еніп жатыр. «Жасанды интеллект адамды алмастырмайды, тек оны жақсы меңгерген адамдар меңгермегендерді алмастырады» деген тұжырым бар. Мен онымен толықтай келісемін. Мәселе белгілі бір мамандықтың түбегейлі жойылуында емес, оның атқаратын қызметі мен мазмұнының өзгеруінде. Алдағы уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс арта түспек», – дейді А.Шабденова.
Сарапшы автоматтандырылуы мүмкін салалардың қатарына бухгалтерлік есеп, касса қызметі мен колл-орталықтарды жатқызды.
«Илон Маск пен Сэм Альтман сияқты технология саласының мамандары тұрмысымызға қажетті көп қызметтің автоматтандырылатынын айтты. Мұны қазірдің өзінде байқап жүрміз. Мысалы, көптеген қызмет көрсететін компаниялар клиенттермен байланыс орнату үшін оператор мамандардың орнына жасанды интеллект қолдана бастады. Сізге қоңырау шалған кезде ақпаратты адам емес, жасанды интеллект ұсынуы мүмкін. Демек, колл-орталық операторларына деген қажеттілік те біртіндеп азаяды. Әрине, бұл салада жасанды интеллектінің жұмысын бақылап, жүйені басқаратын мамандар қалады. Бірақ бұрынғыдай әрбір қоңырауға жеке оператордың жауап беруіне деген қажеттілік алдағы уақытта айтарлықтай төмендеуі мүмкін», – деді әлеуметтанушы.
Ал адамның тікелей қатысуын және қол еңбегін қажет ететін кәсіптердің әзірге болашағы бар. Әлеуметтанушы сантехник, электрик, шаштараз, аспаз секілді мамандықтарды осы қатарға жатқызады. Бұл жерде жұмысты қолмен тиянақты орындауы қажет болғандықтан, оларды толық автоматтандыру әзірге қиын.
«Әр адам осы өзгерістерді ескеріп, өз мамандығына сыни көзқараспен қарағаны жөн. «Менің қазіргі жұмысымды болашақта технология алмастыра ала ма?» деген сұрақты әркім өзіне қоюы керек. Егер жойылып кету қаупі болса, жаңа дағдыларды меңгеруге немесе басқа мамандық игеруге алдын ала дайындалған жөн», – дейді маман.
А.Шабденованың пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы еңбек нарығын ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті де күшейтуі мүмкін. Оның айтуынша, жаңа технологияларды тез меңгеретін мамандар еңбек нарығындағы өзгерістерге оңай бейімделсе, қажетті цифрлық дағдылары жоқ азаматтардың жұмыс табуы қиындай түседі.
«Біздің қоғамда әрдайым әлеуметтік теңсіздік болды және бұл мәселе алдағы уақытта да бола береді. Енді оған цифрлық дағдылар қосылып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамда бұрыннан бар әлеуметтік теңсіздікті одан әрі күшейтуі әбден мүмкін. Жаңа цифрлық құралдарды тез меңгеріп, технологияға оңай бейімделетін адамдар еңбек нарығындағы өзгерістерге де тез икемделеді. Ал жаңа технологияларды игеруі қиын адамдардың жағдайы төмендеуі мүмкін. Мұндағы мәселе адамның жас мөлшерінде емес. Әр адамның жаңа цифрлық технологияларды меңгеруге бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Қажетті дағдыларды игеруге уақыты, ресурсы немесе тиісті жағдайы жетпейтін адамдар да бар. Сондықтан олардың еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуі қиын болады. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалана алатын адамдар оны меңгермеген мамандардан еңбек нарығында басымдыққа ие болады. Сонымен қатар адамдардың табысына да әсер етеді. Соның салдарынан қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық теңсіздік те күшеюі мүмкін», – дейді әлеуметтанушы.
Сарапшының пікірінше, мемлекет тек жаңа мамандықтарды анықтап, сұранысқа ие кадрларды даярлаумен ғана шектелмеуі керек. Азаматтарға жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру маңызды. Айжан Шабденова бұл ретте «lifelong learning», яғни өмір бойы білім алу тұжырымдамасының маңызы артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, адамның жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, жаңа технологияларға бейімделіп, үнемі жаңа білім мен дағдыларды игеруі қажет. Әйтпесе еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе алмаған азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал болып қалу қаупі бар. Шабденова бұл бағытта университеттер мен колледждерге де үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Оның сөзінше, жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерді белгілі бір мамандыққа ғана дайындамай, өзгермелі еңбек нарығына бейімделуге де үйретуі керек.

Ал әлеуметтану ғылымдарының докторы Мансия Садырованың пікірінше, IT мен жасанды интеллекттің дамуы кейбір мамандықтарға сұранысты азайтқанымен, адам еңбегінің маңызын толық жоймайды.
«Экономикалық салада цифрлық технологиялар мен автоматтандырудың кеңінен қолданылуы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып отыр. Бұрын жүз адамның атқаратын жұмысын бүгінде цифрлық жүйелер мен автоматтандырылған технологиялардың көмегімен бір ғана маман орындауы мүмкін. Жасанды интеллектінің өзі де адамның еңбегіне тәуелді. Себебі автоматтандырылған жүйелерді әзірлеу, енгізу және басқару үшін мамандар қажет. Ал жасанды интеллект негізінен ақпарат пен деректерді жылдам алуға мүмкіндік бергенімен, оны өңдеу, талдау және іс жүзінде қолдану адамның қатысуын талап етеді», – дейді әлеуметтанушы.
М. Садырованың айтуынша, технологиялық өзгерістерге барлық адам бірдей дайын емес. Жастар мен жаңа технологиямен жұмыс істеуге бейім мамандар цифрлық құралдарды тезірек меңгерсе, жасы үлкен қызметкерлер үшін бұл үдеріс күрделірек болуы мүмкін. Бұған адамның қалыптасқан жұмыс тәсілін өзгерткісі келмеуі де әсер етеді.
«Кез келген қоғам жаңалықты бастапқыда белгілі бір қарсылықпен қабылдайды. Ал үйрену барысында ол біртіндеп қалыпты жағдайға айналады», – дейді әлеуметтанушы.
Маманның пікірінше, алдағы уақытта атом энергетикасын дамытуға бағытталған жоспарлар да осы салада жаңа мамандарға деген сұранысты арттыруы мүмкін. Сарапшының айтуынша, мамандықтың жойылуы бастапқыда жұмыссыздық мәселесін күшейтуі мүмкін. Сондықтан еңбек нарығындағы өзгерістерге ілесу үшін қызметкерлерді қайта даярлау және жаңа мамандықтарға бейімдеу маңызды. Қайта даярлау мен жұмыспен қамту шаралары дұрыс ұйымдастырылса, уақыт өте келе еңбек нарығы жаңа жағдайға бейімделеді.
Маржан Сәбет