Әлеумет

АҚШ Путинге Украинадағы соғысты тоқтатудың жаңа жоспарын ұсынды – NYT

АҚШ әкімшілігі Ресейге Украина аумағы арқылы Еуропаға газ транзитін қайта жандандыруды ұсынды.

Путин

 Вашингтон бұл бастаманы Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатудың бір жолы ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы The New York Times (NYT) басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, бастаманы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер көтерген.

Жоспарға сәйкес, Вашингтон Ресей мен Еуропалық одақты байланыстыратын газ құбырларын қайта іске қосуды ұсынып отыр. Мұндай келісім жүзеге асса, Мәскеу газ экспортынан миллиардтаған доллар табыс табады, Киев транзит үшін тұрақты төлем алып отырады, ал Еуропа елдері арзанырақ энергия ресурстарына қол жеткізеді.

21 қазанда Стив Уиткофф Санкт-Петербургте Владимир Путинмен кездесті. Осы кездесуден кейін Кремль келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

"Энергетикалық ынтымақтастықты кез келген форматта қайта жандандыру біздің мүддемізге сай келеді", - деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ ұсынысына қатысты пікір білдіріп.

Сарапшылардың пікірінше, Украина соғыс қимылдарын мүмкіндігінше тез тоқтату үшін Ресей газын өз аумағы арқылы тасымалдауға келісуі ықтимал. Алайда АҚШ жоспарын жүзеге асырудағы басты кедергі – Еуропалық одақтың ұстанымы.

"Газ жоспарының" жүзеге асуына не кедергі?

Еуропа елдері Ресейдің энергия ресурстарынан толық бас тартудың нақты кестесін бекітіп қойған. Оған сәйкес, Ресейден сұйытылған табиғи газ импорттау 2026 жылдың соңында тоқтатылуы тиіс. Ал құбыр арқылы жеткізілетін ресейлік газдан 2027 жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей бас тарту жоспарланған.

Бонн университеті мен Киевтегі Еуропалық саясат институтының сарапшылары Еуропалық одақ Ресей газынсыз өмір сүруге бейімделіп үлгергенін атап өтеді. Олардың пікірінше, Мәскеуден жеткізілетін арзан энергия ресурстары әрдайым геосаяси тәуекелдермен қатар жүреді.

Бұдан бөлек, сарапшылар газ сатудан түсетін қаржылық пайда Кремльді Украинаға қатысты негізгі саяси талаптарынан бас тартуға көндіре алатынына күмән келтіреді.

Ақпаратқа сәйкес, тараптар арасындағы ресми келіссөздер қараша айында қайта басталуы мүмкін.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз