Әлеумет

Еліміздегі 82 перзентханада санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі  перзентханаларда инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 84 нысанның 82-сінде бақылау жұмыстары аяқталған. Оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.

перзентхана

Тексеру кезінде стерилизация және дезинфекциялау тәртібі, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, инфекцияларды ерте анықтау тетіктері және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы зерделенді. Сонымен бірге зертханалық зерттеулер жүргізіліп, медициналық ұйымдардағы жағдай тек құжаттар бойынша емес, медициналық көмектің іс жүзінде көрсетілуі тұрғысынан да бағаланды.

Нәтижесінде 81 санитариялық нұсқама беріліп, 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің талаптары бұзылғаны анықталды. Пациенттерге қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар бойынша кемшіліктерді жедел жоюға бағытталған шаралар қабылданды.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына берілген нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын талапқа сәйкестендіру, инфекциялық бақылау қызметтерін кадрмен қамтамасыз етуді күшейту және инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңарту міндеттелді.

«Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Министрлік тексерудің келесі кезеңін балалар ауруханаларында өткізеді. Кейін бақылау жұмыстары медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жалғасады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз