Сараптама

Жұмыссыздық «жоғалды»

Білгендігі ғой, Қазақстан Үкіметі жұмыссыздық деңгейін соңғы бірнеше жыл бойы 5 пайызға жетер-жетпес дәрежеде «ұстап» тұр.

Жұмыссыздық

Демек, қалған 95 пайыз еңбекке жарамды жұрт екі қолына бір күрек тапқан. Шынын айтсақ, дәл мұндай көрсеткішке дамыған елдердің кейбірі әлі күнге дейін жете алмай келе жатыр. Ал біз «андағайлап», алға кететін түріміз бар. Өйткені күні кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов тапсырма берді де, оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «қабылдап» алды.

Жуырда болған Үкімет отырысында премьер-министр «Еңбек нарығындағы жағдай қалай?» деп министрден сұраған көрінеді. Ертаев бүй депті: «Жыл басынан бері Электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс берушілер 845 мың бос жұмыс орнын жариялады. Оның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтары. Жалпы, азаматтарымыздың 60-70 пайызы сол еңбек порталы арқылы жұмыс табады. Бірақ жұмыс орындарының 30-40 пайызы толтырылмайды. Сол себепті жұмыс берушілер бос орындарды уақытылы толтыру үшін шетелдік жұмысшыларды тартады. Жыл сайын елімізге 300 мыңдай шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазір қосымша цифрлық жүйені іске қосып жатырмыз».

Міне, осы арада Үкімет басшысы мен министр арасында мынадай диалог орнаған:

Олжас Бектенов:

– Бір миллионға жуық жұмыс орны бар. Яғни жұмыс істеймін деген адамға жұмыс әрдайым табылады?

Асқарбек Ертаев:

– Жұмыс бар. Істеймін деген адамға жұмыс табылады.

Олжас Бектенов:

– Мыңдаған адамды, мамандарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Осы жұмыс тоқтап қалмасын деп. Солай ма?

Асқарбек Ертаев:

– Солай.

Олжас Бектенов:

– Мұны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет. Елімізде «жұмыс жоқ» деген сөз болмауы керек. Солай ма?

Асқарбек Ертаев:

– Қабылданды.

Енді Асқарбек Ертаев не істейді? Халыққа «дұрыстап түсіндіре» ме, әлде «жұмыс жоқ» деп «оттап» жүргендердің аузына құм құя ма? Тапсырманы қабылдап алғаннан кейін ары қарай не істейтінін өзі білетін шығар. Бірақ біздің бір түсінбегеніміз, 845 мың бос жұмыс орнының жартысы қандай мамандықтарға қатысты екені жұмбақ күйінде қалыпты. Мысалы, 432 мың жұмыс орнының кімдерге арналғаны белгілі. Ол – жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Яғни механик, слесарь, электрик, дәнекерлеуші, т.б. Қара жұмысқа ыңғайы бар қазақстандық сол орынның 60-70 пайызын толтырыпты. Қалған орындарға шетелдіктер иелік еткен.

Ал қалған 413 мың бос жұмыс орны қандай мамандықтарға арналған? Бізге қандай кәсіп иелері жетпейді? Іштен маман табылмай, аттай қалап, сырттан алдырғандар қандай шаруаның басын қайырды? Олар кімдер өзі? Қайсысы қайдан келді? Міне, осының бәрі ашық айтылса, шетелдік жұмыс күшінің орнын басатын адамдар өзімізден де табылуы мүмкін еді. Дәл қазір табылмаса да, соған ұмтылатын жастар легі қалыптасар еді.

Міне, осылай болмағаннан кейін «жұмыссыздықты «жоюдың» өзге де себептері бар секілді көрінеді. Ол қандай себептер? Басқасын қайдам, «екі қолын төбесіне қойып», үйінде жатып жәрдемақы алатын «жатыпішерлер» бюджетке салмақ түсірді. Мысалы, 2024 жылы Үкімет жұмысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы төлеу үшін 79,3 млрд теңге қаржы шығындаса, бұл көрсеткіш 2025 жылы 118,5 млрд теңгеге өскен. Өйткені «бекер жатып» ақша алатындар 2024 жылғы 275,7 мың адамнан 2025 жылы 331,7 мың кісіге дейін көбейді. Ал биыл қанша азаматтың жәрдемақымен «жан бағып» жатқаны белгісіз. Соған байланысты, 2026 жылдың 1 қазанынан жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі әу бастағы 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Бұл – бір.

Екіншіден, жаңа тәртіп бойынша «жатыпішерлер» жұмыссыз мәртебесінен айырылып қалуы да мүмкін. Егер Мансап орталығы лайықты жұмыстың үш нұсқасын атап, жұмыссыз адам одан бас тартса, бірден есептен шығарылады.

Былай қарасаңыз, мерзімін кемітіп, талабын күшейтіп, «бас қатырып» жүргенше, жұмыссыздық дейтін «жарымағырды» басыбүтін «жоқ қылған» да дұрыс секілді көрінеді. Енді онымен қалай күресіп, қандай айла қылатыны – Асқарбек Ертаевтың өзіне байланысты.

Бір қызығы, 5 пайызға жетпейтін жұмыссыздық деңгейі Қазақстан үшін аса ұялатын нәрсе емес еді. Мысал үшін деп айтайық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Германиядағы жұмыссыздық көрсеткіші 6,2 пайызды көрсетті. Италияда – 6,3, Францияда – 7,9. Ендеше, біз неге дамыған Еуропа елдерінен ұялуымыз керек?

Былайынша, тәп-тәуір жұмыссыздық көрсеткішінің өзімізге «жақпайтын» бір жаман жері – көршілеріміз құйрық тістесіп, артымыздан қалмай келеді. Мысалы, 2025 жылғы Қазақстанның көрсеткіші 4,6 пайыз болған. Ал Өзбекстандыкі – 4,9. Қытайдыкі – 5,2. Байқап тұрсыз ба, айырма онша алшақ емес.

Енді мына қызыққа қараңыз, қиын қылғанда, қырғыздар алдымызды орап кетті ғой. Алатаудың арғы бетіндегі жұмыссыздық деңгейінің мөлшерін айтсам, шалқаңыздан түсуіңіз мүмкін. Бірақ айтпасқа амал кем, Қырғызстандағы жұмыссыздық – 1,4 пайыз.

Көрдіңіз бе, өткенде көкпардан – бір, көкбөріден – екі жеңілдік. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша «жығылған» түріміз – мынау. Сондықтан Үкімет басшысының тапсырмасы да, оны «шып-шырғасын» шығармай «қабылдап» алған министрдікі де орынды секілді. Солай емес пе? Әлде Сіздің басқадай ойыңыз бар ма?

Сансызбай НҰРБАБА   

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз