Психикалық саулық: статистика астарында қандай мәселе жатыр?
Елімізде психикалық денсаулық мәселесі біртіндеп қоғамның көлеңкеде қалып келген тақырыптарының қатарынан шығып, ашық талқыланатын мәселеге айнала бастады.
Бұған медициналық статистикадағы өзгерістер де себеп. Соңғы жылдары психикалық ауытқуы алғаш рет анықталған азаматтардың саны айтарлықтай өскен.
Бірақ бұл көрсеткішке қарап, «қоғамды жаппай психикалық дерт жайлады» деген қорытынды жасаудан аулақпыз. Өйткені статистиканың ар жағында аурудың таралуымен қатар, диагностика сапасы, медициналық көмектің қолжетімділігі және адамдардың маманға жүгіну мәдениеті сияқты бірнеше фактор тұр.
Денсаулық сақтау саласының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы елімізде психикалық бұзылыс алғаш рет 8,5 мың адамнан анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,5 мыңға жеткен. 2026 жылдың алғашқы үш айында сырқаттанғандар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 15,7 пайызға артқан. Мәселен, статистика бойынша Батыс Қазақстан облысында – 90,3 пайыз, Қызылорда облысында – 49,3 пайыз, Алматыда – 33,8 пайыз, Жамбыл облысында – 33 пайыз.
2025 жылы психикалық денсаулыққа байланысты медициналық көмекке 255,8 мың адамның жүгінуі де мәселенің айтарлықтай ауқымды екенін аңғартады. Дегенмен мұның бәрін психикалық бұзылысы бар адамдар деп қабылдауға болмайды. Алғашқы диагноздардың өсуіне халықтың медициналық сауатының артуы, мамандарға жүгінудің көбеюі және бұрын анықталмай келген жағдайлардың тіркелуі де ықпал етеді.
Сондықтан басты назар «Қоғам адамның психологиялық жағдайына қаншалықты назар аударып отыр және адамдар не себепті жан жарасын іште сақтап келеді?» дегенге ауғаны дұрыс сияқты.
Баланың көңіл күйі – қоғамның айнасы
Мәселенің ең алаңдатарлық тұсы – балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштің өсуі. 2021 жылы 14 жасқа дейінгі балаларда алғашқы психикалық ауытқу көрсеткіші 80,2 болса, 2025 жылы 147,3-ке жеткен. Яғни төрт жылдың ішінде көрсеткіш шамамен 1,8 есеге артқан. 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында да өсім бар: 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 46,2-ден 65,9 жағдайға дейін жоғарылағанын байқаймыз.
Бұл сандарға тек медицина тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Өйткені баланың психологиялық жағдайы оның денсаулығымен ғана емес, күнделікті өмір сүретін ортасымен де тығыз байланысты. Отбасындағы ахуал, ата-анамен қарым-қатынас, мектептегі орта, құрдастарының ықпалы, оқу жүктемесі, әлеуметтік желі – осының бәрі баланың ішкі әлеміне әсер етеді.
Қазіргі баланың өмірі бұрынғыдан әлдеқайда күрделі ақпараттық ағым арасында өтіп жатыр. Бір күннің ішінде ол ондаған, тіпті жүздеген түрлі ақпарат қабылдайды. Әлеуметтік желідегі үздіксіз салыстыру, кибербуллинг, сыртқы келбетке қатысты талаптар, танымал болуға ұмтылыс, оқу мен болашаққа қатысты қысым жасөспірімнің эмоционалдық ресурсын әлсіретуі мүмкін.
Алайда баланың аяқ астынан тұйықталуын немесе ашуланшақтығын психика бұзылысының белгісі деп қабылдау да дұрыс емес. Балалық және жасөспірімдік кезеңнің өзіне тән эмоционалдық өзгерістері болады. Мәселе – уақытша көңіл күй мен ұзақ уақытқа созылған өзгерісті ажырата білуде.
Мысалы, бала бұрын қызығып жүрген ісінен біртіндеп бас тартып, адамдармен араласуды тоқтатса, сабаққа деген қызығушылығы күрт төмендесе, ұйқысы немесе тәбеті өзгерсе, үнемі мазасызданып жүрсе, мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Ең бастысы – бірден жазалау немесе кінәлау емес, оның жағдайын түсінуге тырысу. Мамандардың пайымынша, адамның виртуалды кеңістікке шамадан тыс берілуінің артында кейде шынайы өмірдегі эмоционалдық қажеттіліктердің өтелмеуі, қарым-қатынас пен жағымды эмоцияға деген сұраныс жатуы мүмкін.
Демек, баланың телефонын алып қою мәселенің түпкі шешімі емес. Егер оның жанында өзін еркін сезінетін ортасы, тыңдайтын адамы, сенімді қарым-қатынасы болмаса, виртуалды әлемнен алыстаған баланың орнына басқа бір тәуелділік келуі ықтимал. Осы тұста отбасының рөлі айқын көрінеді. Балаға күн сайын «Сабағыңды оқыдың ба?» дегеннен гөрі, «Бүгін өзіңді қалай сезіндің?» деп сұраудың өзі маңызды екен. Себебі психологиялық қолдау кейде күрделі әдістемеден емес, қарапайым адамдық қарым-қатынастан басталады.

Күлмаш Елшібаева, Психология ғылымдарының кандидаты, профессор: Негізгі себеп – ұзаққа созылған стресс, әлеуметтік-экономикалық қысым
– Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, ақпараттық тұрғыдан сауатты. Сондықтан психикалық саулығын қалыпта ұстау үшін, алдын алып check-up өтіп, қаралады. Әрбір адам психолог, психиатр, психотерапевтті ажырата алатын деңгейге жетті. Бәлкім, көрсеткішке дертке шалдықпағандар да енген шығар. Жалпы, психикалық ауруға душар болуға негізгі себеп – ұзаққа созылған стресс, әлеуметтік-экономикалық қысым, отбасылық және тұлғааралық мәселелер, ақпараттық жүктеменің артуы, ұйқының бұзылуы және психологиялық көмекке жүгіну мәдениетінің біртіндеп қалыптасуы. Ал салдарына келсек, психикалық бұзылыстардың ерте анықталуы мен медициналық көмекке жүгінудің артуы, еңбек және оқу қабілетінің төмендеуі, отбасылық қиындықтар және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің көбеюі айтарлықтай артты.
Меніңше, көрсеткіштің өсуі әрдайым психикалық бұзылыстардың нақты көбеюін ғана білдірмейді, диагностика мен халықтың көмекке жүгіну белсенділігінің артуы да әсер етеді. Сонымен бірге әр өңірдің экологиялық ерекшеліктері де тұрғындардың денсаулығына, соның ішінде психикалық дертке ұшырауына психосоматикалық жағынан аса зор ықпалы бар. Оны енді көбінесе экологтар, химиктер, биологтар ашып айтады, олар бұл пайымдауымды расқа шығарады деген ойдамын.
Әлеуметтік желі кінәлі ме, әлде?
Психикалық денсаулық туралы әңгіме қозғалғанда әлеуметтік желіні басты себеп ретінде көрсету әдетке айналды. Расында, оның адам психикасына едәуір ықпалы бар. Бірақ мәселенің бәрін телефон мен интернеттен көрудің астарында күрделі құбылысты тым қарабайыр етіп түсіндіру жатқан сияқты.
Әлеуметтік желі көбіне адамның ішкі мәселесін туындататын жалғыз себеп емес, оны күшейтетін орта болуы мүмкін. Өзін жалғыз сезінетін, отбасынан эмоционалдық қолдау таппайтын немесе өзіне деген сенімі төмен адам виртуалды кеңістіктен өзін бағалаудың, мойындалудың жолын іздейтіні кәдік.
Бұл тұрғыда мәдени және экзистенциялық психология бағытында жұмыс істейтін Нұргүл Молдабайқызының ұстанымдары да психикалық саулықты жеке адамның проблемасы ретінде ғана емес, оның өмір сүріп отырған әлеуметтік және мәдени ортасымен байланысты қарастырудың маңызын көрсетеді.
Бұл жерде қазіргі қоғамның жалпы өмір ырғағына назар аударған жөн. Бүгінгі адам бір мезетте бірнеше міндетті алып жүруге тырысады: жұмыс, отбасы, қаржы, бала тәрбиесі, өзін дамыту, әлеуметтік ортаға бейімделу. Бұған ақпараттың шамадан тыс көптігі қосылады. Адам демалған сәттің өзінде телефоны арқылы жаңалық оқып, хабарламаға жауап беріп, өзгелердің өмірін бақылап отырады. Осындай үздіксіз ақпараттық қысым адамның психологиялық ресурсын азайтуы мүмкін. Әсіресе өзіне жоғары талап қоятын адамдарда «бәріне үлгеруім керек», «басқалар менен озып кетті», «менің жетістігім жеткіліксіз» деген ішкі қысым пайда болады.
Қаржылық тұрақсыздық, тұрғын үй мәселесі, отбасылық жанжал, жалғыздық, жұмыссыздық немесе еңбекке шамадан тыс берілу де психологиялық жағдайға әсер ететін факторлардың қатарында. Сондықтан психикалық денсаулықты тек медицина саласының мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз.
Қоғамда тағы бір қалыптасқан түсінік бар. Ол – адамның психологиялық қиындығын «өзі жеңуі керек» деген көзқарас. «Қазір кімде мәселе жоқ, бәрінде бар», «өмірдің қиындығына шыдасақ, бұдан да өтеміз ғой» деген ойлар кейде адамның шынайы жағдайын елемеуге әкеледі.
Әрине, өмірде өтпелі кезеңнің, қиындықтың болуы – қалыпты. Адамның кей кездері көңіл күйінің түсуі, шаршауы немесе уайымдауы да табиғи құбылыс. Бірақ мұндай жағдай ұзаққа созылып, адамның оқуына, жұмысына, отбасымен қарым-қатынасына және күнделікті тіршілігіне зардабын тигізе бастаса, оған бейжай қарап, елемеуге болмайды. Психологиялық көмекке жүгінудің қажеттілігі де осында. Психологқа бару адамның әлсіздігін білдірмейді. Керісінше, өзінің жағдайын түсінуге және оны басқаруға ұмтылғанын көрсетеді.

Бақыт Дастанқызы, психолог, практик: Психологиялық көмекке жүгіну қалыпты құбылыс
– Менің ойымша, қоғамдағы негізгі мәселе – адамның бір ғана қиындықпен емес, бірнеше стресс факторымен қатар бетпе-бет келуі. Адам жұмысындағы қысымды, қаржылық мәселелерді, отбасылық жауапкершілікті, бала тәрбиесін, ақпараттық жүктемені және әлеуметтік өзгерістерді бір уақытта көтеруге мәжбүр.
Біріншіден, созылмалы стресс күшейді. ДДСҰ созылмалы стресс депрессия мен мазасыздық белгілерін күшейтіп, адамның күнделікті өміріне әсер етуі мүмкін екенін атап көрсетеді. Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық қысым маңызды факторға айналып отыр. Тұрғын үй, табыс, жұмыс тұрақтылығы, несие, балалардың болашағы сияқты мәселелер адамның қауіпсіздік сезіміне тікелей әсер етеді. Психикалық денсаулық тек адамның ішкі психологиялық жағдайына емес, оның өмір сүретін әлеуметтік ортасына да байланысты.
Үшіншіден, ақпараттық және цифрлық орта адамның психологиялық кеңістігін өзгертті. Әлеуметтік желілерде адам үнемі басқа адамдардың жетістіктерімен өзін салыстырады. Жаңалықтардың үздіксіз ағымы, негативті ақпарат, әлеуметтік желідегі қысым адамның мазасыздығын арттыруы мүмкін.
Төртіншіден, адамдар арасындағы эмоционалдық байланыс әлсіреуі де маңызды. Адамдар көпшілікпен араласқанымен, шынайы эмоционалдық қолдау әрқашан жеткілікті емес. Жалғыздық, өзінің ішкі жан дүниесін түсіне алмау, отбасындағы қақтығыстар және әлеуметтік оқшаулану психологиялық тұрақтылықты төмендетуі мүмкін.
Бесіншіден, психологиялық мәселелерді ұзақ уақыт іште сақтау өте зиян. «Өзің шеш», «шыда», «жұрт не дейді?» деген түсініктер адамның маманға уақытында жүгінуіне кедергі келтіреді. Сондықтан кейбір адамдар психологқа немесе психиатрға мәселе асқынған кезде ғана барады.
Сосын бұрын байқалмай немесе жасырын қалып келген мазасыздық, депрессиялық белгілер, эмоционалдық қажу сияқты мәселелер бойынша психологтан көмек сұрай бастады.
Бүгінгі басты міндет – адамды мәселе асқынған кезде ғана емдеу емес, психологиялық тұрғыдан алдын ала қолдау көрсету. Мектептен бастап балаларға эмоцияны тану және басқару, стресс жағдайынан шығу, қарым-қатынас орнату, көмек сұрау дағдыларын үйрету қажет. Жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарында да психологиялық профилактика жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Психикалық денсаулық адамның жеке мәселесі ғана емес. Ол отбасының, білім беру жүйесінің, еңбек ортасының және жалпы қоғамның жағдайымен тығыз байланысты. Сондықтан психологиялық көмекке жүгіну қалыпты құбылыс ретінде қабылданатын мәдениет қалыптастыруымыз керек.
Емдеуден бұрын алдын алу қажет
Демек, қоғамда психикалық денсаулық саласындағы көзқарастың біртіндеп өзгеріп келе жатқаны байқалады. Бұрын бұл жайт көбіне ауру анықталғаннан кейін ғана көтерілсе, қазір алдын алу, ерте анықтау және психологиялық сауат мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігі айқын сезіледі.
2026 жылғы 2 шілдеде психологтардың кәсіби қызметін реттейтін арнайы заңның қабылдануы да осы бағыттағы өзгерістің бірі. Құжат азаматтардың психологиялық көмек алуға құқығын бекітіп, мұндай көмекті офлайн, қашықтан және аралас форматта көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл жерде заңның қабылдануынан да маңызды мәселе бар. Ол – қоғамның психологиялық көмекке деген көзқарасын өзгерту.
Маманға жүгінуді ұят санайтын адам өз мәселесін жылдар бойы іште сақтай береді. Ал ерте кезеңде шешілуі мүмкін мәселе уақыт өте келе күрделене түседі. Сондықтан психологиялық көмекті тек ауыр жағдайда ғана қажет болатын қызмет ретінде қабылдау мүлдем дұрыс емес.
Балаларға қатысты профилактиканың маңызы тіпті жоғары. Өйткені бала өзінің ішкі күйін әрдайым сөзбен жеткізе алмайды. Кейде оның мазасыздығы мінез-құлқынан, үлгерімінен немесе адамдармен қарым-қатынасынан анық байқалады.
Осы бағытта балалардың психологиялық жағдайын ерте анықтауға және сүйемелдеуге арналған бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйенің мақсаты – баланың психологиялық немесе мінез-құлық тәуекелін ертерек байқап, қажетті қолдауды уақытында ұйымдастыру.
Мектептегі психологтың қызметін де осы тұрғыдан қайта қарайтын уақыт туды. Психолог оқушыға кеңес беретін ғана емес, бала, ата-ана және педагог арасындағы байланысты қамтамасыз ететін кәсіби маман болуы керек. Баланың мәселесін анықтау үшін оның тек өзімен емес, оны қоршаған ортамен де жұмыс істеу қажет.
Жастардың да психологиялық көмекке деген сұранысы артып отыр. Елімізде 103 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Оларға жыл сайын шамамен 700 мың адам жүгінеді, оның 36,3 пайызы психолог көмегіне байланысты. Бұл көрсеткішке алаңдатарлық статистика ретінде қарауға болады. Бірақ жастардың өз мәселесін жасырмай, оны маманмен бірге шешуге талпынуы оң белгі деуге негіз бар.
Ең бастысы, психикалық саулық туралы әңгімені диагноз қойылғаннан кейін емес, оған дейін бастау керек. Бүгінгі статистика да қоғамның осы мәселеге көзқарасын қайта қарау керектігін көрсетіп отыр. Психикалық денсаулыққа көңіл бөлу – тек медицина саласының міндеті емес, қоғамдық мәдениеттің маңызды бөлігі. Адамның жан дүниесіне мән беруі әлсіздік емес, керісінше, өркениетті қоғамға тән сананың көрінісі.
Динара Мыңжасарқызы