Оқушы қыздар еккен лотос экологтарды неге алаңдатты?
Атырау облысында оқушы қыздар Жайық өзені маңындағы су айдынына лотос гүлдерін еккен.
Арада екі жыл өткенде жайқалып өскен лотостар Перетаска каналын көрікті жерге айналдырады. Ендігіде таңсық гүлді тамашалауға жергілікті тұрғындар да көп келетін болған. Негізі елеусіз жатқан су айдынының ажарын ашып, табиғатқа көрік бергенде тұрған не бар дерсіз? Алайда бұл оқиғаға экологтар алаңдап отыр. Мамандардың айтуынша, өсімдік инвазиялық сипат алып, бақылаусыз таралған жағдайда суда өсіп тұрған жергілікті өсімдіктерді ығыстыруы мүмкін. Ал бұл судағы оттегі мөлшерінің азаюына, тіпті балықтардың жаппай қырылуына әкеледі.
Атыраулық оқушы қыздар Шаттық Хами мен Айым Жангелді 2024 жылы қытайлық маркетплейстен лотос гүлінің тұқымын сатып алып, оны үй жағдайында өсіріп көрмекші болады. Алдымен гүл дәнегін аквариумға сеуіп көреді. Алайда одан еш нәтиже шықпаған. Кейін қалған тұқымдарды үй маңындағы Перетаска каналына шашқан. Арада бір жыл өткенде су бетінде лотостың алғашқы жапырақтары көріне бастаған, ал биылғы жазда өсімдік алғаш рет гүлдеген.
«Биыл лотостың гүлдегенін көрдік. Шыққанына екі ай болды. Осы аралықта лотос гүлін көруге халық жер-жерден келіп жатыр. Басында гүлдер кішірек еді, қазір үлкейді. Осы аумақты халықтың демалатын орнына айналдырғымыз келеді», – дейді қыздар.
Дегенмен экологтар Атыраудағы лотостарға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Айтуларынша, су айдынын көркейту мақсатында отырғызылған өсімдіктің өзі табиғи ортаға қауіп төндіруі мүмкін.

Бауыржан БИАХМЕТОВ, эколог: Экожүйеге өз білгеніңше өзгеріс енгізуге болмайды
– Мен экожүйеге өз бетіңше өзгеріс енгізуді құптамаймын. Кез келген тәжірибе алдымен жан-жақты зерттеліп, мамандардың оң қорытындысынан кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Өз білгеніңше әрекет етуге болмайды. Мұның салдарын әлемдік тәжірибеден де көріп жүрміз. Мәселен, Аустралияға сырттан жануарлардың түр-түрін әкеле бастағанда, олар жергілікті фаунаны ығыстырды. Тіпті өсімдіктердің кейбір түрлері де жойылып кетті. Көпшілік су айдынын өз бетінше көгалдандырудың экожүйеге кері әсерін ескере бермейді. Инвазиялық өсімдіктер тез таралып, су түбін көлеңкелейді де, жергілікті өсімдік түрлерін ығыстырады. Жергілікті ортаға тән емес өсімдік не балық түрін енгізу табиғи тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Лотостың шамадан тыс таралуы су айдынының батпақтануын күшейтіп, ондағы оттегі мөлшерін азайтады. Ал балықтың тіршілігі үшін оттегі аса маңызды. Өңірдегі балық түрлеріне ағынды су мен оттегі мөлшері жоғары орта қажет.
Лотосқа қатысты жағдай да әзірге толық зерттелген жоқ. Оның қоршаған ортаға нақты қалай әсер ететіні белгісіз. Оның үстіне қыздардың Қытайдан лотостың нақты қай түрін әкелгені де анық емес. Сондықтан түрі белгісіз өсімдікті табиғи ортаға енгізуге келгенде аса сақ болған жөн. Лотос жайылған айдында өсімдіктің жаңа ареалы қалыптасып келе жатқан болуы мүмкін. Ал оның су астындағы экожүйеге нақты әсерін арнайы зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Өйткені лотостың да түрі көп. Қазір, ең алдымен, лотостың қаншалықты таралғанын және экожүйеге ықпалын анықтау қажет. Егер зерттеу нәтижесінде оның кері әсері расталса, тиісті шара қабылдап, өсімдікті жоюға болады. Мұндай жұмыс неғұрлым ерте қолға алынса, соғұрлым жеңіл. Ал уақыт өте келе лотос көбейіп, таралу аумағын кеңейтсе, оны бақылау да, жою да қиындай түседі. Дегенмен лотостың су айдынына нақты қандай әсер етіп отырғанын қазір дөп басып айту қиын. Ол үшін өсімдікке зерттеу жүргізіп, су құрамына талдау жасау қажет. Ең бастысы, бұл су айдыны көпшілікке ортақ. Егер ол жекеменшік аумақ болмаса, мұндай өсімдіктерді табиғи ортада өз бетінше отырғызуға болмайды.
Құзырлы органдар не дейді?
«Жас Алаш» редакциясы бұл жағдайға қатысты Атырау облысындағы құзырлы органдарға хабарласып, мардымды жауап ала алмады. Осыдан соң Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сауал жолдадық. Комитет редакцияға берген ресми жауабында Атыраудағы Перетаска каналында өсіп тұрған лотос алқабына қатысты жағдайды қосымша зерттеу қажет екенін мәлімдеді.
«Атырау қаласындағы су айдындарының біріне отырғызылған лотостардың жайқалып өсуіне қатысты жағдайды бейінді мамандарды тарта отырып, қосымша зерттеу қажет. Ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, аталған өсімдіктің тұқымы шетелден сатып алынып, кейіннен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан тыс орналасқан су айдынына отырғызылған. Сонымен қатар қазіргі уақытта бұл өсімдіктердің нақты түрі мен түрішілік типін, шығу тегін және жергілікті лотос популяциясымен сәйкестігін ғылыми тұрғыдан растау керек», – делінген министрлік мәліметте.
Сонымен қатар министрлік бөгде өсімдік түрлерін жергілікті табиғи ортаға егуге тыйым салынғанын да атап өтті.
«Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, интродукциялау дегеніміз – өсімдік түрлерін олардың табиғи өсетін және тіршілік ететін ортасынан тыс аумаққа қасақана немесе кездейсоқ отырғызу. Аталған заңның 19-бабына сәйкес, өсімдіктерді интродукциялау және жерсіндіру тиісті хабарлама негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте өсімдіктердің бөгде түрлерін табиғи өсімдіктер арасына отырғызуға жол берілмейді. Заң талаптарына сәйкес, мұндай жағдайда тұқым немесе отырғызатын заттың шығу тегі мен көлемі, егілген жері мен мерзімі туралы мәліметтер, импорт кезінде жүргізілген карантиндік фитосанитариялық бақылау құжаттары, сондай-ақ тұқымға немесе отырғызу материалына қатысты паспорт пен интродукциялау немесе жерсіндіруге табиғатты қорғау және ғылыми ұйымдардың ұсыныстары болуы қажет», – делінген хабарламада.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, лотос өсіп тұрған аумақ тексеріледі.
«Тексеруге Ботаника және фитоинтродукция институтының жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы бөлімінің мамандары қатысады. Зерттеу барысында лотостың нақты түрі мен отырғызу материалының шығу тегі анықталып, оның өсіп-өну жағдайы және өздігінен таралу мүмкіндігі зерделенеді. Сонымен қатар өсімдіктің жергілікті су айдыны мен жағалаудағы өсімдік жамылғысына әсері бағаланады», – делінген ресми жауапта.
Министрліктің мәліметінше, Ботаника институтының алдын ала дерегінде бұл өсімдік Қызыл кітапқа енгізілген түрге жатпайды. Ал өз бетінше лотос өсіруге талпынған қыздардың ата-анасына қандай шара қолданылатыны айтылмады. Нақты шешім мамандардың зерттеуінен кейін ғана белгілі болмақ.
Қазақстанда өсімдіктер өсетін ортаны қорғау талаптарын бұзу, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін заңсыз көшіру, жерсіндіру, қайта жерсіндіру немесе будандастыру әкімшілік жауапкершілікке (378-бап) әкеледі. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 8 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 14 АЕК, орта бизнеске – 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК мөлшерінде ескерту жасалып немесе айыппұл салынады. Егер бұл заң бұзушылық ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалса, жауапкершілік күшейеді. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 15 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта бизнеске – 50 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде ескерту жасалып немесе айыппұл салынады.
Бұған дейін Атырау облысында лотостың табиғи түрде өсетін негізгі аумағы Құрманғазы ауданы саналып келген. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш пен Шароновка өзендерінің арналарында шілде-тамыз айларында лотос гүлдері жайқалады. Бұл ауданындағы лотос алқаптары бүгінде туристер жиі баратын танымал орындардың біріне айналған. Жалпы Каспий маңына лотос гүлдерін Ұлы Жібек жолы арқылы Үндістан мен Қытайдан саудагерлер алып келген деседі. Қазір Атырауда лотос өсіруге бағытталған тағы бір тәжірибелік жоба жүзеге асырылып жатыр. Қытай мамандарының қатысуымен Тухлая Балка аумағында шамамен 500 шаршы метр жерге 270 түп лотос отырғызылған.
Маржан Сәбет