Сараптама

Ескі көлік иелері Алматыға ақы төлеп кіре ме?

Естіген боларсыз, Алматы әкімдігі жаңа ереже ойлап тапты. Биыл 1 қыркүйектен бастап мегаполисте тіркелген және қалаға кіріп-шығатын барлық автокөлік тексерістен өтіп, экологиялық нормаға сай келетінін дәлелдеуі қажет.

Ескі көлік

Алматы қаласының экологиялық жағдайы мәз емес екені рас. Мамандар экологияны оңалтудың түрлі жолын ұсынып келеді. Мысалы, энергетикалық нысандарды азайту, жеке сектор мен өнеркәсіп орындарында көмір жағуды шектеу, жеке автомобиль санын азайтып, қоғамдық көлік желісін дамыту сияқты тәсілдер ұсынылған. Ал қала билігі ескі көліктерді басты нысанаға алып отыр.

Әңгімеміз түсінікті болу үшін алдымен бірнеше терминді нақтылап алайық. Бірінші термин – LEZ-аймақ (Low Emission Zone). Бұл ластану деңгейі төмен аймақ дегенді білдіреді. Яғни мегаполисте экологиялық нормаға сай келмейтін көліктер кірмейтін, ауаға зияны бар иіс-қоңыс шықпайтын, ауасы саф таза аудандар болады. Қалалық мәслихат ластану деңгейі төмен аймақтарды белгілеуге қатысты экологиялық ережені былтыр 30 желтоқсанда қабылдаған. Ал биыл сәуірде алғашқы LEZ-аймақ белгіленді. Оның шекарасы Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысымен шектеледі. Болашақта әкімдік мұндай аймақты қала шекарасына дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Екіншіден, техникалық байқау мен техникалық тексерістің ара-жігін ажыратып алу қажет. Көлік мініп жүрген ағайын жақсы біледі, көлік құралын жыл сайын міндетті техникалық байқаудан өткізу қажет. Бұл процедураны жұрт қысқартып «техосмотр» деп атайды. Заң бойынша, техбайқаудан өтпеген машина жолға шыға алмайды. Ал Алматыда 1 қыркүйектен бастап күшіне енген техникалық тексеріс – бұдан мүлде бөлек процедура.

«Міндетті техникалық байқау автомобильдің жалпы техникалық жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық тексеріс ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес зиянды шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған. Мұнда мамандар бензинмен және газбен жүретін машинадан шыққан газдың зиян мөлшерін, ал дизельді көліктің түтін мөлшерін өлшейді», – дейді алматылық шенділер.

1
Фото: ашық дереккөз

Жаңа ереженің мәні неде?

Демек, Қазақстанның басқа өңіріндегі автомобильдер жыл сайын бір ғана техбайқаудан өтсе, Алматыдағы машиналар екі техникалық тексерістен өтеді. Әдетте техбайқаудан өткен соң көліктің жолға шығуға жарамды екенін растайтын диагностикалық карта беріледі. Ол ресми дерекқорда сақталады, полицейлер машина техбайқаудан өткен-өтпегенін базадан қарап, тексере алады. Сол сияқты Алматыда енгізіліп жатқан техникалық тексерістің нәтижесі де дерекқорда тұрады. Полиция «Сергек» камералары арқылы қай машина экологиялық тексерістен өткенін анықтай алады. Ал тексерістен өтпеген машинаның LEZ-аймаққа кіруіне тыйым салынады. Мұндай аймақ болашақта қала шекарасына дейін кеңейтіледі, демек, сол кезде зиян газ шығаратын көліктер Алматыға кіре алмайды деген сөз.

Жоспар бойынша, 2027 жылы 8 қаңтардан бастап экологиялық тексерістен өтпеген немесе нормаға сай келмейтін көлік таза аймаққа кірсе, Әкімшілік кодекстің 334-бабы бойынша айыппұл салынады. Атап айтқанда, ескі көлікпен таза аймақта жүргені үшін жеке тұлға – 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге), заңды тұлға – 100 АЕК айыппұл арқалайды. Ережені бір жылда қайталап бұзса, айыппұл мөлшері екі есе өседі.

Техбайқау – ақылы қызмет. Жүргізуші жыл сайын бір мәрте көлігін тексертіп, ақы төлейді. Сомасы машинаның типі мен өңірге байланысты 5-12 мың теңге болады. Сол сияқты Алматы билігі енгізген техникалық тексеріс те ақылы болмақ. Қызмет құны 3-4 мың теңге болады деген болжам бар. Яғни алматылық жүргізушілер жылына екі рет тексерістен өтіп, екі рет ақы төлейді.

Бірақ бұл жердегі басты мәселе – процедураның ашықтығында болып тұр. Тексеріс заңды түрде жүріп, көліктің шынайы жағдайы анықтала ма? Өйткені қазіргі міндетті техбайқаудың өзінде жалғандық көп екені жасырын емес. Жүргізуші техбайқау жасайтын орталыққа барып, белгіленген ақыны төлейді, ал ондағы мамандар көлікті жүрдім-бардым қарап, диагностикалық картаны жасап бере салады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары техбайқау формалды түрде ғана өтетінін айтып, одан бас тартуды бірнеше мәрте ұсынған. Мысалы, 2022 жылы депутат Айқын Қоңыров сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, техбайқау шынайы өтпейтінін айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанда жылына миллиондаған машина міндетті тексерістен өтіп, көлік тексеретін орындар 7-13 млрд теңге табыс табады. Бірақ көлікті тексеру процесін сыбайлас жемқорлық жайлаған. Сондай-ақ жалған диагностикалық карта жасау деректері де тіркелген. Атап айтқанда, 2021 жылы Антикор мен Бас прокуратура 4 жылда 260 мың жалған техбайқау құжатын жасаған қылмыстық топты ұстаған еді.

Сарапшылар Алматыдағы экологиялық тексеріс те осындай бұралаң жолға түсіп, жүргізушілерді әуреге салу мен ақша жинаудың амалына айналмай ма деп қауіптенеді. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жүргізуші экологиялық тексерістен өту үшін арнайы қажет құрал-жабдығы бар аккредиттелген станцияға баруы қажет. Қазір Алматыда мұндай 20 станция жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Экологиялық тексерістің әділ өтетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл тұрғыда екі түрлі қауіп бар. Біріншіден, тексеріс жүргізетін мамандар көлігі нормаға сай келетін жүргізушіні жалған дерекпен алдап, ақы талап етуі мүмкін. Екіншіден, көлік экологиялық нормаға сай келмесе де, жүргізушіден ақы алып, жалған құжат жасауы ғажап емес.

Айтпақшы, шыққанына 7 жыл толмаған автомобиль бізде техбайқаудан өтпейді. Бірақ Алматы билігі экологиялық тексерісте мұндай жеңілдік жасауға қарсы. Олар шыққанына бір жылдан асқан барлық автомобильді тексерістен өткізбек. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы дерегі бойынша, Алматы қаласында 730 мың көлік құралы ресми тіркелген. Сондай-ақ мегаполиске күн сайын 400 мың машина кіріп-шығады. Демек, әкімдік миллионға жуық машинаны экологиялық тексерістен өткізеді деген сөз. Бұл жұмысқа қанша қаржы жұмсалатыны, көлік иелері төлеген ақы кімнің қалтасына түсетіні қазірше белгісіз.

Мегаполис әкімдігінің бұдан да радикалды тағы бір жоспары бар. Ол – қалаға кіруді ақылы ету. Яғни экологиялық талапқа сай келмейтін ескі машина мінген ағайын қалаға кіргені үшін ақы төлейді. 2025 жылы қазан айында экологиялық класы Еуро-5-тен төмен көліктерге осындай «салық» енгізілетіні туралы ақпарат тараған. Бұл ереже күшіне енсе, шамамен 300 мың техника «қара тізімге» енеді екен. Жоспар бойынша, ескі автомобиль тәулігіне 0.4 АЕК (2026 жылы 1730 теңге) ақы төлеуі тиіс болған. Бірақ бұл ұсынысты Әділет министрлігі қолдамады. Бірақ қала әкімдігі қалаға кірген көліктен ақы алу идеясынан түбегейлі бас тартқан жоқ. Қазір шенділер түрлі нұсқаны қарастырып жатыр, біраз уақыттан кейін жүйе күшіне енуі мүмкін.

Жаңа ереже азаматтардың құқығына қол сұғу емес пе?

Алматыда экологиялық класы төмен көліктер саны 300 мыңнан асатынын айттық. Бұл – қаладағы автопарктің жартысына жуығы. Ендеше, осынша адамға «көлігің нормаға сай келмейді, жаяу жүр» деу қаншалық заңды?

ІІМ дерегінше, Қазақстанда 5 миллионнан аса жеңіл автомобиль тіркелген. Оның 40 пайызының – зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан. Шыққанына 3 жылдан аспаған жаңа техниканың үлесі – 6-7 пайыз ғана. Ал жалпы жеңіл көліктердің «орташа жасы» – 20 жыл. Демек, жолда жүрген машиналардың басым көбі ескірген.

Автопарктың бұлай ескіруіне биліктің өзі кінәлі. 2016 жылы утилизация бағдарламасын енгізіп, шетелден жаңа автокөлік әкелуге шектеу қойды. Отандық автоөндірісті де дамыта алмады. 2025 жылы шетелден келген дайын бөлшектерден автомобиль құрастыратын зауыттарымыз 158 мың техника шығарыпты. Бұл – жалпы автопарктың 3 пайызы ғана. Осы қарқынмен жалғастырғанда, автопаркты тұтас жаңарту үшін 30 жылдан аса уақыт қажет. Бірақ биыл шыққан жаңа машина 30 жылдан кейін тағы ескіретінін ескерсек, елдегі автозауыттар автопаркты ешқашан жаңарта алмайды деген сөз.

Осы жағдайларға байланысты көлік бағасы қатты өсіп, қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз болып кетті. Салдарынан елде ескі машина мініп, есі кетіп жүргендер көбейді. Кейінгі жылдары жолда Қытайдан жеткізілген және елде құрастырылған жаңа машиналар көбейгенін көріп жүрміз. Бірақ баға көптеген шет мемлекетпен салыстырғанда әлі де өте жоғары. Оның үстіне жаңа машина мініп жүргендердің көбі несиеге алғаны белгілі. Ұлттық банктің дерегі бойынша, 2026 жылы 1 маусымда Қазақстанда автонесиенің жалпы сомасы 4,2 трлн теңгеге жеткен.

Ендеше, билік жаңа автокөлік ала алмай, ескі техникаға байланып жүрген азаматтардан экологиялық норманы қалай талап етеді? Халыққа мұндай талап қою үшін алдымен шынайы бәсекелестікке жол ашып, автоөндірісті дамыту қажет, шетелден машина әкелуге қойылған шектеулерді алып тастау қажет, автонесие бағдарламаларын жақсартып, көлік бағасын қолжетімді ету керек. Сондай-ақ халықты қолындағы ескі техниканы тастап, жаңа машина алуға ынталандыру үшін түрлі қолдау шараларын қолға алу ләзім. Мысалы, бұрын ескі көлігін утилизацияға өткізген адамға белгілі мөлшерде ақша немесе жаңа көлік алуға арналған сертификат берілетін. Осы бағдарламаны жетілдіретін кез келді. Билік ескі көліктерді сатып алып, жаңасын алуға жеңілдік жасаса, ешқандай айыппұлсыз-ақ тұрғындар жаңа көлікке ауысар еді.

Сондай-ақ қоғамдық көлік желісін дамыту да кезек күттірмейді. BRT, LRT, метро және автобус жолағын жетілдіру тағы бар. Тұрғындар кез келген жерге автобуспен жылдам және қауіпсіз жете алса, «атынан» өзі-ақ түсер еді. Ал біздегі жарты сағатта бір келетін күркілдек көне автобустарға сеніп, жолға жаяу шығуға ешкім дайын емес.

Айталық, Лондонның орталығына жеке көлікпен кіру ақылы, елдің бәрі автобус немесе метроға мінеді. Өйткені ол елде қоғамдық көлікпен жүру жеке көлік мінгеннен әлдеқайда тиімді. Мұның бірін де істемей жатып, халықтың жүріп-тұруына нұсқау беруге ешкімнің моральдық құқығы жоқ. Бәріміз білетіндей, КСРО кезінде қазақтарды қалаға келтірмеудің негізгі жолы – тұрақты тіркеуді талап ету болатын. Тіркеуге тұратын үй таппаған азаматтар амалсыз ауылына қайтатын. Алматы әкімдігі осы сәбеттік әдіске басып, көне көлік мінгендерді қаладан қумақшы. Бұл адамның еркін жүріп-тұру құқығын шектемей ме?..

Роза Өміртай
Роза Өміртай

Біз заңгер Роза ӨМІРТАЙҚЫЗЫНА хабарласып, осы сұрақты қойдық. Заңгер бұл шара Алматы экологиясы үшін аса қажет екенін, тұрғындардың жүріп-тұру құқығын шектемейтінін айтады.

«Алматы – елдегі ауа сапасы ең нашар қалалардың бірі. Сондықтан мұндай шектеу шараларын қолға алуды қолдаймын. Бұл азаматтардың құқығын шектемейді. Тұрғындар қоғамдық көлікпен, таксимен жүрсе болады деп ойлаймын. Алматы, Астана сияқты қалаларда экологияны жақсарту үшін қажетті шараларды дер кезінде қолға алу керек», – дейді сарапшы.

Бірақ Алматы тұрғыны Ернұр Жарқынұлы әкімдік шешімімен келіспейді. Ол заңды түрде сатып алған автомобилін қалаға кіргізбей қоюға ешкімнің қақысы жоқ деп санайды.

«Күн сайын екі баламды мектепке тасимын, өзім жұмысқа барам. Сол мақсатта машина сатып алдым. Жыл сайын салығын төлеймін, техбайқаудан өтемін. Бәрін заң талабына сай жасап жүрмін. ҚР Жол ережесін сақтауға тырысам, ереже бұзсам – айыппұлын төлеймін. Көлігім ескі екені рас, экологиялық талапқа сай келмеуі де мүмкін. Бірақ сол үшін қалаға кіргізбей қойса, менің заңды құқығымды шектегені емес пе? Автобуспен немесе таксимен бала-шағаны барар жеріне жеткізу қиын. Қалада мен сияқты жүргізушілер көп. Әкімдік осы жағын ескеретін шығар», – дейді тұрғын.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз