Сараптама

Ресей-Украина соғысы: Уиткофф «пошташы» ма?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс бесінші жылға ұласқанда Вашингтон тағы да араағайындыққа ұмтылды.

Уиткофф, Путин

5 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуде Владимир Путинмен үш сағаттан астам жабық келіссөз өткізді. Келесі күні олар Киевке барып, Володимир Зеленскиймен кездесті. 

Бұл – Мәскеудің сөзін Киевке, Киевтің жауабын Вашингтонға жеткізетін кәдімгі «шаттл дипломатиясына» ұқсайды. Бірақ кездесулерден кейін тараған ақпараттар америкалықтардың қолында тек Путиннің «сәлемдемесі» емес, бұған дейінгі бейбітшілік жоспарында жаңартылған ұсыныстар да болғанын көрсетеді. Кездесуден кейін «екі ел президенті бір үстел басына отырады, қыста соғыс қарқыны бәсеңдейді» деген мәліметтер де айтылды.

Алайда екі ел басшыларының кездесуде нақты не айтқаны әзірге ашық дерекке шыққан жоқ. Тек шетелдік БАҚ беттерінде болжамдар ғана жазылды. Ең қызығы, үш күндік дипломатиялық сапардан кейін ешкім «келісімге келдік» деп те мәлімдеген жоқ. Керісінше, Мәскеу де, Киев те келіссөздің енді ғана қайта басталғанын айтты. Әзірге Вашингтон қыс түскенше соғыстың ауқымын азайтатын уақытша тетік іздеп жатыр. Болжамдарға қарағанда, Донбасс, Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдігі, Ресейге салынған санкциялар және болашақ экономикалық қатынастар сияқты өзекті мәселелер осы жабық келіссөзде айтылған көрінеді.

Уиткофф пен Путин
Фото: РИА Новости

Кремльдегі үш сағаттық кездесуде не айтылды?

Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге күтпеген жерден барған жоқ. Сапар қарсаңында Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған «нақты жаңа ұсыныс» бар екенін мәлімдеген. Бірақ оның мазмұнын ашпады. Ал АҚШ делегациясы алдымен Ресейге, содан кейін Украинаға баруының өзі Вашингтонның екі тараптың ұстанымын бір құжаттың айналасында жақындастыруға тырысқанын аңғартты.

5 қыркүйекте Путиннің қасында оның сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков пен инвестиция және экономикалық келіссөздерге араласып жүрген Кирилл Дмитриев отырды. АҚШ жағынан Уиткофф пен Кушнермен бірге Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Мемлекеттік департамент және Қаржы министрлігі өкілдері келген. Кремль келіссөзді «өте пайдалы» деп бағалады. Ушаковтың айтуынша, америкалықтар соғысты реттеудің бірнеше жолын ұсынған.

Путин кездесуде өзінің бұрынғы позициясын қайталады. «Ресей әскері майданда алға жылжып барады, Мәскеу қойған мақсаттарына жететініне сенімді және кез келген келісім соғыстың «түпкі себептерін жоюы керек», – деді. Кремль «түпкі себептер» деген сөздің ішіне бұған дейін Украинаға қатысты қойған геосаяси талаптарын – НАТО мәселесін, аумақтық дауды және Киевтің қауіпсіздік бағытын енгізіп келген. Демек, Путин америкалық делегация алдында Ресейдің соғысты тоқтатуға мәжбүр болып отырған тарап емес екенін көрсетуге тырысты. Путин «майданда өз позициямыз күшейіп жатса, келіссөз үстелінде де талапты азайтудың қажеті жоқ» деп есептейді.

Тағы бір айта кетерлігі – Кремльдің ресми мәліметінде Путин АҚШ ұсыныстарына түбегейлі «жоқ» демеген. Керісінше, Ушаков Вашингтон өкілдері ұсынған жолдар егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. Уиткофф пен Кушнердің өзі кейін Киевке барғанда «Мәскеуде жаңа идеялар естігенін» жеткізіп, жақын уақытта Ресей-Украина келіссөзінің тағы бір раунды жариялануы мүмкін деген үміт білдірді. Яғни Мәскеу кездесуі толығымен сәтсіз өтті деуге болмайды. Бірақ «жаңалық болды» деуге де себеп жоқ.

Ақ үйдің қолында қандай көзір бар?

Жоғарыда жазғанымыздай, Мәскеуде не айтылғаны әзірге белгісіз. Сондықтан «Путин Уиткофф пен Кушнерге дәл мынандай жаңа шарт қойды» деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ Кремльдің осыған дейін жариялаған ресми позициясы өзгермеген. 29 маусымда Дмитрий Песков Ресейдің бейбіт келісімге қатысты ұстанымы 2024 жылдан бері өзгермегенін мәлімдеген. Мәскеудің талабынша, Украина Ресей өзінікі деп жариялаған Донецкі, Луганскі, Запорожье және Херсон облыстарының аумағынан әскерін әкетуі және НАТО-ға кіру ниетінен ресми түрде бас тартуы керек. Украина бұл талаптарды территориялық капитуляция деп қабылдап, мойындаудан бас тартты. Оның ішінде күрмеуі табылмай жатқаны – Донбасс.

Ресей Луганскі облысын түгелге жуық, Донецкі облысының басым бөлігін бақылауда ұстап отыр. Бірақ Донецкінің бір бөлігі әлі де Киевтің қолында. Мәскеу бүкіл Донбасстың Ресей бақылауына өтуін соғыстың басты мақсаттарының бірі деп есептейді.

Бұған қоса, Путин 1 қыркүйекте, Уиткофф пен Кушнер келерден бірнеше күн бұрын Ресей әскері Донецк бағытында алға жылжып жатқанын мәлімдеді. Ол Славянск пен Краматорск бағытын да атады. Мұндай мәлімдеменің келіссөз қарсаңында жасалуы кездейсоқ емес. Себебі Кремль АҚШ өкілдеріне «уақыт біз жақта» деген белгіні аңғартқандай. Сондықтан Мәскеу кездесуінде Донбасс мәселесі жұмсарды деуге дәлел жоқ. Керісінше, Financial Times америкалық делегация Киевке барған кезде аумақтық даудың, әсіресе Донбасс мәселесінің негізгі кедергі болып қалғанын жазды. Себебі Киев өз бақылауындағы жерді Ресейге беруге келіспейді.

Кремльдегі әңгіменің Украина аумағымен ғана шектелмегенін көрсететін тағы бір себеп бар. Axios мәліметінше, Уиткофф пен Кушнермен бірге Мәскеуге АҚШ Қаржы министрлігінде санкция саясатына жауап беретін лауазымды тұлға міндетін атқарушы шенеунік Джин Лэнг барған. Ол Путиннің өзімен өткен негізгі кездесуге қатыспағанымен, Кирилл Дмитриевпен дайындық келіссөзінде болған. Axios мұны «Ресейге қарсы санкциялар мәселесі келіссөздің бір бөлігі болғанының белгісі» деп бағалайды. Кремль де Украина тақырыбымен қатар Ресей-АҚШ экономикалық қарым-қатынасы мен өзара тиімді ірі жобалар сөз болғанын растады. Бұл жерде әзірге «соғысты тоқтатсаңдар, санкцияны алып тастаймыз» деген дайын келісім бар деуге болмайды. Тіпті АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Ресей соғысты тоқтатпайынша, экономикалық жеңілдік берілмейтінін бұған дейін айтқан. Алайда санкциялық блок өкілінің делегацияға қосылуы Вашингтонның қолындағы «көзірдің» қандай екенін көрсетеді. Мәскеу үшін аумақ пен қауіпсіздік мәселесінен кейінгі ең үлкен мүдденің бірі – санкциялардың бәсеңдеуі, халықаралық қаржы мен сауда арналарының біртіндеп ашылуы. Вашингтон осы факторды келіссөзге ынталандыру құралы ретінде пайдалануы мүмкін.

Кушнер, Уиткофф және Зеленский
Фото: Valentyn Ogirenko

Киевтегі кездесудің нәтижесі қандай?

Кремльден шыққан соң Уиткофф пен Кушнер Польша арқылы Украина аумағына өткен. Бұған дейін олар Мәскеуге бірнеше рет барғанымен, Киевке келмеген еді. Сондықтан Украина мәселесінде оларға «Ресей позициясына тым жақын» деген күдік жабысқаны да жасырын емес. Қазіргі болжам бойынша бұл екеуі Путиннің сәлемін Зеленскийге жеткізушілер ғана деген сөз айтылып қалды. Зеленский 7 қыркүйекте Axios тілшісі Барак Равидке берген сұхбатында америкалық өкілдерден алған негізгі хабардың бірі «орыстар келіссөз жүргізуге дайын» деген сөз болғанын айтты. Бірақ Зеленский бұған сақтықпен қарайтынын да жасырмады. Оның ойынша, Ресейдің майдандағы әрекеті мен соңғы апталарда әуе шабуылын күшейтуі компромиске дайын елдің қадамына ұқсамайды. Осы тұрғыдан алғанда, «Путин сәлемдемесін Киевке жолдады» деуге болады. Бірақ Уиткофф пен Кушнердің миссиясын тек пошташы қызметімен теңестіру дұрыс емес. Зеленскийдің өзі олардың Мәскеу мен Киевке дипломатиялық процесті жүргізу мақсатымен келгенін және жаңа идеялар әкелгенін айтты. Демек, Вашингтонның жоспары екі бағытта жүргенге ұқсайды. Біріншісі – Путин мен Зеленскийдің қазіргі талаптарын анықтап, бір тараптың сөзін екіншісіне жеткізу. Екіншісі – америкалықтардың өз ұсынысын сол талаптарға қарай қайта құрастыру. Алайда әзірге тараптар ешқандай ортақ келісімге келген жоқ.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы: Донбасс мәселесін шешпей, соғыс бітпейді

– Бұл соғыстағы Донбасс мәселесінің шешілуі қиын. Ресей қайтсем де Донбассты аламын дейді, Украина қайтсем де бермеймін дейді. Ал енді жалпы бұл кездесулерді позитивтік деп бағалауға болады. Егер де ешқандай кездесу болмаса, онда соғыс ары қарай қызу жалғаса беретін еді. Мынадай кездесулер қайткенмен соғысты бәсеңдетеді. Киев пен Мәскеу тікелей сөйлесе алмайды. Осындай араағайын болатын үлкен күштер керек. Әрине, ең күшті араағайын – АҚШ. Оның Ресейге де, Украинаға да ықпалы бар. Алайда мына орыс-украин арасында қайшылық тым тереңдеп кетті. Менің ойымша, бүгін-ертең бұл соғыс бітпейді. Зеленскийдің қыста соғыс бәсеңдеуі мүмкін дегеніне де сенім жоқ.

Себебі Ресей Украинаның қаншама инфрақұрылымын талқандап тастады. Жаз бойы украиндықтардың оның нешеуін қайта жөндегенін құдай білсін. Киев те Ресейдің логистикалық қоймаларын өртеп жатыр. Екі елдің арасы қазір тым шиеленісіп тұр. Енді соғысты осы тұрған аумақтан тоқтатайық деген келісім болмаса, басқаша тоқтамайды.

Уиткоффтың Киевке келгеніне оң баға беруге болады. Бұрын ол тек Мәскеуге бара беретін. Соғысты тоқтататын – келісімдер. Қазіргі бұл соғыстың зияны бізге де тиіп жатыр. Мұнайдың бағасы бірде көтеріліп, бірде түсіп тұр. Қазақстанның Ресеймен мыңдаған шақырымға созылған шекарасы бар. Сондықтан бізге оның тыныштығы керек. Ресейдің тыныш болғаны, оның экономикалық жағынан өркендегені бізге өте пайдалы.

Путин, Трамп пен Зеленский
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Сең бұзылды ма?

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Украина және АҚШ-пен үшжақты келіссөзді қайта бастауды жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Бірақ қашан және қайда өтетінін айтуға әлі ерте деді. Сонымен бірге Кремль америкалық тараптың жаңа ұсыныстарының мазмұнын ашудан бас тартты. Демек, сең бұзылды, келіссөз бойынша алға жылжу бар деп есептеуге болады. Өйткені бірнеше ай бойы Ресей-Украина келіссөзі іс жүзінде тоқтап қалған еді. Енді үш тарап та «қайта сөйлесу керек» деген уәжге тоқтағандай. Бірақ келіссөз үстеліне отыру мен келісімге келу – екі бөлек нәрсе. Зеленскийдің жоспары бойынша, қыркүйек пен қазан айын келіссөз арнасын қайта ашуға пайдалану керек. Ол БҰҰ Бас ассамблеясы орналасқан Нью-Йоркті АҚШ пен Украина арасындағы келесі консультациялардың ықтимал орны ретінде атады.

Алайда Донбасс мәселесі шешілмей, келісім болмайды. Мәскеу мен Киев келіссөзіндегі ең үлкен мәселе Донбасс болып қала бермек. Путинге Донбасстың толық бақылауға өтуі соғыста жеңімпаз атануға негіз қалар еді. Төрт жылдан астам уақыт соғыс пен шығыннан кейін Кремль нәтижесіз кері шегінуді Ресей қоғамына жеңіс ретінде көрсете алмайды. Зеленский үшін де Украина бақылауындағы Донбасс аумағын келіссөз үстелінде бере салу – саяси тұрғыдан өте қауіпті. Қоғамдағы қарсылық өршиді. Бұған қоса украина қоғамы арасында «Киев бүгін жер берсе, Ресей бірнеше жылдан соң қайта шабуыл жасамайтынына кепілдік жоқ» деген күдік бар. Егер Вашингтон Донбасс бойынша қандай да бір компромисс талап етсе, Киев оның орнына ұзақ мерзімді, нақты әрі орындауға міндетті әскери кепілдік сұрайды. Алайда Ресей Украинаның дәл осылай әскери тұрғыдан күшейіп кетуіне де қарсы.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз