Қаламақы қайда?! Авторлар ҚазАҚ-қа қатысты тексеруге неге алаң?
Ақындар мен композиторлар автор ретінде тұрақты алып тұрған сыйақы төлемінің тоқтап қалғанына наразы.
Себеп – Қазақстанның Авторлық қоғамы» РҚБ-ға (ҚазАҚ) қатысты Алматы қалалық прокуратурасы, Әділет министрлігі және Зияткерлік меншік ұлттық институты өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатқан тексеруде екен. Олардың айтуынша, мұның түпкі астарында заңсыз әкімшілік қысымның құлағы қылтияды. Бұл туралы авторлар Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Жалпы, елімізде авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын 14 авторлар қоғамы жұмыс істейді. Бұл ұйымдар өнер иелерінің туындылары пайдаланылған кезде (радио, теледидар, концерттер мен қоғамдық орындарда) авторлық сыйақыларды (қаламақы) жинаумен, бөлумен және төлеумен айналысады. Ал шын мәнінде, осы 14 ұйымның ішінде Әділет министрлігінен арнайы мемлекеттік аккредитациядан өткен тек 4 ұйым бар. Соның ішінде Қазақстандағы ең алғашқы әрі ең ірі авторлық ұйым – 1998 жылы құрылған «Қазақстан авторлар қоғамы» (ҚазАҚ) республикалық қоғамдық бірлестігі. Қазіргі таңда оған 5-6 мыңға жуық отандық автор мүше.
«Өз басымның ғана емес, осындағы 6 мың автордың қамын күйттеп келдім» деген ақын-драматург Шаяхмет Алжанбай бұл төтен тексеріс неге жұмысын бірізге қойған Қазақстан авторлар қоғамына ғана жүргізілгенін түсінбей дал. «ҚазАҚ қызметін тексеру жөніндегі қаулы 27 тамызда шыққан. 2026 жылдың 1 қыркүйегінде қалалық прокуратура қызметкері Н.Жүнісалы ҚазАҚ ұйымының атына 39 санаттағы құжаттар мен мәліметтерді, оның ішінде авторлармен жүргізілетін жұмысқа қатысты құжаттаманы ұсыну туралы талап жолдаған. Алайда құзырлы мекемелердің бұл істі заңды түрде қолға алғанын қандай негізге сүйенгенін нақты құқықтық негізде түсіндіруі тиіс. Авторлардан ешқандай арыз-шағым түсіп отырған жоқ. Қоғам жыл сайын өз жұмысы бойынша есеп береді. Сонда мұндай тексерістің негізгі себебі қандай? Алматы қалалық прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасы мен келісімінсіз өз өкілеттілігін асыра пайдаланып отыр ма? Біз осыған жауап алғымыз келіп, тиісті органдарға жазбаша өтініш жолдадық. Алматы қалалық прокуратурасы қоғамдық бірлестіктің қалыпты жұмысына кедергі келтіріп, заң талаптарын өрескел бұзып отырғанын жеткізгіміз келеді», – дейді Ш.Алжанбай.

Авторлық қоғамның негізгі міндеті – шығарма иесінің құқығын қорғауға, оның туындысы пайдаланылған жағдайда тиісті сыйақы алуына жағдай жасау. Бұл әсіресе ән, музыка, әдеби шығарма секілді көпшілік алдында жиі пайдаланылатын туындылар үшін маңызды. Бүгінде бір әннің әлеуметтік желіде, телеарнада, радиода, концертте, мейрамханада немесе басқа да қоғамдық орында қолданылуы бір ғана орындаушымен шектелмейді. Оның артында әннің сөзін жазған ақын, музыкасын шығарған композитор бар. Осы шығармашылық иелерінің туындысы коммерциялық айналымға түскен сайын автордың заңды үлесі де ескерілуі тиіс. Қазақстан Үкіметі бұған дейін авторлардың өз шығармаларының қай жерде және қалай пайдаланылып жатқанын бақылауына мүмкіндік беретін цифрлық платформа құру мәселесін көтерген болатын. Бұл бағыттың өзектілігі бүгінгі даудың аясында одан әрі арта түседі. Сондықтан авторлық құқық саласында ашықтық неғұрлым жоғары болған сайын дау-дамай да соғұрлым азаяды. Автор қанша шығарма жазды? Оның туындысы қай жерде пайдаланылды? Қанша қаражат түсті? Қаншасы авторға төленді? Қандай жағдайда төлем жасалмады? Осы сұрақтардың жауабы ашық жүйеде көрініп тұруы керек. Өйткені шығармашылық адамның өз еңбегінің ақысын сұрауы – артық талап емес. Бұл оның заңмен бекітілген құқығы.
Ақын-драматург Шаяхмет Алжанбай авторлық құқықтарды басқарудың цифрлық жүйесіне қатысты да алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, автор өзінің құқығын кімге сеніп тапсыратынын өзі таңдауы керек. «Біз өз авторлық құқықтарымызды ешкімге күштеп бермейміз. Оны кім басқаратынын автордың өзі шешуге тиіс», – деді ол.
Қаламақы тоқтаса, шығармашылық та тоқырайды
Мәселенің ең ауыр тұсы – тексерудің авторлардың қаламақысына әсер етуі. Баспасөз мәслихатына қатысқан шығармашылық өкілдері тексеру басталғалы авторлық сыйақы төлемдері тоқтағанын айтты. Яғни мәселе ұйымның ішкі жұмысына ғана қатысты емес, шығармашылықпен күн көріп отырған азаматтардың табысына да тікелей әсер етіп отыр.
Белгілі композитор Қадырғали Көбентайдың айтуынша, бізге ҚазАҚ арқылы төленетін қаражат – біреудің қайырымдылығы емес, автордың жасаған еңбегінің ақысы. «Ұғынықты тілмен айтқанда, бұл – рейдерлік басып алу. Алматы қалалық прокуратурасының қоқан-лоқы әрекеті соны көрсетеді. Себебі бұл мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым. Біздің жағдайымызды жасап, еңбегіміздің ақысын жинап беріп отырған – осы авторлық қоғам. Қазақ авторлар қоғамына келген жаңа басшы әлемнің біраз елін аралап, соның ішінде Аустралия, Қытайға дейін барып, келісімшартқа отырып келді. Нәтижесінде бізге олардан ақша түседі деген сөз. 6 мың автор бар деп есептесек, бұл – әжептәуір қаржы. Ал есепшотқа түсетін ақшаның иесі – авторлар, яғни бізге тиесілі. Бір қызығы, осыны білген тексергіштер есепшоттарға дейін бақылауға алады екен. Ол үшін авторлардан рұқсат сұрауы керек. Біз сонда адам емеспіз бе?! Бізді ешкім өз мүлкіндей көрмеуі тиіс. Қазір бәрінің көкейін тесіп тұрған – ақша. Автордың ақшасы ешкімнің қалтасына кетпеуі керек. Соңғы 6 жылда ауырып, ем-дом алып жүрмін. Ешқайдан айлық алмаймын. Менің дәрі-дәрмегімді көтеріп отырған осы ҚазАҚ. Біз бұл бассыздық әрекетке көз жұмып қарап отырмаймыз. Қажет болса, 6 мың автор көтерілуден тайынбайды, президентке хат жолдауға дайын. Сондықтан қалалық прокуратура қабылдаған заңсыз актілердің күшін дереу жою жөнінде шұғыл шара қабылдауды талап етеміз», – деді Қ.Көбентай.
Ал ақын әрі публицист Мұқан Мамытхан бұл тексерістің Бас прокуратура қаулысымен жүзеге асқанына күмәнмен қарайды. «Осы қоғамдық бірлестікке 30 жылдан бері мүшемін. Әдетте мұндай ұйымдар қай мекемеден тіркеуден өтті, солар ғана тексере алады. Ал қалалық прокуратураның орта жолдан араласуы – заңға қайшы. Екінші мәселе – 6 мыңнан аса автордың тікелей мүддесіне қатысты. Мұның артында қитұрқы ой болмаса, бұған бармайтын еді. Өйткені Қазақстанда авторлық қаламақы жинаумен айналысатын 22 қоғамдық ұйым бар. Оның көбі тіркеуден өтпеген. Соның ішінде бұл тексеріс неліктен дәл ҚазАҚ ұйымына бағытталып отыр? Бізге қайта-қайта шүйліге беруінің астарында не жатыр? Мақсаты – 6 мың авторлық ұжымды ыдыратып, не болмаса өзіне қаратып алу ма? Тіпті қаламақы жинап, ешкімге ұстатпайтын қалған ұйымдарға неге тісі батпайды? Әлде, осы заңсыздыққа айдап салып отырған қандай да бір күш бар ма? Бұл сұрақ авторларды да алаңдатады. Заң бәрімізге ортақ. Ол бір мекеменің өз қалауынша пайдаланатын құралы емес. Егер қандай да бір заңбұзушылық болса, оны көрсетсін», – десе, әнші-композитор Асқар Жайлаубаев ҚазАҚ айналасындағы мәселені тек бір ұйымға қатысты дау ретінде қабылдамауға шақырды.
Оның сөзінше, авторлық қоғам композитор, ақын және өзге де шығармашылық иелерінің еңбегін қорғап, шығармалары пайдаланылған кезде тиісті сыйақысын алуына мүмкіндік береді. «Біз, композиторлар үшін авторлық қоғамның жұмыс істеп тұруы аса маңызды. Әр әннің артында автордың еңбегі, уақыты, шығармашылық ғұмыры жатыр. Бұл еңбектің өтеуі болуы керек. Автор өз шығармасынан түсетін табыстан қағылмауы тиіс», – деді ол.
Алматы қалалық прокуратурасының жүргізіп жатқан тексерісін заңсыз деп таныған шығармашылық өкілдерінің пікірінше, соңғы кезде ұйымның қаржылық әлеуеті жақсарған. Алайда «Ән шырқалатын орындардан, радио, телеарналардан жылына қанша қаржы түседі?» деген сұраққа «Бұған бірдеңе айту қиын. Биыл ақша төлеп тұрған мейрамхана келесі жылы бөлмеуі мүмкін» деген мардымсыз жауап алдық. Бір айта кетерлігі, егер автор «Плагиат жасалды немесе авторлық құқығым сақталмады» деп шағым түсіріп, сотта жеңсе, өндірілген ақшаның 70 пайызы авторлар ұйымына тиесілі екен.
Жиналған шығармашылық топ президенттің әділетті қоғам құру ұстанымына сүйеніп, заң мемлекеттік органға да, қоғамдық ұйымға да, қарапайым азаматқа да бірдей қолданылуы тиіс екенін айта келе, автор өз туындысына қатысты құқықты кімнің басқаратынын өзі таңдауға және еңбегінен түскен сыйақысын кедергісіз алуға тиіс деп топшылады. Бірақ авторлардың бұл жанайқайына тиісті мемлекеттік органдар үн қатып, ләм-мим демеді.
Динара Мыңжасарқызы