Абай облысында заңсыз алтын өндірген үш учаске анықталды
Абай облысында бағалы металдарды заңсыз барлау және өндірумен айналысқан үш учаске анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, белгісіз тұлғалар алтын өндіру барысында жерге елеулі залал келтіріп, топырақтың құнарлы қабатын алып тастаған.
Тексеру кезінде алтын түстес металл, кен жууға арналған жабдықтар, арнайы техника және автокөліктер тәркіленді.
«Бағалы металдарды барлау және заңсыз өндіру жұмыстары жүргізілген үш учаске анықталды. Қазіргі уақытта іске қатысы бар барлық тұлғалар, заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі және келтірілген залал мөлшері белгіленіп жатыр», – деп хабарлады агенттік.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Тергеушілер заңсыз өндіріс схемасын ұйымдастырған және оған қатысқан тұлғаларды анықтап жатыр.
Бұл еліміздегі заңсыз алтын өндіруге байланысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі соңғы жылдары заңсыз айналымнан құрамында алтын бар 12 тоннадан астам шикізат тәркіленгенін хабарлаған. Осы бағыттағы құқық бұзушылықтар үшін 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылған.
Полиция мәліметінше, бірқатар өңірде алтынды заңсыз өндіру, кенді ұрлау және оны өткізуге маманданған топтар әрекет еткен. Осындай істердің бірі Жамбыл облысындағы «Алтыналмас» компаниясына тиесілі Ақбақай кен орнында тіркелді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан құралған топ кәсіпорын аумағына заңсыз кіріп, құрамында алтын бар кенді ұрлау және тасымалдау арнасын ұйымдастыруға әрекеттенген.
Күдіктілерден қару-жарақ, ірі көлемдегі ақша, байланыс құралдары және көлік тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған іс сотта қаралып жатыр.
Сонымен қатар тергеу органдары кен байыту комбинатының күзет және қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бұл әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруде. Келтірілген шығын көлемі әлі анықталып жатыр.
Құқық қорғау органдары заңсыз алтын өндіру табиғи ресурстарды талан-таражға салумен қатар, жердің құнарлы қабатын бұзып, экологиялық залал келтіретінін атап өтті.
Айта кетейік, алтын өндіру мен барлау мәселесі соңғы уақытта өңірлерде жиі көтеріліп жүр. Соның бірі – Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Керейіт ауылы. Мұнда тұрғындар ауыл маңында жүргізіліп жатқан алтын барлау жұмыстарының салдарынан өзен суы лайланып, арнасы өзгергенін, жайылымдық жерлер қазылып, ауыл шаруашылығына зиян келгенін айтып дабыл қаққан. Сондай-ақ кәсіпкерлердің жерді қоршап алып, тұрғындардың еркін қатынауына кедергі келтіргенін мәлімдеген. Өз кезегінде аудан әкімдігі аталған аумақта кен барлауға министрлік лицензия бергенін, алайда бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өтпегенін және барлау жұмыстарының заңдылығына қатысты шешімді құзырлы мемлекеттік органдар қабылдайтынын хабарлаған. Бұл мәселені «Жас Алаш» арнайы зерттеп, көтерген болатын.